• Қаржы
  • 24 Желтоқсан, 2021

Келер жылдан не күтеміз?

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

Әлем экономикасы қазір «соқтықпалы, соқпақсыз» кезеңге аяқ басты. Бұрындары «қалтадағы пұл базардағы нарықтың» ыңғайына жығылғанымен, бүйірі тоқ ел бюджеті жөпшеңді дағдарысқа дес бере қоймайтын. Ал, бүгіндері жекелеген мемлекетті былай қойғанда, Еуразия сынды тұтас бір құрлықтың өзі бірде бәсеңдеп, бірде өршіп отырған індеттің ауанын бағуға көшкен. Ашығын айтсақ, жаһандық пандемиядан кейінгі қалпына келу жағдайында проинфляциялық қысым сақталып, алпауыт саналатын Германия, Франция, Италия экономикаларындағы инфляция көрсеткіштері таргеттелетін деңгейден асып түсті.

Мәселен, монетарлық саясаттың күшеюі аясында доллардың жаһандық нығаюы салдарынан дамыған елдердің облигациялар қоржыны төмендеп, қарашадағы кірістілігі 0,64 пайыз болды. Сондай-ақ АҚШ доллары дамушы елдердің қаржы жүйесіне, соның ішінде Қазақстан валютасына да жағымсыз әсер етіп отыр. Қаржы нарықтарындағы құбылмалылық жағдайында Ұлттық қордың инвестициялық кірісі қарашада төмендеп, акциялар қоржыны 2,11 пайызға кеміді. Сыртқы нарықтарда орын алған тәуекелді оқиғалар аясында теңге айтарлықтай қысымға ұшырады. Өткен айдың қорытындысы бойынша теңге бағамы 434,2-ға дейін 1,7 пайызға әлсіреді. Жыл соңында барлық деңгейдегі бюджеттердің игерілуі, қабылдау-өткізу актілеріне қол қою, соған сәйкес халықтың қажеттіліктері шеңберінде қарашаның соңы мен желтоқсанның басында орын алған шетел валютасына сұраныстың ұлғаюы сияқты ішкі факторлардың да теңге бағамына ықпалын жоққа шығара алмаймыз. Шетел валютасына айтарлықтай сұраныс бейрезидент инвесторлар тарапынан да туындады. Дамушы нарықтардан валютаның жаһандық әкетілуі аясында бейрезиденттер теңгеден шетел валютасына ауыса бастады. Сұраныстың артуы банкаралық нарықта баға белгілеуге әсер етіп, мұндағы сатып алу бағамы бір доллар үшін 441 теңгеге дейін жетті. Шетел валютасына сұраныстың оның ұсынысынан айтарлықтай асып түсуі аясында валюта нарығындағы жағдайды тұрақтандыру мақсатында бас банк желтоқсан басында 64,6 млн АҚШ доллары көлемінде интервенция жүргізді. Бұл айырбас бағамын тұрақсыздандыратын ауытқуларды болдырмауға мүмкіндік берді. Бейрезиденттердің қосымша сұранысы толық көлемде қанағаттандырылды. Нарықтағы жағдай әлі құбылмалы. Жыл аяғына таман төлемдерін тәмамдай бастайтын компаниялар тарапынан шетел валютасына сұраныс сақталмақ.

Қарашаның соңында табылған коронавирустың «Омикрон» штамы бүгінде 90-нан астам елге таралды, жағымсыз сценарий жағдайында бұл әлемдік экономи­каның қалпына келуін баяулатуы мүмкін. Сарапшылар алдыңғы штамдарға қарағанда бұл вирустың аса жұқпалы әрі қолда бар вакциналарға төзімді екендігін атап өтуде. «Жұт жеті ағайынды» дегендей, мұнай бағасының құбылмалылығы, жаһандық инфляцияның өсуі және соның салдарынан көптеген орталық банктердің монетарлық саясатты күшейтуі жақын келешекте жаһандық нарықтардағы негізгі сын-қатерлер болып табылады. Жекелеген елдердегі локдаундар мен мұнай өнімдеріне сұраныстың төмендеу тәуекелі «қара алтын» бағасына айтарлықтай қысым көрсетті. 30-қарашада мұнайдың бір баррелі 69 доллардан төмендеді. Желтоқсан басында болған ОПЕК+ отырысында ұйым елдері қаңтардағы өндірісті тәулігіне 400 мың баррельге арттыру жөніндегі бұрынғы ұйғарымын растады. Міне, осындай жағдайда АҚШ және басқа да ірі импорттаушы елдер өндірісті жоспардан тыс ұлғайтып, стратегиялық қорлардан мұнай сату мүмкіндігін қарастырды. Алайда, Еуропада аурудың өсуі және шектеулердің қайта басталуы, Австрияда толық әлеуметтік оқшаулау және Германияда вакцина алмағандар үшін шектеулердің күшеюі Еуропада сұраныстың айтарлықтай кемуіне түрткі болды. Бұған нарық күрт төмендеумен жауап қатып, мұнай бағасы бір баррель үшін 65,7 доллар белгісіне дейін сырғыды. Сөйтіп, «Омикрон» мұнай бағасы құлдырауының басты себебі болды. Баға белгілеу бір күнде, яғни 26 қарашада 81,65-тен 73,58-ге дейін төмендеп, 10 пайызға жуықтады. Соның салдарынан қарашаның қорытындысы бойынша дамушы елдер валюталарының индексі 4,4 пайызға құлдырады. Бұл орайда теңге де мұнай экспорттаушы елдердің басқа валюталары сияқты әлсіреді. Корона­вирус­тың жаңа штамы ішкі валюта нарығындағы ахуал­ды күрт нашарлатқан негізгі қозғаушы күшке айналды.                                                                      

Ұлттық валютаның теріс серпіні қарашаның соңғы күндері байқалды. Теңге серпіні Қазақстанның негізгі сауда серіктестері саналатын елдердің валюта бағамдарының қозғалысына да тәуелді болып отыр. Біздің импортымыздағы Ресей тауарларының үлесі осы жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша 41 пайызды құрайтынын ескерсек, серіктес ел валютасы ретінде рубльдің әлсіреуі немесе нығаюы теңгенің айырбас бағамына әсер етпей қоймайды. Сонымен қатар айырбас бағамы қазіргі таңда бірқатар ішкі және сыртқы факторлардың ықпалымен қалыптасып отыр, бұл ретте мұнай бағасы елдің негізгі экспорттық тауары ретінде маңызды рөл атқаруда. Осы сәрсенбіде Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 73,52 долларды құрады, долларға шаққандағы бағам 437,65 теңге болды. Бұйырса, бір аптадан кейін 2022 жылға аяқ басамыз. Келер жылдан не күтеміз? Жаңа жылдағы мұнай бағасы жайлы дөп басып, жорамал айту қиын. Ал, ғаламдық геосаясатқа бел шешіп кіріскен Ресей құдайы көршісіне қоқан-лоққы жасаудан белсенді әскери іс-әрекетке көшетін болса, теңгенің бағамы бір күннің ішінде бірнеше тармаққа өзгеріп шыға келетінін сарапшылар жоққа шығарып отырған жоқ. Сондықтан да етек-жеңді қымтап, ұзын арқау, кең тұсауға салмай, жаз жабдығын қыста қамдауға көшкеніміз, мемлекет тарапынан да, ағайын тарапынан да жөнсіз шығындар мен ысырапты азайтып, «қара қазан, сары бала» қамын ойлағанымыз абзал.

1762 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы