• Экономика әліппесі
  • 15 Желтоқсан, 2021

Болашақ экономикасының іргетасы берік

Еліміздің  дербес даму жолына түсіп, өзіндік өсіп-өркендеу бағытын таңдау құқығын иеленгені тарихтың «мың өліп, мың тірілген» халқымызға жасаған сыйы десек, артық айтқандық болмас. Бұл ретте нарықтық экономика иірімдеріне бойлап, саяси-әлеуметтік соны үрдістерді игеру, жаңа қоғамдық қатынастарды қалыптастыру ондаған жылдардың үлесіне тиесілі үдерістер екенін атап өтеміз. 

Ілгері жылжыған замана тегершігі өткеннің озығын бүгінгі күн еншісіне айналдырды, әр нәрсенің қайырын күтетін қауым тозығымен қиналмай қоштасты. Өрге бет алған ұзын-сонар көш­тің ертеден салса кешке озатын тұстары да, іркіліс-бөгелістері де болатыны ақиқат. Бірақ, Уақыт сүрлеуінен өз соқпағын тапқан көштің кері кетіп, бағдарынан таймасы айқын. 
Бұл пікірдің егемен ел эко­номикасының қазіргі ахуалына тікелей қатысы бар. Әлемдік шаруашылық байланыстардың, сауда-саттықтың толыққанды мүшесі болғандықтан, еліміз ғаламдық нарық коньюнктурасына, халықаралық биржалар мен индекстер көрсеткіштерінің ауытқуларына тәуелді. Мәселен, қазіргі жағдайда мемлекеттің орнықты дамуы көбінесе мұнай-газ секторының жай-күйіне байланысты. Бүгінгі күні дүниежүзілік мұнай қорының 3 пайызына ие Қазақстан әлемдегі мұнайға бай 15 елдің қатарына кіреді. Мұнай-газды аудандар еліміздің 62 пайыз аумағына орналасқан және 80-нен астамы игеріліп отырған 172 мұнай кен орындарын қамтиды. Мұнай қорларының 90 пайыздан астамы Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ, Өзен, Жетібай, Жаңажол, Қаламқас, Кенқияқ, Қаражанбас, Құмкөл, Солтүстік Бозащы, Әлибекмола, Орталық және Шығыс Прорва, Кенбай, Королевское ірі кен орындарына шоғырланған. Кен орындары Қазақстанның 14 облысының алтауында – Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында.

Бұл ретте көмірсутектері қор­ларының шамамен алғанда 70 пайызы Қазақстанның батысында топтасқанын атап өту керек. Аумағында 930 млн тонна өнер­кәсіптік санаттағы қорлары бар 75-тен астам кен орны ашылған Атырау облысы неғұрлым барланған мұнай қорларына ие. Облыстың ең ірі кен орны – Теңіздің бастапқы алынатын қоры 781,1 млн тонна болса, 150 млн тоннаға жуығы қалған кен орындарының үлесіне тиеді. Бұл қорлардың жартысынан астамы – Королевское мен Кенбай кен орындарында. Маңғыстау облысының аумағында өндірілетін 725 млн тонна өнеркәсіптік санаттағы мұнай қоры, 5,6 млн тонна конденсаты бар 70-тен астам кен орны ашылды. Бұл кен орындарының жартысына жуығы пайдаланылуда. Ең ірі кен орындары – Өзен, Жетібай, Қаламқас, Қаражанбас. Батыс Қазақстан облысында сұйық көмірсутегі шикі­затының алынатын қоры 320 млн тоннаға жететін және алынатын газ қоры 450 млрд текше метрден астам ірі Қарашығанақ кен орны игерілуде. Қарашығанақ­пен жалғас жатқан Федоров блогында көмірсутегі шикізатының табылғаны, мұндағы мұнай және газ конденсатының қоры 200 млн тонна болатыны жарияланды. Мұнай-газға қанықтығы жағынан алғанда тағы бір болашағы зор аймақ – Ақтөбе облысы болып табылады. Мұнда 25-ке жуық кен орны ашылды. Бұл аймақтағы неғұрлым маңызды геологиялық ашылым – алынатын мұнай және конденсат қоры 170 млн тоннаға жуық болатын Жаңажол кен орындары тобы. Қызылорда мен Қарағанды облыстарының мұ­най өндіруші салаларының негізін Қазақстандағы бесінші мұнай-газды өңір – Құмкөл кен орындары тобы құрайды. Осы аймақтағы Қызылқия кен орнының солтүстік шекарасына жалғас жатқан Көлжан лицензиялық аумағында мұнайдың коммерциялық қорлары аңғарылды.

Тұтастай өндіруші сектор және атап айтқанда мұнай-газ саласы экономикамыздың тірегі болған және болып қала береді де. Бүгінгі таңда мұнай-газ секторының жай-күйі соң­ғы жылдары мұнай өндіру көлемі ұлғайғанына қарамастан, мұнай мен мұнай өнімдеріне бағаның ауытқуына байланысты көптеген түйткілдердің орын алуымен сипатталады. Бұл ел экономикасының дамуына әсер етуде. Мәселен, өткен қарашада мұнай нарығындағы жағдай өте жағымсыз болды, мұнай бағасы бір баррель үшін 84,38 АҚШ долларынан 70,57 АҚШ долларына дейін төмендеп, 16,4 пайызды құрады. Мұнай бағасы үш айлық барынша төмен көрсеткішке түсті.

Дамыған елдер бірте-бірте «жа­сыл энергетикаға» ауысып, көмірсутекті шикізат құны түптің-түбінде түсетіні белгілі болып отыр. Осыған орай сарапшылар бұған дейін экономикамызда басты рөл ойнап келген мұнай-газ секторының түбінде «басынан бағы таятынын» мәлімдеуде. Сондықтан да таяу болашақта ауыл шаруашылығы сияқты экспорттық әлеуеті жеткілікті салаларға баса назар аудару талап етіледі. Бұл ретте қазіргі ғылым мен технология жетістіктерін пайдалана отырып, бұрындары табиғат-климат жағдайларына тәуелді болып келген агрокешенді түбегейлі қайта құруға қол жеткізуге болады. Бұл үрдістің алғашқы нышандарын да байқап отырмыз. Үстіміздегі жылғы егін орағын тілге тиек етсек, биылғы ауа райының қолайсыздығына қа­рамастан, 16,4 млн тонна астық бас­тырылып, орташа өнімділік гектарына 10,3 центнерді құрады. Бастапқы салмақ­та 80,8 мың тонна қарақұмық жиналды, бұл өткен жылғы дең­гей­ден 76 пайыз артық. Сондай-ақ қара бидай жинау қорытындысы был­тырғы жылмен салыстырғанда 43 пайызға артық, дәндік жүгері 22,6 пайызға, бұршақ дақылдары 1,3 пайызға көп жиналды. Бастапқы салмақтағы тары өнімділігі өткен жылмен салыстырғанда 15 пайызға, жүгері 5 пайызға артты. Жаңа егін­нің астығы сапа бойынша да жоғары көрсеткіштерге ие. Мәселен, лицензияланған астық қабылдау кәсіпорындарына тапсырылған жұмсақ бидайдың жалпы көлемі­нің 90,5 пайызы 1-3 сыныптарға жатқызылды, 2020 жылы бұл көр­сеткіш 81,2 пайызды құраған болатын. Құрамында маңызы жоғары бидай үлесінің айтарлықтай өсуі байқалады. 3-сыныпты жұмсақ бидай көлемінде әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие жоғары сапалы HI-Pro бидайының үлесі шамамен 60 пайызды құрайды. Жалпы, өсірілген астық ішкі нарықты толық қамтамасыз ету үшін, сондай-ақ экспортқа белгілі бір көлемді жөнелту үшін жеткілікті. Сонымен қатар, 3,9 млн тонна картоп, 4,9 млн тонна көкөніс дақылдары, 2,8 млн тонна бақша дақылдары жиналды. Ал, бұлардың барлығы Еуропа нарығында жоғары сұранысқа ие, экспортқа сұранып тұрған «табиғи таза өнімдер» болып табылады.

Егемендік экономикасының болашағы ғылым мен білімде екені жайлы айтылып та, жазылып та жүр. Бұл ретте соны ізденістерге негізделетін инновацияларды оқу үдерісімен ұтымды ұштастырып келе жатқан университеттер елімізде баршылық, солардың бірегейі жыл сайын ғылыми-техникалық даму басымдықтары бойынша 500-ден астам ғылыми жобаны жүзеге асыратын қара шаңырақ – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті болып табылады. Мұнда ғылыми зерттеулерді дамыту, сондай-ақ ғылымды қажет ететін технологиялар бойынша жаңа өндірістік технологияларды игеру үшін құрылымына ғылыми-технологиялық парк, үде­рістік инновациялар және «Жасыл технологиялар» орталығы кіре­тін технологиялар мен инжиниринг кластері құрылды. Ғылыми-технологиялық парк негізінде 20-дан аса стартап компаниялар, 12 студенттік бизнес-инкубаторлар, 6 лаборатория және 6 ғылыми орталық жұмыс істейді. «Жасыл технология­лар» орталығы «жасыл энергетика» бойынша инновациялық жобаларды жүзеге асырады, жел, күн, су және геотермальді, биогазды энергетика түрлерін пайдаланып, энергия алу жолдарын зерттейді. «Өсімдік фабрикасында» инновациялық технология бойынша гидропоникада өсімдік өсіретін технологияларды қолдана отырып, гүлді-декоративті және жидек-көкөністі өсімдіктер өсіруге арналған энерготиімді жылыжай құрылған. Жылыжай кешенінің құрылуы генетикалық-селекциялық және басқа да тәсілдерді қолдана отырып, сондай-ақ шаруашылық үшін құнды өсімдіктер негізінде тұқым қорын құруға бағытталған. Бұл жаңалықтар көп ұзамай еліміздің агрокешеніне жол тартатынына сенімдіміз.

Университет ғалымдарының ғылыми жобалары Дүниежүзілік банктің және «Ғылым қорының» гранттық қаржыландыру бағдарла­малары арқылы жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда 10-нан астам инно­вациялық жобаның нәтижелері Қазақстан экономикасының нақты секторында қолданылуда. Мәселен, ғалымдар нанотехнология көмегімен энергия үнемдегіш газдық разрядты шамның жаңаша үлгісін ойлап тапты. Бүгінде университеттің эксперименттік және теориялық физика ғылыми-зерттеу институты жылына үш мың шамға дейін шығаруға қауқарлы. Сонымен қатар көпшілік жиналатын әуежай, вокзал және басқа орындардың қауіпсіздік саласына цифрлық технологияларды енгізу бойынша жұмыс жүргізілуде. Адам­ның бет-әлпетін тану ақпараттық-бағдарламалық кешені жарық аз бол­са да, объектіні бірнеше секунд ішінде 90 пайыздан жоғары дәлдікпен анықтауға көмектеседі. Пандемия кезінде ғалымдар медициналық мақсатта пайдалануға рұқсат етілген, киюге ыңғайлы және «жеке қорғаныс құралдарының қауіпсіздігі туралы» мемлекеттік стандарттың барлық талаптарына сәйкес келетін материалдардан жасалған «AlfaShield» қорғаныс дулыға-шлемдерін жасап шығарды. Өндірістік қуаты күніне 100 дана дулыға дайындауға мүмкіндік береді және 200-ден астам данасы Алматы қаласының медициналық мекемелері арасында тегін таратылды. Көріп отыр­ғанымыздай, елімізде болашақ экономикасының негізі қалана бастады, оның іргетасы берік, керегесі кең деп анық айта аламыз.

ЖЕТПІСБАЙ БЕКБОЛАТҰЛЫ

545 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы