• Үкімет: келелі міндеттер көшінде
  • 15 Желтоқсан, 2021

Азық-түлік қауіпсіздігі – алдыңғы кезекте

Сейсенбілік Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды. Бұдан бөлек, агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық жобалардың іске асырылу барысына есеп берілді. Премьер-министр Асқар Мамин салалар жұмысындағы негізгі басымдықтарды белгіледі.

ДДҰ Еуропалық өңірінің деректері бойынша, соңғы екі аптада 54 елдің 19-ында аурудың өсуі байқалған. Әзірге шүкіршілік етсек, Қазақстанда соңғы екі аптада сырқаттанушылық 31%-ға төмендепті. Министр А. Цой ұсынған ақпаратқа сәйкес, әлемдік рейтингте 1 млн тұрғынға шаққанда 222 ел ішінде Қазақстан сырқаттанушылық бойынша 110-орында, өлім-жітім жөнінен 102-орында тұр. Республикада оң ПТР тестімен коронавирус инфекциясының 980 372 жағдайы және теріс ПТР тестімен 83 437 жағдай тіркелді, науқастардың 96%-дан астамы сауығып шықты. Ал репродуктивті сан – 0,89 және тамыз айымен салыстырғанда 1,2 есе төмендеген. Жалпы, елімізде соңғы айда ауырған адам саны 3,1 есеге, стационарлық және амбулаториялық ем алып жатқандардың саны 1,7 есеге азайды. Инфекциялық төсек­тердің қамтылуы 23%-ды, реа­ни­мациялық төсектердікі 20%-ды құрайды. Халықты КВИ-ге қарсы вакциналау жалғасып жатыр. Бірінші компонентпен 8,8 млн астам адам егілді, егілуге тиісті ересек халықты қамту 78%-ды құрады. Екінші компонентті 8,3 млн астам адам алды. Қазіргі күні Comirnaty (Pfizer) вакцинасының бірінші компонентімен 188 906 адам қамтылды, оның ішінде 150 669 жасөспірім және 38 237 жүкті және бала емізетін әйел вакциналанды. Екінші компонентпен 19 386 адам егілді. Сондай-ақ ревакцинациядан 136 мың азамат өтті. КВИ ауруы бойынша оптимистік сценарий жүзеге асып жатыр. Қазіргі уақытта коронавирус инфекциясының таралу қарқыны жөнінен өңірлердің басым бөлігі және жалпы Қазақстан жасыл аймаққа орын тепті. Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары – сары белдеуде.

Үкімет басшысы маска тағу режимін, әлеуметтік қашықтықты одан әрі сақтауды және вакциналау мен ревакцинация қарқынын күшейтуді тапсырды.

Агроөнеркәсіптік кешендегі инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы жөнінде ауыл шаруашылығы министрі Е.Қарашөкеев, экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі А.Пірімқұлов, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы А.Әріпханов және бірқатар өңірлердің басшылары баяндама жасады.

Қазақстанның агроөнеркә­сіптік саласын одан әрі дамыту мақсатында 2025 жылға дейін салаға 4,4 трлн теңге инвестиция тартуды қамтамасыз ететін 934 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Қабылданған шаралар есебінен АӨК негізгі капиталына салынған инвестициялар осы жылдың 11 айында 40,5%-ға ұлғайды, ішкі нарықты отандық азық-түлікпен толықтыру 85% болды, экспорт көлемі өткен жылдың 9 айымен салыстырғанда 14,3%-ға өсті. Ауа-райының қолайсыздығына байланысты егіннің азаюына қарамастан бұл нәтижеге қол жеткізілді. «Бәйтерек» холдингі желісімен АӨК инвестициялық жобалары бойынша биылға 63 млрд теңге, ал жалпы ауыл шаруашылығын қаржыландыруға 400 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді.

Бүгінгі таңда Қазақстанда балық шаруашылығы саласындағы бизнес үшін қолайлы жағдай­лар жасалып жатыр. Балық өсіру балық саласының дамуында­ғы өсу нүктесі болып табылады. Сондықтан өсірілген балық көлемін 2030 жылға қарай жылына 270 мың тоннаға дейін ұлғайту міндеті қойылған. Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі А.Пірімқұловтың айтуынша, ол үшін 1 мыңнан астам жаңа балық өсіру шаруашылықтары құрылады. Балық шаруашылығы саласындағы бизнес үшін заң­намалық деңгейде қолайлы жағ­дайлар жасалуда. Осы жылы агро­өнеркәсіп кешенінде балық өндіру бойынша 9 инвестициялық жоба іске асырылды. 280 жұмыс орнын құрумен және 3,2 млрд теңге жеке инвестицияларды тартумен олардың жалпы қуаты шамамен 10 мың тоннаны құрайды. Ең ірі жобалар Түркістан, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарында жүзеге асырылды. Балық өсіру жобаларымен бірге Қызылорда облысында орналасқан екі балық өңдеу жобасы іске асырылды.

Түркістан облысының әкімі Ө. Шөкеев өңірге 2021 жылдың 11 айында ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 51,4 млрд, тамақ өнімдерін өндіруге 6,6 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,5 есеге ұлғайғанын атап өтті. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты $134,5 млн құрап, 1,4 есеге артты. Ет экспорттау көрсеткіші бойынша өңір республикада 1-ші орында. Облыстың агроөнеркәсіптік кешен саласында 2021-2025 жылға дейінгі кезеңде 832 млрд теңге құрайтын 104 инвестициялық жобаны іске асыру жол картасы әзірленді. Аталған инвестициялық жобаларды іске асыру нәтижесінде 17 150 жұмыс орны құрылады және жыл сайын қосымша 352,8 млрд теңге сомасында өнім өндіруге қол жеткізілетін болады. Биылғы жылы жол картасына сәйкес, 28,9 млрд теңгеге 40 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінде 25 млрд теңгеге 37 жоба іске асырылды. Қалған 3 жоба жыл соңына дейін толықтай іске қосылады. Іске асырылған инвестициялардың ішіндегі ірі жобаларға: «Turkistan Fruit» ЖШС «400 гектарға қара өрік отырғызу» жобасы; «Tulpar May» ЖШС май өндіру зауыты; «Александровский сад» ЖШС жеміс сақтау қоймасы; «Мәлике» ШҚ 3 га өнеркәсіптік жылыжай кешені жатады.  Жалпы, өңірдің 2021-2025 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешен саласындағы инвестициялық жобалары мерзіміне сәйкес жүзеге асады.

Үкімет басшысы барлық өңірде АӨК саласындағы инвестициялық жобаларды іске асырудың оң динамикасын атап өтті. Биыл АӨК-тің жалпы сомасы 239 млрд теңгеге 266 инвестициялық жобасы, оның ішінде 36 сүт-тауар фермасы, өсімдік шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша 27 жоба, 6 ет комбинаты, 13 құс фабрикасы пайдалануға берілді. Аталған жобаларды іске асыру есебінен импортқа тәуелділік бір жылда 15%-ға қысқарды. Ішкі нарықты отандық өндірістің сүт өнімдерімен қамтамасыз ету 51,4%-дан 70%-ға дейін, шұжық өнімдерімен қамту 60,5%-дан 70%-ға дейін, құс етімен қамту 58%-дан 75%-ға дейін, алмамен толықтыру 73%-дан 80%-ға дейін ұлғайды. Қант өндірісі 31,1%-дан 60%-ға дейін өсті, ал балық өсіру көлемі жылына 4 мың тоннаға немесе 30%-ға артты. «Өндірісті кластерлік дамытуды, шағын өндірушілер мен өңдеушілерді ауыл шаруашылы­ғы кооперативтеріне біріктіруді ынталандыру арқылы өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін ұлғайту керек. Бұл жобаларды іске асыру ең алдымен еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Жалпы, 2023 жылдың соңына дейін барлық негізгі азық-түлік өнімдері бойынша импортқа тәуелділікті шектеу қажет», — деді А.Мамин.

Премьер-министр ішкі нарық қамтамасыз етілгеннен кейін өнім түрлері мен таралу географиясын кеңейту арқылы экспорт көлемін ұлғайту маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар сақтау және логистика инфрақұрылы­мын қолжетімді ету қажет, себебі тауар­дың өзіндік құнында олардың үлесі басым. Үкімет басшысы әлемдік нарықта азық-түлік тауарларына сұраныстың артқанын ескере отырып, Қазақстанның әлемдік азық-түлік хабтары­ның бірі болуына мүмкіндігі бар екенін атап өтті.  А.Мамин инвес­тициялық жобалардың, әсіресе импортқа тәуелді тауар позиция­лары бойынша іске асырылу барысын ерекше бақылауды және сүйемелдеуді қамтамасыз етуді міндеттеді. Ауыл шаруашылығы министрлігіне Ұлттық экономика, Қаржы министрліктерімен және «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп, инвестициялық жобаларды уақытылы қаржыландыруды қамтамасыз ету, әкімдіктермен бірлесіп, биыл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге субсидия төлеу бойынша мемлекеттің міндеттемелерін орындауды қамтамасыз ету тапсырылды.

Бетті дайындаған –

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

359 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы