• Қаржы
  • 15 Желтоқсан, 2021

Қаржы нарығы құбылып тұр

Жетпісбай Бекболатұлы,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры

e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Қазаққа қашан да оңай тимеген «қараша, желтоқсан мен сол бір екі ай» қазір бүкіл әлем үшін сан мен санат сыналар сәтке айналып тұр. Қараша – салық айы, бірақ соған қарамастан экспорттаушылардың қолда бар теңге өтімділігін төлемге пайдалануына байланысты ұлттық валютаны қолдау жөніндегі үміт ақталмады. Желтоқсанның алғашқы күндерінде мұнай бағасы құбылмалылығының сақталып отыруына және бір баррель үшін 65,7 доллар оқшауланған ең төменгі көрсеткішке жетуі аясында теңге ішкі және сыртқы факторлардың әсеріне орай бейрезиденттерден, халық пен заңды тұлғалардың жоғары сұранысынан қатты қысымға ұшырады. Банктік емес айырбастау пункттерінде доллардың бағамы жекелеген кезеңдерде бір доллар үшін 440 теңге белгісінен асты. Желтоқсан айының басында мұнай бағасы түзетілгеннен кейін және нарықтың осындай қарқынды ауытқу әсерінен соң жағдай тұрақтанып, теңге қазір бір доллар үшін 434,4 теңге деңгейінде саудалануда.
Қарашаның соңында коронавирустың жаңа штамының пайда болуы жаһандық құбылмалылықтың негізгі қозғаушы күші мен себебіне айналды. Айдың соңғы күндері мен желтоқсанның басы ішкі нарық үшін де күрделі кезең болды. Нақ осы қарашада тәуекел активтерінен жаһандық бас тартудың және капиталдың дамыған елдерге  әкетілуінің жаңа толқыны байқалды. Кapital.kz/finance дерек көзінің жазуынша, АҚШ-та қазанда 6,2 пайызға дейін өсуін үдеткен соңғы 30 жылдағы рекордтық инфляция тіркелген және қарашаның басында АҚШ-тың Федералды резервтер жүйесі активтерді сатып алу бағдарламасын қысқарту басталғаны туралы хабарлаған. Мұның салдарынан доллар бағамының жаһандық нығаюы және қазынашылық облигациялар кірістілігінің өсуі байқалып, бұл дамушы нарықтардың валюталары мен активтеріне теріс әсер еткен. Жалпы құбылмалылықтан бөлек Түркиядағы валюталық дағдарысты және Ресейге қатысты санкцияларды атап өтуге болады. Жоғары инфляция жағдайындағы негізгі мөлшерлеменің төмендеуі аясында түрік лирасы бір айда 40 пайызға бірден құлдырады. АҚШ билігі Украина шекарасында әскери белсенділіктің өсуіне жол бермеуі тиіс жаңа санкцияларды енгізу мүмкіндігін талқылауда, соның нәтижесінде Ресей рублі қарашада 74,15 деңгейіне дейін 4,7 пайызға әлсіреді. Қарашаның алғашқы жартысында АҚШ және басқа ірі импорттаушы елдер стратегиялық қорлардан мұнай сату мүмкіндігін қарастырған болатын. Алайда Еуропада аурудың өсуі және шектеулердің қайта басталуы, Австрияда толық әлеуметтік оқшаулау және Германияда вакцина алмағандар үшін шектеулердің күшеюі Еуропа өңірінде мұнайға сұраныстың күрт төмендеуіне себеп болды. Міне, осындай тәуекелді оқиғалар аясында теңге айтарлықтай қысымға ұшырады. Өткен айдың қорытындысы бойынша теңге бағамы 434,2-ға дейін 1,7 пайызға әлсіреді. Ұлттық валютаның теріс серпіні айдың соңғы күндері байқалды. Заңды және жеке тұлғалар тарапынан шетел валютасына сұраныс 2 есеге жуық өсті. Биржадағы сауда-саттық көлемі 29 және 30 қарашада рекордты көлемге – бір күнде шамамен 260 млн долларға жетті. Алыпсатарлық сұраныс аясында қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында 2020 жылғы қазаннан бері алғаш рет Ұлттық банк қарашаның соңғы екі күнінде жалпы көлемі 239 млн АҚШ долларына валюталық интервенциялар жүргізді. Шетел валютасына сұраныстың күрт өсуі жағдайында өткен айда теңге-доллар жұбымен жасалған биржалық сауда-саттықтың жалпы көлемі рекордтық 3,7 млрд АҚШ долларына жетті. 
   Бұл ретте қарашада трансферттерді қамтамасыз ету үшін Ұлттық қордан валюта сату 617 млн АҚШ долларын құрады. Квазимемлекеттік сектор компанияларының валюталық түсімдері 315 млн АҚШ долларына сатылды.  Қарашаның соңы мен желтоқсанның басында шетел валютасына сұраныстың күрт өсуі аясында ішкі валюта нарығы ұсыныстың шектеулі болуына байланысты өте төмен өтімділікпен сипатталды. Қарашадағы құбылмалық алтын-валюта активтеріне де әсер етіп, айдың басынан бері 309 млн АҚШ долларына төмендеді, сөйтіп, қарашаның соңында 35,5 млрд АҚШ долларын құрады. Резервтердің валюталық бөлігі жүргізілген интервенциялар, мемлекеттік борышты төлеу және үкімет шоттары бойынша басқа операциялар есебінен 575 млн АҚШ долларына төмендеді. Бұл ретте алтын портфелі мемлекеттің басымдық құқығын іске асыру шеңберінде алтынды сатып алу есебінен 267 млн АҚШ долларына ұлғайып, валюталық активтердің төмендеуін ішінара теңестірді. Ұлттық қордағы валюталық активтердің көлемі алдын ала деректер бойынша қарашаның соңында 54,9 млрд АҚШ долларын құрап, өткен айда 140 млн АҚШ долларына аздап төмендеді. Жоғарыда атап өткендей, республикалық бюджетке трансферттер бөлу үшін валюта нарығында баламасы 263 млрд теңге болатын 617 млн АҚШ доллары сомасына активтер сатылды. Қарашада трансферттің көлемі 310 млрд теңгені ғана құрады, оның бір бөлігі Ұлттық қорға түсімдер есебінен қанағаттандырылды. Мұнай секторы ұйымдарының салық төлемдерін жүзеге асыруына байланысты қарашада Ұлттық қорға валюталық түсімдердің өсуі байқалды, ол шамамен 1 млрд АҚШ долларын құрады. Ұлттық қордың инвестициялық кірісі жыл басынан бері оң нәтиже көрсетіп, 1,4 млрд АҚШ доллары немесе 2,52 пайыз болды. Жаңа штамның пайда болуы, елдің негізгі экспорттық тауар ретінде маңызды рөл атқаратын мұнай бағасының құбылмалылығы, жаһандық инфляцияның өсуі және соның салдарынан көптеген орталық банктердің монетарлық саясатты күшейтуі жақын келешекте жаһандық нарықтардағы негізгі сын-қатерлер болып табылады. Дәл осы факторлар дамушы нарықтардың валюталарына, оның ішінде теңгеге де айтарлықтай теріс әсер етуде.

1202 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы