• Қаржы
  • 09 Желтоқсан, 2021

ТЕҢГЕНІ БИЫЛ ДЕВАЛЬВАЦИЯ КҮТІП ТҰР МА?

Немесе USD/KZT курсының келешегіне қатысты 
сарапшылар талдауына шолу

 

USD (АҚШ доллары) мен KZT (теңге) негізіндегі теңге бағамы жыл басынан бері 420 теңгеден 437 теңгеге түсті, яғни ұлттық валюта 3,8%-ға құнсызданды.

Әлемдік саудада сапыры­лысқан кезкелген мемлекетке жаһандық валютаны «жеңу» мүмкін емес. Ал біздің жол іздеп, теңгені еркін айналымға жібер­геніміз белгілі.

Статистикаға сүйенсек, соңғы он жылда теңгенің долларға шақ­қандағы өсімі 2,5 есе артқан. Бұл тарапта Ұлттық банк нақты болжам жасауға әзірге асықпай­ды. Десе де, экспорт пен импорт тең­дігі арқасында төл валютамыз тұрақты орнын сақтап тұр, дейді. Бірақ ішкі фактордың әсерін банк өкілдері мойындайды. Расында да, мұнай қымбаттады: ал теңге болса, неге күш ала алмай отыр?

 – Осы фактордың барлығы валю­та нарығындағы сұраныс пен ұсыныс­тың тепе-теңдігіне әсер етеді. Шетел валютасына қазіргі сұраныстың артуы мұнайдың салыстырмалы түрде жо­ғары бағасына қарамастан теңге­нің нығаюына мүмкіндік берер емес, – деп түсіндірді Ұлттық банктің басқар­ма басшысы Мұхтар Орман.

Қазір әлемдік қаржы және тауар нарығында мұнартқан сағым көте­рілгенге ұқсайды, яғни covid-тің жаңа бір нұсқасы – омикронның төңірегіндегі алашапқынға орай қаржы нарығында жағымсыз көңіл-күй басым.

Шикізат нарығы да құбылып тұр: мұнай саудасының бағамы соңғы уақытта шамамен 2%-ға өсіп, 71 АҚШ долларынан асып түсті, бірақ «ковидтің жаңа штамы пайда болыпты» деген хабар тарасымен мұнай бағасы 11%-ға түсіп кетті. Соңғы күн­дері ептеп көтеріліп келеді.

Ұлттық банк жақында теңгеге түскен ауыр салмақты біршама жеңіл­деткенін айтып отыр. Осынау монетарлы реттеуші ұйым биыл бірінші рет 64 млн USD сомасында интервенция жасады, бұл – KASE-дегі USD/KZT жұбының бүкіл саудасындағы айлық көлемінің шамамен 2%-ы.

Теңгенің келешектегі, мәселен, келесі жылдағы жағдайына келетін болсақ, бірінші кезекте мұнай баға­сына назар аударған жөн. Сауд Ара­бия­сының қаңтар айындағы мұнай бағасының өсуін, Ресейдің шикізат өндіруді арттыру циклін жалғастыруға келісім бергенін көріп отырмыз.

Бұл – жақын келешекте мұнай бағасы жоғары болып қала беруі мүмкін, ал омикронға қатысты жағ­дай соншалықты ауыр емес, ірі мұнай өндірушінің белін қайыстыра қой­майды дегенді білдіреді.

Сөйтіп,Ұлттық банк инфляция қысымы жағдайында базалық мөл­шерді 9,75% деңгейінде сақтап тұр. Тұтыну бағасы өткен айлардағыдай қатты өсетін болса, онда базалық мөлшер де өсуі мүмкін. Осыған орай банк депозиті нарығындағы теңге салымының мөлшері 9%-дан жоғары болып қала береді.

Сөйтіп, USD/KZT жұбының жыл басынан бергі 3,8%-да құнсыз­дануының тігісін жатқызбақ. Тіпті омикрон сияқты қиғаш фактор шыға келсе де, USD/KZT жұбының өсу ықтималын да жабуға қабілетті.

Ұлыбританияның The Economist журналы өзінің «биг-мака индек­сінің» бір нұсқасында «Ресей рублі – долларға қатысты бағаланбай тұрған валютаның бірі» деп жазыпты. Өйт­кені Ресей валютасының 68%-ға құнды болуға шамасы бар көрінеді. Өкінішке қарай, бұл басылымда теңге индексі туралы айтылмаған. Дегенмен теңге үшін ішкі фактор оң тұрғыда қалыптасып отыр: Ұлттық банк дерегіне қарасақ, бірінші жартыжылдықта сауда теңгерімі профицитпен қалыптасты, тауар экспорты 3,4%-ға өсті. Ал мұнай мен газ конденсатының экспорты 10,8%-ға азайды. Бұл – ішкі фак­тордың теңге курсына қысымы тө­мен­дейтінін білдіреді.

Естеріңізде болса, теңгенің девальвациясы төрт-бес жылда бір бастан өтетін еді. Соңғы девальвация 2015 жылдың тамыз айында, яғни алты жыл бұрын болды. Енді жақын арада девальвация болуы мүмкін бе? Жоқ, дейді «Альтернатива» зерттеулер орталығының директоры Андрей Чеботарев. Өйткені 2015 жылдың тамыз айында Қазақстан валютасы белгіленген бағам бойынша еркін айналымға көшті. Яғни Ұлттық банк бағытты мәжбүрлі түрде белгілеуді, кезкелген баға­мен ұстауды тоқтатты. Белгіленген курс­та, ерте ме, кеш пе, өзінің қо­рын жұмсамау үшін девальвация немесе револьвация қажет болады. Ал еркін бағам негізіндегі ұлттық валютаның бағасы биржада нақты сауда режимінде анықталып жатыр. 2015 жылғы тамыздан бастап теңге бағамы биржадағы сауда барысында осылайша айқындалады. Мұндай жағдайда девальвация теориялық тұрғыда болуы мүмкін емес, өйткені теңге қазір басқа координат жүйесінде тұр.

Енді USD/KZT курсының биылғы жағдайы мен келешегіне қатысты сарапшылар талдауын ұсынайық:

1) теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамы соңғы кездері омикрон факторына байланысты құбылған сыртқы ықпалға тәуелді;

2) теңге бағамының негізгі факторы бойынша жақын арадағы мұнай бағасы әзірге төмен болмайды;

3) омикрон-штамының экономиканы қиратып кететін қуаты байқалмайды;

4) шетел валютасына сұраныс арта бастаса, Ұлттық банк теңге бағамына «үстеме қысымды» барынша жеңілдетуге дайын;

5) теңге депозитінің табысы ұлттық валютаның АҚШ долларына жыл басынан бері жинақталған құнсыздануынан екі есе артық;

Сарапшылар депозитті ұлт­тық валютада сақтауға кеңес беріп отыр.

ТӘУЕКЕЛ БАҚАШ

1592 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы