• Қаржы
  • 15 Желтоқсан, 2021

ҚАРЖЫ РЫНОГЫНДАҒЫ ТУРБУЛЕНЦИЯДАН НЕ КҮТУГЕ БОЛАДЫ?

Инфляцияны межелі 7,5 пайыз деңгейінде  ұстап қалуға болады, дейді сарапшылар

Соңғы кезде ұлттық валютамыздың ғұмырындағы кезекті дағдарыстың, кейбіреудің болжамынша, көпшіліктің ішкенін – ірің, жегенін – желім еткен, ықтималды девальвацияның басы қылтиып  көріне бастағандай көрінді.

Кереметі сонда, бұл жолы қаржы рыногында бұрын-соңды сезіле қоймаған тағы да бір ыңғайсыз тенденция­ның байқалғанын да жасыру­ға болмайды. Ол – айырбас пункттеріндегі доллардың тап­шы­­лығы. Ұлттық экономика ми­нистрлігін бір кезде Қайрат Келім­бетов басқарған уақытта ұлттық валю­таның жарты-ақ күнде отыз пайызға дейін құнсызданғанын ұмыта қой­мағандар үшін бұл – әлбетте, алаң­датарлық жағдай. 

Дегенмен желтоқсанның басынан теңге тағы да еңсе тіктеп, бір, бір жарым пунктке нығайған. Алайда күтпеген девальвациядан зәресі ұшып қалған жұрттың көңілін ол да тыныштандыра алар емес. Себебі, мұнан соңғы екі-үш күннен соң АҚШ валютасы теңгені қайтадан тұқырта бастады. «Девальвациядан қауіптену синдромы» кезекті рет көрініс берді.

Бүгінгі доллар бағамы 436-437 теңге шамасында. Бұл да – өрекпіген көңілді тыныштандыра қоймайтын фактор.

2008 жылғы әлемдк қаржы дағ­да­рысынан кейін Ұлттық банк­тің сол кездегі төрағасы Григорий Марченконың «егер ұлттық валюта 200 теңгеге дейін құнсыздан­са, еліміздің экономикасы үмітсіз жағдайда әлсірейді» деген «болжамы» осындайда еріксіз еске оралады. Ұлттық валютамыз әлсіресе де, экономикамыз шайқалған жоқ.

Сонда қарапайым халық, банк салым­шылары соңғы кездегі қаржы рыногындағы өзгерістерден не күтуі керек? Бүгіннің ең өзекті әлеу­меттік-тұрмыстық тұрғыдағы басты алаңының бірі де – осы!

Сонымен таяудағы болашақта елдегі қаржы рыногында, соған сәйкес, халықты не күтіп тұр?

Жалпы, қаржы рыногындағы болжамдар АФК қаржы орталығында кәсіби қатысушылар әрекеті арқылы жасалатыны белгілі. Ал қарапайым халықтың білетіні – банктер мен валюта айырбастау пункттерінің көрсеткіш кестесіндегі цифрлар ғана.

Қаржы нарығын зерттеуде кәсіби қатысушылардың, банк, сақтандыру, брокерлік ұйымдар өкілдерінің, талдау жә­не қазынашылық бөлімшелері өкілдерінің пікірлері есептеледі. Оған Бренд маркалы мұнайдың, АҚШ долларының ресей рубліне байланысты бағамын, сондай-ақ теңгеге байланысты бағамын, инфляцияны, ІЖӨ-ні, Ұлттық банктің базалық ставкасын қоссақ, аталмыш шараның қаншалықты ыждаһаттылықпен жүргізілетініне көзіміз жетеді. 
Жаңа жылдың басына қарай ұлттық валюта 438,1 теңгеге, ал тұтас жыл барысында 446 теңгеге әлсірейді деп күтіліп тұр. Әлбетте, Қазақстан үшін мұнай нарқының бағамы маңызды. Желтоқсан айының басында мұнай нарқы 18,6 пайызға арзандады. Соның нәтижесінде қараша айында 82,1 болған бір баррель мұнайдың құны 75,4 долларға түсті. 
Мұндайда Қазақстан банктерінің етегіне сүрініп әбіржитіні айтпаса да, белгілі. Ұлттық банк желтоқсанның басында базалық ставканы 9,75 пайыз көлемінде сақтап қалуға шешім қабылдады. Дегенмен соның алдында ғана кейбір қаржы сарапшылары базалық ставка 10 пайызға дейін көтеріледі деп болжаған болатын. Ал соңғы деректер бойынша келер жылы бұл көрсеткіш 9,5 пайызға дейін төмендейді деп отыр. 
Бұл жерде сарапшылар елдегі инфляция деңгейін басты назарда ұстайды. Қараша айында 8,9 пайыз болған инфляция көлемі жел­тоқсанда екі пайызға төмендеді. Ол да – үміттендіретін жағдай. Соған сәйкес сарапшылар алдағы уақытта инфля­цияны межелі 7,5 пайыз дең­гейінде ұстап қалуға болады дейді. 
Біздің ойымызша, соңғы кездегі валюта бағамының турбуленциясын жеңудің мүмкіндіктері әлі де бар. Қандай жағдайда да, үмітсіз – шайтан ғана, ауызды қу шөппен сүртудің реті жоқ. Елдегі қаржылық экономикалық жағдайда, сондай-ақ баға нарқында болашақтан үміт үздірмейтін тенденциялар да байқалып отыр. 
Атап айтқанда, еліміздің үш аймағында – Нұр-Сұлтан қала­сында, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында өт­кен аптада кейбір азық-түлік түр­лерінің бағасы арзандаған. Бұл туралы премьер-министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу мәселелері жөніндегі жиында ресми түрде мәлімдеді. Бұл да болса, дәтке қуат етерлік жағдай. 
Рас, соңғы кезде ұлттық валюта­ның біршама әлсірегені өтірік емес. Дегенмен елдегі жалпы қаржы-эконо­микалық жағдайда, ішінара болса да, оң өзгерістер бар.

ӨМІРЗАҚ МҰҚАЙ

1746 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы