• Қаржы
  • 15 Желтоқсан, 2021

Басты бағдар – баға тұрақтылығын қамтамасыз ету, инфляцияны нысаналы дәлізде сақтау

Коронавирустың жаңа штамы жаһандық нарықтағы құбылмалылықтың басты себебі болған қарашаның соңы мен желтоқсанның басы ішкі нарық үшін де күрделі кезең болды. Осыған дейін негізгі мөлшерлемені үш рет көтеріп келген  Ұлттық Банк бұл жолы оны өзгеріссіз қалдырды. Осы ретте қаржы нарығындағы жағдай, инфляцияны жеделдететін факторлар мен  оны тежеу шаралары туралы  Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары Ақылжан БАЙМАҒАМБЕТОВКЕ бірнеше сұрақ қойған едік.

– Ақылжан Мәлікұлы,  Ұлт­тық Банк базалық мөлшер­лемені үш рет көтере келе нелік­тен сақтап қалуға шешім қабыл­дады? Не өз­герді? Жо­­ғары инфляция тәуекелі төмен­деді ме?

 – Біз, шын мәнінде, ин­фля­цияның баяулағанын көріп отырмыз. Әзірге инфляцияның орнықты құрамдас бөліктері­нің уақытша тұрақтанғанын атап өткім келеді. Сөзімді растау үшін жасалған бағалаудан мысал келтірейін. Маусымдық кезең­нен тазартылған тұтыну баға­ларының инфляция­сы биыл қа­ра­шада 5,6%-ға дейін баяулады. Дәл осындай көр­сеткіш жылдың ортасында 16%-дан асты. Бұдан әрі не болатыны, яғни инфляцияны бұдан былайғы төмендету үрдісі қалыптаса ма, жоқ па – сол маңызды. Егер бұл үрдіс емес, уақытша құбылыс болса, онда біз тиісінше әрекет етеміз.

Мұнда коронавирустың жаңа штамы мен одан туындайтын белгісіздік туралы айтпай кетуге болмайды. Көріп отырғанымыздай, кейбір елдер қазірдің өзінде локдаундар мен жолаушылар ағынын шектеу шараларын енгізіп отыр. Егер мұндай іс-әрекеттер барлық жерде орын алса, баяу экономикалық өсу, өндіріс тізбегінің одан әрі бұзылуы, тіпті проинфляциялық тәуекелдер түрінде қауіп тудырады.

Екіншіден, кейбір сарапшы­лардың пайымдауынша, «Омикрон» денсаулыққа айтарлықтай қауіп төндірмей, сценарий солай оңынан өрбитін болса, ол пандемияның біртіндеп аяқтал­ғанын білдіруі мүмкін.

Осы сияқты белгісіздік жағ­дай­­лардың бәрі қаржы нарық­тары мен сентименттерге тез әсер етеді. Әсіресе жаңа штамдардың толқын тәріздес соққысын дамушы нарықтар қатты сезінеді.

Істің осындай жағдайын ескере отырып және оқиға­лардың болашақ дамуына жаңа штамның әсерін бағалау үшін жеткілікті ақпарат болмаған соң біз күту позициясын ұстандық. Бізге тәуекелдердің жаңа теңгерімі қалай қалыптасатыны, оның сыртқы және ішкі экономика­ға қалай әсер ететіні туралы нақты түсінік қажет. Осы тұрғыда мөл­шерлеме бойынша шешім қабылдауға қолданған біздің сараланған тәсіліміз бұрынғыға қарағанда үмітімізді ақтады деп айтуға болады.

– Инфляция бойынша сіздер не күтіп едіңіздер, ақыры не болды? Әдетте, қандай сыртқы факторлар ин­фляцияны қалыптас­тырады?

– Бұл – азық-түлік өнімдері бағасының жалпы әлемдік өсуі. Әлемнің көптеген елінде инфля­цияның рекордтық деңгейі әлі де сақталып келеді. Азық-түлік бағасы өндірістік-логистикалық тізбектердің бұзылуына және қолайсыз ауа-райының салдарынан ұсыныстың төмендеуіне байланысты жоғарылайды. ФАО азық-түлік бағаларының индексі төртінші ай қатарынан өскенін көрсетті. Биылғы қарашада индекс 2011 жылғы маусымнан бастап ең жоғары деңгей – 134,4 тармақ белгісіне жетті. Осылайша, сыртқы азық-түлік бағасы бір жыл ішінде 27,3%-ға өсті.

Біздің ірі сауда әріптесіміз немесе импорт тұрғысынан негізгі сауда серіктесіміз – Ресейдегі ин­фляцияның өскенін де атап өткен жөн. Инфляция биыл қазанда 8,1%-ға дейін қарқын алып, бес жылдық ең жоғары көрсеткішке жетті. Бұл олардың нысаналы дәлізінен екі есе көп. Ресей импор­ты­ның жоғары үлесін ескерсек, әрине, ондағы жоғары инфляция ішкі бағаларға да әсер етеді. Қымбаттаған тауарлармен қатар біз инфляцияны да импорт­таймыз.

– Ал Қазақстанда инфляция­ның қозғаушы күші не?

  – Азық-түлік бағасының өсуі ел ішіндегі инфляцияға айтар­лықтай үлес қосып отыр. Біз жаңа ғана әлемде азық-түлік баға­сының жоғары екенін айттық және Қазақ­станды кез келген басқа ел сияқты әлемнің қалған бөлі­гінен оқшау қарауға болмайтынын түсінуіміз керек. Біз, әлбетте, сыртқы әлем­мен тығыз қарым-қатынаста сауда жасайтын ашық экономиканы ұстанамыз.   

Ел ішінде өндірісі ішкі сұра­нысты қанағаттандыратын кей­бір тауарлар бойынша сырт­қы баға­лармен айырмашы­лық бар, бұл инфляция­лық қысым тудырады. Оларға, негізінен, нан-тоқаш өнімдері, жарма, ұн және сүт өнім­дерінің бағасы жатады.

Ішкі нарықтағы ахуал дәнді дақылдар мен жем-шөп дақылда­ры түсімінің төмен­деуімен күрде­лене түседі. Ауыл шаруашылығы министр­лігінің деректері бойынша, 11 айда 16,4 млн тонна астық бастырылды (орташа өнімділік 10,3 ц/га болған кезде). Бұл өткен жылмен салыстырғанда 21,3%-ға аз. Сонымен қатар, жанар-жағармай мен электр қуаты бағасының жоғарылауына байланысты тамақ өнімдерін өндірушілердің шығыны өскені де байқалады. Мұның бәрі нан, ет, жұмыртқа және басқа да негізгі тамақ өнім­дері бағасының өсуіне әкелуі мүмкін.

Сонымен қатар экономика­лық белсенділік пен тұтынушы­лық сұраныстың қалпына келуі жалғасуда. Ұлттық статистика бюросының ақпараты бойынша, халықтың нақты ақшалай табысы артып келеді. Сонымен бірге, тұты­нушылық кредиттеудің өскенін көріп отырмыз. Бұл бөл­шек тауар ай­на­лымының сер­пініне оң әсер етеді.

Осы жағдайларда инфля­циялық күтулер жоғары дең­гейде сақталады. Бұл қосымша инфля­циялық қысы­мға, содан кейін тұтынудың артуына алып келеді.

– Сіз экономикадағы проин­фляциялық қысым туралы айт­қанда, бұл ішкі сұраныс толы­ғы­мен қалпына келді дегенді біл­діре ме? Олай болса, оның қа­зіргі инфляцияға қосатын үлесі қандай?

– Әрине, өнеркәсіп пен қызмет көрсету салаларында байқалып отырған өндірістің қалпына келуі, импорттың ұлғаюы, халық табысының оң серпіні, кредиттеудің жоғары қарқы­ны, карантиндік шектеу­лерді жеңілдету ішкі сұраныс серпініне оң әсер етеді.

Жыл басынан бері біз нақ­ты тұтыну шығыстарының тез өскенін байқап отырмыз. Қазіргі уақытта сұраныстың жоғары құрамдас бөлігі дағда­рыстан кейінгі қалпына келу және кейін­ге қалдырылған сұраныстың іске асырылуы бай­қалатын азық-түлікке жатпайтын сегментте байқалады. Егер бөлшек тауар ай­налымының серпініне келетін болсақ, ол жыл басынан бері белсенді түрде ұлғайып, өсу қарқыны екі таңбалы санға – 2021 жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша 10,1%-ға жетті. Бұл серпін тек кірістермен ғана емес, сонымен бірге біз атап өткен тұтынушылық кредиттеудің белсенді өсуімен де байланысты. Өз кезегінде ол биылғы қазанда 36,6%-ға өскенін көрсетті, ал жаңа тұтынушылық кредиттер беру 86,0%-ға артты.

Экономикада қызмет көрсе­ту саласының қалпына келе бастағаны байқалады. Жыл басынан бері ақылы қызметтерге жұмсала­тын шығыстар үлесі өскен. Өткен жылы олар каран­тиндік шектеулер кезінде азай­ған болатын. Соңғы дерек­терге сәйкес, биылғы 2-тоқсанда үй шаруашылықтарының қыз­мет­терге арналған номиналды шығыс­тарының үштен бірінен астам мөлшері – 36,2%-ға өскені тіркелді.

Біздің болжамдарымызға сәйкес, жыл соңына дейін және орта мерзімді перспективада үй шаруашылықтарын тұтынудың серпінді өсуі жалғасады. Осы жылдың екінші жартысында оның көлемі нақты мәнде 2019 жылғы деңгейге жетті. Осыған байланысты тұтынушылық сұраныс тарапынан ішкі баға­ларға қысым жалғасады.

– Енді болжамдарға келер бол­сақ, ең маңыздысы – инфляция мен ІЖӨ-ге қатысты не күтесіздер?

– Экономикалық белсен­ділік­тен бастайын. Бұл серпін Brent сұрыпты мұнай бағасын бір баррель үшін 70 АҚШ доллары деңгейінде болжаған өткен болжамды раунд­тың оптимис­тік сценарийіне сәйкес дамып келеді. Нарықтағы позитив пен халықаралық ұйым­дардың болжамын ескере отырып,  бұл жолы базалық сценарий бойынша мұнай бағасын бір баррель үшін 60 АҚШ долларынан 70 АҚШ долларына дейін көтердік. Осы алғышарттарды ескерсек, 2021 жылдың қорытындысы бойынша, ІЖӨ өсімі бұрынғысынша 3,7-4,0% шегінде болжанып отыр.

Өсудің негізгі көзі қал­пына келтіріліп жатқан тұтыну­шылық сұраныс болды. Ол халықтың нақты кірісі мен тұтынушылық кредиттеудің өсуімен қолдау тапты. Инвестиция белгілі бір дегейде өседі деген де болжам бар. Сырт­қы сұраныстың ұлғаюына және ОПЕК+ мәмілесінің талаптарын ескере отырып, энергия ресурстарын өндіру көлемінің аздап өсуіне байланысты экспорт ІЖӨ-нің өсуіне қосымша қолдау көрсетеді. Керісінше, ішкі тұтынушылық жә­не инвес­тициялық белсенділіктің қал­пына келуіне байланысты им­порт­тың ұлғаюы ІЖӨ-нің өсуін шектеуге қабілетті.

Енді алдағы жылы не болатынына келсек, 2022 жылы экономика 3,9-4,2%-ға өседі. Өсу пандемияның іскерлік белсен­ділікке барынша әлсіз әсерімен және ОПЕК+ шектеулерінің жеңілдеуі салдарынан энергия ресурстарын өндіру көлемінің ұлғаюымен қамтамасыз етілетін болады.

ОПЕК+ мәмілесіне сәйкес, мұнай өндіруді біртіндеп ұлғайту және келесі жылы уағда­ластық мерзімдерін кейіннен аяқтау энергия ресурстарын өндіру кө­лемін ұлғайтуға ық­пал етеді. Бұл экспортқа да, инвестициялардың барынша белсенді серпініне де оң әсер етеді. Өсу факторлары биылғы көрсеткіштермен қалады.

– Ал инфляция не болмақ?

– Осы жылдың соңына дейін инфляциялық процестер 8,5-8,7%-ға дейін баяулайды деген болжам бар. Биылғы қарашада инфляция жыл басынан бері алғаш рет баяулағанын көріп отырмыз. Үкімет пен әкімдіктер қабылда­ған инфляцияға қарсы жедел шаралар оң нәтиже берді. Осыған байланыс­ты біз жыл соңына қарай Мемлекет басшысының алға қойған мақсаты – инфляцияны 8,5% дең­гейіне дейін төмендетуге қол жеткізуге жа­қындай түске­німізді көріп отырмыз.

Азық-түлікке жатпайтын та­уарлар бағасының өсуін жеделдету тамақ өнімдеріне бағаның өсуін баяу­ла­тумен ішінара теңес­тірілетін болады.

Азық-түлік бағасының өсу қарқынының төмендеуі негізінен 2021 жылғы жоғары база есеп айырысуларынан шығуға және айлық өсу қар­­қынының өзінің тарихи мәндеріне қайта оралуына байланысты болады. Алайда, Қазақстанда және әлемде жекелеген азық-түлік тауарларына бағаның жоғары өсуі осы дезинфекциялық серпінді тежейді. Азық-түлік бағасының неғұрлым жоғары өсуіне қатысты елеулі тәуекелдер де сақталып отыр.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар арасындағы инфляциялық процестердің жеделдеуі халықтың сатып алу белсенділігінің одан әрі артуына және жеткізу тізбек­терінің бұзылуы жағдайында им­порттық бағалардың өсуін күтуге байла­нысты болады.

Сондай-ақ қысқа мерзімді перспективада ақылы қызметтер бағасының қалыпты өсуі болжанып отыр. Бұл, көбіне, тұр­ғын үй-коммуналдық реттелетін қыз­меттер нарығындағы қазіргі тариф­тердің сақталуына байланысты болды.

Тұтынушылық белсенді­лік­тің қалпына келуі, жоғары инфляциялық күтулер, сондай-ақ тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің өзіндік құнының өсуі арқылы жанар-жағармай бағасы өсімінің жанама ықпал етуі тұтыну қоржынының тауарлары мен қызметтерінің баға белгілеуіне қосымша әсер ететін болады.

Нәтижесінде, біздің баға­лауы­мыз бойынша, 2022 жылы жылдық инфляция біртіндеп баяулайды және 6-6,5% шегінде қалыптасады.

Үкімет тарапынан Инфля­ция­­ға қарсы ден қою шаралары­ның кешені тиімді іске асырыл­ған жағдайда, келесі жылы инфля­цияның баяулауы барынша сер­пінді болуы мүмкін.

– Біз мұның бәрі қалай бол­ғанда да болжам екенін түсініп отырмыз. Олардың орындалуына қандай тәуекелдер кедергі болуы мүмкін?

–  Расында да, тәуекелдер жоқ емес, бар. Біріншіден, инфля­цияның базалық сценарийден ауытқу тәуекелдері жоғары. Алдымен, бұл – әлемдік экономиканың қайта құлдырауы жағдайында мұнай бағасының күрт төмендеу тәуекелі. Мұндай жағдай 2020 жылғы көктемде болған еді. Бұл жолы COVID-19 жаңа штамдарына, оның ішінде «омикронға» шалдығушылар санының өсуіне қарай шектеу шараларын енгі­зумен байланысты болуы мүмкін.

Алдыңғы болжамды раундпен салыстырғанда, сыртқы инфляция импортының тәуекелі артты. Энергия тасымал­дау­шыларға бағаның өсуі және жеткізу тізбек­терінің үзілуі әлемде елеулі ин­фля­циялық қысымға алып келе­ді. Кейбір талдаушылар бұл про­цес­терді әлі де уақытша деп есеп­тейді, алайда олар неғұрлым ұзаққа кетіп, инфляцияның өсуіне алып келуі мүмкін.

Екіншіден, жоғары және ұзақ инфляциялық қысым салдарынан дамыған елдер тарапынан ақша-кредит жағдайларының күрт күшею тәуекелі жоғары болып қалып отыр. Бұл фактор дамушы елдерден капиталдың әкетілуіне және олардың валюталарының әлсіреуіне әкеп соғуы мүмкін. Бұл ин­фляцияның бұдан былайғы автоматты түрде жеделдеуіне, оның ішінде Қазақстанда да жеңілдеуіне алып келеді.

Үшіншіден, Қазақстанда бидай түсімінің аз болғаны және жанар-жағармай мен электр қуаты құнының көтерілуі аясында өндірістің өзіндік құны­ның ықтимал өсуіне байланысты ұсыныс факторлары тарапынан инфляцияның қарқын алу тәуекелі сақталып отыр.

Нәтижесінде, орта мерзімді перспективада азық-түлік ин­фля­ция­сының жоғары болуы және азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қызметтер бағасының аса жоғары өсуі жағдайында ин­фляциялық күтулер тұрақсыз­дығы тәуекелі сақталады.

– Әңгімеміздің соңында базалық мөлшерлемеге қайта оралсақ деймін. Қазіргі шешім ақша-кредит талаптарын күшей­тудің аяқталғанын және  Ұлттық Банктің экономикалық өсуді ынталандыру үшін проин­фля­циялық қысымға қарамастан мөл­шерлемені төмендетуге көше­тінін білдіре ме?

– Инфляциялық қысым бұ­рынғыдай жоғары болып тұр, сондықтан ақша-кредит саясатын күшейту кезеңін тоқтату туралы алдын ала айтудың өзі жеткілікті.

Мандатқа сәйкес біздің негізгі бағдарымыз – баға тұ­рақ­тылығын қамтамасыз ету, ин­фляция­ны ны­саналы дәліз­де сақтау. Себебі, тұрақты төмен инфляция – экономиканың орнықты дамуы­ның кепілі. Қазіргі жағдайда мөлшерлемені төмендете беру теріс салдарға әкелуі мүмкін екенін бұрын да бірнеше рет айтып өткенмін. Біздің бұл қадамға бармайтынымыз және оның се­бептері нарыққа түсінікті. Біздің нарықпен қарым-қатына­сымыз барынша айқын, қазіргі жағдайда сыртқы және ішкі факторларға қатысты қол­да­нылған іс-әрекет­тер орынды.

Енді факторларға тоқталсақ. Базалық мөлшерлеме жөніндегі жуырдағы шешімдерде барынша мұқият бақыланатын факторларды атап көрсетейін.

Бірінші – бұл күтілетін және нақты инфляциялық үрдістер. Үкіметпен және әкім­діктермен бірлесіп іске асы­рылып жатқан Инфляцияға қарсы ден қою ша­ра­ларының кешені әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағасы­ның жылдық өсімін бәсең­детті. Бұл – азық-түлік инфляциясы үшін өте қолайлы кезең. Бірақ, сәтті болуына қарамастан, бұл уақытша әсер ететін шұғыл шаралар болып табылады. Үкі­меттің орта мерзімді перспективада монетарлық емес инфляцияны төмендету үшін құрылымдық шешімдерді қалай іске асыратыны маңызды.

Екінші – сыртқы секторда­ғы жағдай. Қазақстан үшін негізгі шикізат, тауар мен азық-түлік нарықтарында коронавирустың жаңа штамының пайда болуы аясында белгісіздік жоғары болып тұр. Оның ауқымын және әлем елдерінің экономика­лық саясатына, Қазақстандағы эпидемио­логиялық жағдайға және іскерлік белсенділікке әсерінің ұзақтығын түсіну қажет.

Үшінші – инфляциялық күту­лердің жоғары деңгейде сақ­та­лу тәуекелдері. Оларды тұрақ­тан­дыруға ұмтылу базалық мөлшер­лемені арттырудың дәлелі болмақ.

 Ұлттық Банк сыртқы сектор­дағы және ішкі нарықтардағы жағдайды мұқият бақылап отырады. Нысаналы бағдарларға қол жеткізуде қатер туындаған жағдайда баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін барлық қажетті құралдар бар.

1876 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы