• Мәдениет & Спорт
  • 24 Желтоқсан, 2021

ӘЛЕМДІК ДЕҢГЕЙДЕГІ ӨНЕР МҰРАЖАЙЫ

Биыл жалпыхалықтық мереке – еліміз  Тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. Қазақстан осы жылдар аралығында тұғыры биік, экономикасы қарқынды дамыған мемлекетке айналып, алыс-жақын шетелдерге танылды. Осы ретте халқымыздың бейнелеу және қолданбалы өнерінің баға жетпес туындыларын дәріптеп жүрген мұражай жұмысын айтып өткіміз келеді. Бүгінгі біздің сұхбатымыз Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайы директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, өнертану ғылымдарының кандидаты, Суретшілер одағының және Халықаралық көркем сыншылар қауымдастығының мүшесі Светлана КӨПЖАНОВАМЕН болмақ.

– Светлана Жұмасұлтанқызы, елу жылға жуық тарихы бар, ТМД елдеріне ғана емес, шет мемлекеттерге танымал осы өнер ордасының қалыптасуы мен даму кезеңіне тоқталып өтсеңіз?

– Мұражай, өткен ғасырдың жетпі­сінші жылдарының орта шеңінде Қазақ мемлекеттік көркем­сурет галерея­сы мен Республикалық қолданбалы өнер мұражайының қоры негізінде қаланып, қазақ мәдениетінде елеулі із қалдырған украин жазушысы Тарас Шевченко атымен аталған еді. Он жылдан соң мұражайға Қазақстан Халық суретшісі Әбілхан Қастеевтің есімі берілді. Бүгінгі күні еліміздің бейнелеу өнері саласында жетекші ғылыми-зерттеу және мәдени-ағарту ісі жөніндегі ірі көркемсурет мұражайына айналып отыр. Мұнда еліміздің бейнелеу әрі қолданбалы өнері, шетелдің классикалық және жаңа дәуір өнері, көрме мен экспозиция, насихаттау әрі экскурсиялық қызмет көрсету, ақпараттандыру мен баспа ісі, қорлар, сонымен қатар қайта қалыпқа келтіру сынды жалпы 9 ғылыми орталық жұмыс істейді. Қазіргі таңда мұражай қоры өзінің көркемдік деңгейі жағынан көптеген әлемдік жинақтардан еш қалыспайды. Қорда 22 500-ден астам кескіндеме, графика, сәулет және Қазақстанның, Ресейдің, Еуропаның, Американың, Шығыс елдері халықтарының қолданбалы өнерінің баға жетпес туындылары сақталған.

– Иә, өскелең ұрпаққа өзіміз­дің бай да рухани қазынамызды дәріптеп, құндылығымызды сақтап, әлемдік аренада таныстырсақ, жал­пыхалықтық мереке – ел Тәуелсіз­дігі­нің 30 жылдығына арналған айтулы күнді қандай тартулармен қарсы алдыңыздар?

– Тәуелсіз мемлекетіміздің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында, еліміздің әр өңірінен 100-ден астам суретшінің шығармашылық жұмыстары біріктірілген «Гүлдене бер, менің Қазақстаным!» атты көрме ұйымдастырылды. Қазақстан­ның мәдениет қайраткері, белгілі график-суретші Батухан Байменнің «NOMADS» және Қазақстанның ең­бек сіңірген өнер қайраткері, көрнекті суретші Қайырбай Зәкірұлының «Минотаврлар марафоны» атты жеке көрмелері мен Әлібай Бапановтың «Аспан мен жер», «Ұлы дала тарихы және мәдениеті», Қазақстан қолөнершілерінің көрмелері, «Ұлы тауларының шыңдары» Арт-сим­позиумы өткізілді. Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша бейнелеу өнері саласында кәсіби біліктілікті арттыру үшін еліміздің қазіргі таңдағы өнерін насихаттау әрі таныстыруда мұражай «Дара» қайырымдылық қоры мен «Gala Global Group» ЖШС бірлесіп 50-ден астам өнер экспонаттарының аудиодискрипциясын дайындады. Ол көзі нашар көретін немесе мүлдем көрмейтін балаларға арналған ауызша сипаттама (аудиодискрипция) арқылы өнер туындыларын естуіне көмектесу негізіне бағытталып, онда балалар суретші Әбілхан Қастеев аталарының кескіндеме залын, қолданбалы өнер заттарын, ұлттық костюмдер мен белгілі суретшілердің туындыларын аудиодискрипция арқылы қазақ және орыс тілінде кеңінен танысты. Сондай-ақ Тәуелсіздік кезеңінен бүгінгі аралыққа дейінгі Қазақстан өнері, XVII - XX ғасырдың басындағы орыс өнері мен XVI-XIX ғасырлардағы Батыс Еуропа туындылары ұсынылды. Экспонаттар географиялық және тарихи жағынан мүмкіндігінше қамтыл­ды деп ойлаймын. Аудиоландыруды дайындаған кезде экс­понаттардың мазмұны мен сипаттамасы таңдамалы түрде өңделіп, балалар аудиториясына сай түсінікті әрі қызғылықты сөздермен дыбысталып, көрмеге қойылған заттардың ерекшелігі мен қолжетімділік жағы да қарастырыл­ды. Аудиодискрипция жобасына кәсіби дикторлардан басқа, «Дара» қайырымдылық қорының балалары, демеушілер мен серіктестер қатысты. Сонымен қатар жыл басынан бері «Қазақстанның ұлттық дәстүрлері мен мәдениеті» атты ұранмен 14 іс-шара өткізіліп, қазірге дейін жалғасын тауып жатыр. Жоғарыда атап өткенімдей, «Гүлдене бер, менің Қазақстаным!» атты заманауи суретшілер көрмесін толықтырған Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнер залында «Бау тоқу өнері», «Орнамент как национальный код», «Қазақ әйелдерінің ұлағат болған ұлттық киімдері», «Ер тұрманның түрлері», «Сырғаның сырлы тарихы», «Қазақ халқының киіз басу өнері» тақырыбында бейне- дәрістер жүргізіліп, жасөспірімдер мен балаларға «Қазақ халқының тоқыма тоқу өнері және оның технологиясы», «Казахские узорные циновки шым-ши», «Гобелен тоқу»,«Бау тоқу әдісі» және «Казахские узорные циновки шым-ши» тақырыптарында шеберлік сабақтары өткізілді.

Белгілі қазақстандық мүсінші, ҚР еңбек сіңірген өнер қайрат­кері, Қазақ КСР Мемлекеттік сый­лығының лауреаты, профессор Ескен Сергебаевтың «Тәуелсіздік – тұғырым!» атты жеке көрмесі, Жәмилә Такеннің «Мен көру үшін көзімді жұмдым», белгілі сәулеткер-суретші Берік Молжігіттің «Ұшқан ұя» атты жеке шығармашылық көрмесі, Суретшілер одағының рес­публикалық есептік көрмесі мен Қазақстан суретшілерінің соңғы екі жылда жазылған туындыларынан көрме ашылды. Барлық көрме бағдарламасына Қазақстанның жетекші өнертанушылары мен жас кураторлардың қатысуында суретшілердің шығармашылығын талқылау бойынша баспасөз турлары мен дөңгелек үстелдер өткізіл­ді. Осыдан екі ай бұрын мұражай Мәскеу қаласында өткен Н.Рерих шығармаларының көрмесі мен заманауи өнер көрмесіне, артынша Қазақстан Республикасының Қырғызстан Республикасындағы күндеріне арналған іс-шараға қатысып, көрермендер үшін «Алатау аспаны аясында» көшпелі көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толуына орай «Бақыт туралы жыр» көрмесі өткізілді. Онда мұражай қорынан 30-дан астам кескіндемелік, графикалық және мүсіндік туындылар қойылды. «Мәдениет кеңістігі және тарихи сана» тақырыбында жыл сайынғы «Қастеев оқулары-2021» мен «Әсем Әлем» өнер академиясы аясында 40 дәріс өткізілді.

– Бүгінгі күні мұражайдың ал­ғашқы іргетасын қалаған аға буын өкілдерінің қалыптастырған дәстүрі қалай сақталуда және соған сай құрмет көрсетіліп жатыр ма ?

 – Іргетасы қаланғаннан бергі қалыптасқан дәстүрлер құрметтеліп, өз тәжірибемізде қазіргі күннің заман талабына сәйкес, жаңа жетіс­тіктерді белсене пайдаланып келеміз. Бүгінгі таңда мұражай қорында 25713 экспонат сақталуда. Қызметкерлеріміз мүмкіндігі шектеу­лі жандардың мұражай экспозиция­сына қолже­тімділігін қарастырып, қайы­рым­дылық жұмыстармен айналысады. Аталған бағытта біздің мамандарымыз алғашқылардың бірі ретінде 2013 жылдан бері инклюзивті жобалар негізінде жиынтықтың көркем шығармаларынан рельефтер жасап, «Рухани шабыт» сияқты тағы да басқа жеке фестивальдер өткізеді. Біздің мұражайымыз жалпы әлемдік музей қозғалысының бір бөлшегіне айналып отыр. Бұған мұражай залдарында өткен маңызы зор «Франция інжу-маржандары» халықара­лық көрмесі, Зураб Церетели мен В.Власовтың жеке көрмелері, ислам дәстүрінен шабыт алған «Джамиль-4 сыйлығы» халықаралық заманауи өнер көрмесі (Виктория мен Альберт музейі), Дэмиен Херсттің «Жаңа дін» (Ұлыбритания), Хант Слонем­нің (АҚШ) көрмелері және тағы басқалар мысал бола алады. 2018 жылы мұра­жай Халықаралық музей альянсы мен Бейжің Ұлттық музейі құрған Жібек жолы галереясы­ның құрамына кірді. 2019 жылы Smithsonian (АҚШ, Вашинтон) ғылыми-зерттеу және білім беру институтында біздің қызметкерлерміз Қазақстан қол өнері және креативті экономика туралы Халықаралық симпозиумға қатысты.

– Мұражайдың зияткерлік құн­дылығы ретінде сақталатын қордағы қолжазбаларға тоқталсаңыз?

– Тәуелсіздік жылдары Қазақ­станның мұражай қоғамдас­тығы мен мәдениеті үшін жаңа перспектива­ларға жол ашылды. Тоқсаныншы жыл­дардан бері мұражай жинағы 5003 сақтау бірлігімен толықты. Мұражайдың негізгі ғылыми-зерттеу жұмысы, суретшілердің туындылары және құрылған уақыты, жері-елі туралы ақпараттарды жинақтап, әрі оларды өңдей отырып, қолжазба­лар, экспозициялар мен көрмелер жөнінде жолсілтемелерді шығарады. Меке­мемізде ғылыми орталықтардан бөлек кафедралар мен бөлімдер қолжазба жұмыстарымен айналысады. Осыдан он жылдай уақыт бұрын Қазақстан қолданбалы өнер кафедрасы «Қазақ­тың халық қолданбалы өнері» мен «ХІХ-ХХ ғасыр Қазақ­станның зер­герлік өнері», Қазақстан бейнелеу өнері кафедрасы «Қазақ халық эпосы. Қазақ халқының тарихы мен дәстүрі», «Қазақстан мүсіні», «Бабалар аманат еткен Тәуелсіздік», «Сергей Калмыков» каталогы, үш томдық «Қазақстан кескіндемесі» каталогы, театр және кино әртістерінің жаңа жинақ­тары, «Қазақстанның акварельдері: кеше және бүгін», «Абай – халық даналығы» көрме каталогы. «Абай бейнесі Қазақстан суретшілерінің көзімен» Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына арналған жинақтар жарық көрді. Шетел өнері бөлімі­нен «Орыс өнерінің қазыналары», «17-19 ғасырлардағы белгісіз орыс суретшілерінің портреттері», Армян суретшілерінің шығармалары, «Закавказье Республикаларының өнері», «Орта Азия өнері», «Балтық жағалауы республикаларының өнері» буклеттерін дайындады. Бұл мұражайдағы каталогтау ғылыми-зерттеу жұмысы­ның жетекші ба­ғыт­тарының бірі болса, мұражай коллекцияларының кез-келгені, оның пайда болуы мен жинақталу тарихы туралы толық түсінік береді. Мұражай қорындағы қолжазбалар мен сандық өңдеулерді, туындыларды атрибуттау жөнінде ауқымды жұмыстар атқарылып, жос­парлы түрде көрме жобаларын, әлеуметтік, инклюзивтік іс-шараларды, қайы­рымдылық көрмелерді, аукциондарды, іс-шараларды, олардың ішінде нашар көретіндер мен көрмейтіндерге арналған экспозицияны, ерекше қажеттіліктері бар жандарға арналған шеберлік сабақтарын тегін ұйымдас­ты­рады. «Жаһандық әлемдегі заманауи қазақстандық мәдениет» тұ­жырым­дамасы аясында жұмыстар белсенділікпен жүзеге асып, мұра­жай кураторлары мен ғылыми қызмет­керлері шетелге өз мәдение­тімізді таныстыруға барынша ықпал етеді. Заманауи өнер процестері туралы түсінік беретін оффлайн және онлайн форматында көрмелер мен дәріс­тер, біліктілікті арттыру курстарын жүргізеді.

Сонымен, ақпарат айдынында Әбілхан Қастеев атындағы Мем­лекеттік өнер мұражайы жалпы Қа­зақстан бейнелеу өнерінің қызметін белсенді түрде насихаттап, жыл сайын шетелдік, республикалық басылымдарда мәдени порталдарда, ақпараттық агенттіктерде 2000-нан астам мақала жариялаған. Оған қоса халықаралық сипаттағы телеарналар мен аналити­калық теле­бағдарламаларда мұражай қабыр­ғасындағы іс-шаралар мен жобалар жайында бейнебаяндарды көрер­мендерге ұсынып отырады.

Сұхбатты жүргізген –

Гүлмира мералина

1311 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы