• Энергетика
  • 24 Желтоқсан, 2021

КӨЗІН ЖАРАТСА – ҚУАТ САРҚЫЛМАЙДЫ

Мемлекет басшысы өткен жылғы желтоқсанда БҰҰ-ның климаттық амбициялар жөніндегі саммитінде мәлімдеген 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу мақсатына барар жолда Қазақстан парниктік газдар шығарындыларын азайту бойынша бірқатар шараларды жүзеге асыруда.

Маңызды қадам – өнеркәсіптік кәсіпорындардың қоршаған ортаны ластағаны үшін жауапкершілігін арттыратын және парниктік газдар мен қоршаған ортаға тараған басқа да шығарындыларға квоталар құнын арттыру арқылы көміртекті реттеу­ді күшейтетін өзгерістер енгізіл­ген жаңа Экологиялық кодекстің қабылдануы. Сонымен қатар Париж климаттық келісімі бойынша қабылданған міндеттемелерді орындау үшін Қазақстан 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 15%-ға қысқартуды көздеп отырғаны белгілі.

Жасыл жобаларға инвестиция салу еліміздің өңірдегі климаттық жағдайды жақсарту жөніндегі стра­тегиялық мақсаттарына қол жеткізуіне тікелей әсер етеді, оған қоса халық­аралық қаржы институттары­­ның бейілділігін арттырып, шетел­дік инвестициялардың келуіне ықпал етеді. Өзінің инвестициялық қызметінде «Бәйтерек» ұлттық бас­қарушы холдингінің еншілес ұйымы «Қазына капитал менеджмент» АҚ жауапты инвестициялау қағи­даттарын ұстанып, жасыл жобалар қоржынын кеңейтіп келеді. Компания қолдауымен қолға алынған жобалар оң нәтиже беруде. Қазірде ҚКМ жалпы сомасы 12,4 млрд теңгені құрайтын жасыл энергетика саласындағы 4 жобаны қолдады.

ҚКМ жасыл энергетика сал­а­сындағы табысты инфрақұ­рылым­дық жобалардың бірі – «CATEK Green Energy» ЖШС іске асырған жел энергиясын түрлендіруге арналған қуаты 100 МВт Астана ЭКСПО-2017 жел электр станциясының құрылысына қолдау жасады. Жобаны жүзеге асыру 10 мыңнан астам отбасының жыл сайынғы таза энергияны тұтынуын қамтамасыз етті. Жел электр станциясы жылына 79 000 мың тоннадан астам стандартты отынды үнемдейді, парниктік газдар шығарындыларын жылына 230 000 тоннаға азайтады, бұл 113 000 автокөлік шығарын­дыларының көлеміне тең. Нысанның құрылысы кезеңінде 300-ден астам жұмыс орны ашылып, 20-дан астам маман жел электр станциясын пайдалану бойынша оқытылды. ЖЭС екі іске қосу кешенімен жүзеге асырылды: қуаттылығы 50 МВт бірінші кешені 2019 жылы, ал осыған ұқсас қуаттылықтағы екінші кешен өткен жылы іске қосылды. Қазына капитал менеджмент басқаруындағы қорлар үлестік және мезониндік қаржы­ландыру арқылы Ақмола облы­сындағы қуаттылығы 50 МВт жел электр станциясының бірінші іске қосу кешенін салу жобасын іске асыру үшін 2018 жылы 3,6 млрд теңге сомасында инвестицияны қамтамасыз етті. Бір жылдан соң  «CATEK Green Energy» ЖШС қатысу үлесін ұлғайту есебінен Ақмола облысында қуаты 50 МВт жел электр станциясының екінші іске қосу кешенін салу жобасын іске асыруды қаржыландыру көлемі 1,115 млрд теңгені құрады. Жел электр станциясында Ақмола облысының климаттық жағдайларына бейімделген жел энергиясын түрлендіру бойынша жаңа әзірлемелер мен технологиялар кешені қолданылады. Жел энергетикасы бойынша әлемдік көшбасшы VESTAS компаниясы шығарған 29 жел қондырғысы орнатылды.

Осылайша, жасыл энергияға инвес­тиция салу арқылы ҚKM климаттың өзгеруінің салдарымен күресуге үлес қосуда. Әлемдік тә­жіри­беде жауапты инвестициялау принциптері сенімді инвестицияға және қаржы жүйесінің ұзақ мерзімді саулығына ұмтылуда өзін жол сіл­теуші ретінде дәлелдеген. Осы ретте лайықты тәжірибені дамыта отырып, ҚКМ инвестициялық қызметтің барлық кезеңдерінде ESG стандарттарын біріктірумен экономиканың ресурстық емес секторларындағы кәсіпорындарға қолдау көрсетуді жалғастыруға ниет­теніп отыр.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

1106 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы