• Қаржы
  • 15 Желтоқсан, 2021

Бүлінген банкноттарды айырбастауға бола ма?

Ұлттық валютадағы бүлінген банкноттарды айырбастауға қатысты Ұлттық Банктің банкноттар мен монеталарды сараптамадан өткізу басқармасының бастығы Асқат МҰҚАМАДИЕВ айтып берді.

– Қазақстан Ұлттық банкінің филиалдарына сараптамадан өткізу үшін әртүрлі банкноттар – тозған, күйген, жыр­тылған ақшалар түсіп жатады. Бұл банкноттардың бар­лығы фрагменттері бойынша қайта құрастырылып, қалпына келтіріледі. Жыл басынан бері Ұлттық Банк жарамдылығы күмән тудыратын банкноттар мен моне­талардың 3079-ын қабылдап, солардың арасынан 2542 банкнотты айырбастап берді. Олардың көбі жыртылған, күйген, ескіріп, жуылып кеткен.

Егер банкноттың 50 пайыздан көп бөлігі жақсы сақталған болса, оны Ұлттық Банктің фи­лиалдарына жарамдылығы жа­ғынан күмәнді банкнот ретінде сараптамаға тапсырып, шын ақша екенін тексертуге болады.

Ол үшін банкноттың қалған бөлігін ұқыптап жинап алу керек. Қандай жағдайға қарамастан, бүлінген банкнотты әмиянға, басқа да қатты нәрселерге салмаған дұрыс. Әйтпесе банкноттар одан бетер жыртылып, оның шын ақша екенін анықтау қиынға түседі. Бүлінген ақшаны жұмсақ затқа орап, үлкендеу қорапқа салып алу керек. Осыдан кейін оны сараптамадан өткізу үшін Ұлттық Банктің аумақтық филиалына өткізесіз. Тексеруге болатын, жалпы аумағы сақталған бүлінген банкноттар жаңа ақшаға айырбасталады. Оны тексеру біраз уақыт алуы мүмкін, бірақ сараптама тегін жасалады.

Егер банкнот көлемінің кемінде 70 пайызы сақталған болса және оның номиналын көр­сететін (жазбаша және сан түріндегі) сандар қатты бүлінбеген болса (егер банкноттың шын ақша екенін растауға кедергі болмаса), ескіргеніне қарамастан, ол төлемге жарамды ақшаға айырбасталады. Ондай банкноттарды екінші деңгейлі банктерге, Ұлттық Банктің филиалдарына немесе «Қазпошта» АҚ-ға барып, айырбастап алуға болады.

Айта кетейік, екінші дең­гейлі банктер  өздерінің ішкі нормативтік құжаттарына сай қызмет көрсеткені үшін комис­сиялық төлем алуға құқылы. Аумақтық филиалдардың мекен-жайы мен байланыс нөмірлері Ұлттық Банктің сайтында жа­зылған.

1439 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы