• Өндіріс өрісі
  • 15 Желтоқсан, 2021

ЖАҢА СТАНЦИЯЛАР ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Еліміздің басты мемлекеттік мерекесі – Тәуелсіздік күні қарсаңында «ҚазТрансГаз» ұлттық компаниясы Маңғыстау облысында «Бейнеу», Түркістан облысында «Жетісай» және «Шардара» жаңа газ өлшеу станцияларын іске қосты.

Жаңа «Бейнеу» газ өлшеу станциясы технологиялық нұсқаға сәйкес «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралдық газ құбырының бастауында орналасқан. Станциядағы газдың жобалық қысымы 7,4 МПа (74 кгс/см2) құрайды. Қондырғыға жеткізілетін көгілдір отын осы станцияда тазартылғаннан кейін тиісті коллектор арқылы «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралдық газ құбырына түсетін болады.

Газ өлшеу станциясы қазіргі заманғы ең озық технологиялар пайдаланыла отырып, барлық техникалық талаптарға сәйкес салынған. Станция жұмысы газды есепке алу өлшемінің дәлдігін, сондай-ақ газ тасымалдау жүйесіне кондицияға сай келмейтін газдың берілуін бақылау және алдын алу үшін газдың сапалық көрсеткіштерін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ газ құбырының өткізу қабілетінің төмендеу қаупін, гидраттардың пайда болу жағдайларын азайтады. Бұл газ құбырының қызмет ету мерзімін едәуір арттырады және оны жөндеу мен техникалық қызмет көрсету шығындарын азайтады. Өз кезегінде бұл отандық газ тасымалдау жүйесі жұмысының тиімділігіне оң әсерін тигізері сөзсіз.

«Бейнеу – Бозой – Шымкент газ құбыры» ЖШС бас дирек­торының орынбасары Мұқан Сәдуақасов елді мекендерден алыс, шалғай далада станция құрылысын жүргізу оңай болмағанын айтады. «Станцияға барлық коммуникацияларды жеткізу қажет болды. Нәтижесінде қазір бүкіл өндіріс процесі автономды түрде істейді, сыртқы электр және сумен жабдықтау көздеріне тәуелді емес. Жобаны іске асыру кезінде біз қазіргі уақыттағы ең озық технологияларды қолдандық. «ҚазТрансГаз» компаниясы жүзеге асырған Қазақстанның ұлттық игілігі болып табылатын «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралдық газ құбыры осы жерден бастау алады. Бұл магистраль бұрын жұмыс істеп тұрған барлық газ тасымалдау құбырларын бір желіге біріктірді. Еліміздің оңтүстік өңірлеріне табиғи газды кепілді түрде тұрақты жеткізуді, сондай-ақ Қытай бағытында газды экспортқа шығаруды толық қамтамасыз етуге мүмкіндік берді», – деп атап өтті Мұқан Сәдуақасов.

«Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбырының іске қосылуымен оңтүстік өңірлердегі тұрғындар газ тапшылығы дегенді ұмытты. Қазір белсенді газдандыру жүріп жатқан Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Теміртау және Жезқазған қалалары да осы газ құбырынан көгілдір отын алады.

 

СОҢҒЫ ҮЛГІДЕГІ БІРЕГЕЙ НЫСАН

 

«ҚазТрансГаз» компаниясы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Түркістан облысында «Жетісай» және «Шардара» жаңа газ өлшеу станцияларын іске қосты.

«Шардара» ГӨС «Газли-Шымкент» магистралдық газ құбырының 314-ші шақырымында орналасқан. Станцияның жобалық газ қысымы 7,5 МПа (75 кгс/см2) және өнім­ділігі сағатына 834 000 текше метр. «Шардара» газ өлшеу станциясы – газ инфрақұрылымының елді мекендерден ең шалғай орналасқан, іс жүзінде баламасы жоқ бірегей нысаны. Ол электр қуаты және сумен жабдықтау үшін сыртқы көздерге тәуелді емес, мұнда барлық өндірістік процесс дербес жүзеге асырылады.

«Ташкент – Бішкек – Алматы» – Бұқара газды ауданы» ма­гис­тралдық газ құбырының 372-ші шақырымында орналасқан «Жетісай» ГӨС-ның жобалық газ қы­­сымы 5,4 МПа (55 кгс/см2), өнім­­­ділігі сағатына 834 000 текше метр.    

Екі станция да соңғы озық үлгідегі және дәлдігі жоғары жабдықтармен жарақ­танды­рылған, бұл газ шығынын өлшеу дәлдігіне қол жеткізуге ғана емес, сонымен қатар газ құрамында құбыр металына жағымсыз әсер ететін химиялық элементтердің бар-жоғын анықтауға мүмкіндік береді.

«Интергаз Орталық Азия» АҚ техникалық директоры Серікхан Байзақов осынау соңғы үлгідегі станцияларды пайдалануға беру өзбек елінен қазақстандық магис­тралдық газ құбыры жүйесіне түсетін газды есепке алудың өлшем дәлдігін қамтамасыз ететінін атап өтті. Сондай-ақ станцияның  көрсеткіштері сапаны бақылау­ға, газ тасымалдау жүйесіне кондицияға жетпеген газдың берілуін тоқтатуға мүмкіндік береді. Яғни газ құбырының өткізу қабілеті төмендеуінің алдын алудың арқасында оның қызмет ету мерзімін барынша ұлғайтып, жөндеу жұмыстарына кететін шығындарды қысқарту мүмкін болмақ. «ҚазТрансГаз» ұлттық компаниясының басты міндеттерінің бірі отандық газ тасымалдау жүйесінің сенімділігі мен қуатын арттыру болып табылады. Осы ретте сала мамандары еліміздің тәуелсіздігін нығайту, оның энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы үлкен іске өз үлестерін қосуда», – дейді Серікхан Байзақов.

Айта кетейік, елді мекендерден шалғай орналасқан газ өлшеу станцияларының қызметкерлері үшін тұрғызылған вахталық қала­шықтарда еңбек пен тұрмысқа қажетті барлық жағдай жасалған.

БЕКЕТ КӨКЕНАЙҰЛЫ

357 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы