• Аймақ тынысы
  • 24 Желтоқсан, 2021

Көптен күткен шыны зауыты іске қосылды

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесінде Cыр еліндегі ауқымды жобалардың бірі – шыны зауытының балқыту пеші жағылды. Мерейлі шараға Қызылорда облысына арнайы барған Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев пен облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қатысып, ел игілігіне бағытталған кәсіпорынның жұмысына сәттілік тіледі.

Қазақстан экономикасында жаңа саланың жолын ашатын жоба 2015-2019 жылдарға арналған республикалық индустрияландыру картасына енгізілген болатын. Сырдария ауданының жұртшылығы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал ететін кәсіпорыннан зор үміт күткенді.

Көптің тілегі орындалып, бұған дейін проблемалы болып келген зауыттың пайдалану алдындағы бақылау кезеңі бас­талды. Негізінен, технологиялық талаптарға сай жоғары сапалы өнім алу үшін пешті алдын-ала 3 ай бойы қыздыру қажет. Бұл жұмыстар бірнеше кезеңде жүргізіледі. Яғни, келер жылдың қаңтар айынан бастап пешті қыздырудың және шыны балқытудың негізгі кезеңі жүргізіледі. Сөйтіп, ақпаннан наурызға дейін пеш өзінің жұмыс режиміне шығып, жұмыс температурасы 1600°С-қа жетеді. «Orda Glass Ltd» ЖШС мамандарының болжамы бойынша бірінші шыныны 2022 жылдың сәуір айында өндіру жоспарлануда. Аталған серіктестік қытайлық компания­мен 2017 жылдың тамызында келісім жасасты. Алдыңғы мердігер «Шымкентхиммонтаж» ЖШС өз міндеттемелерін тиісінше орындамағаны және сапасыз орындалған жұмысы үшін шеттетілген болатын. Осылайша, қазіргі сәтте құрылысты қытайлық «King Charm Development Limited» компаниясы аяқтап жатыр. Зауыт құрылысын аяқтау мерзімі жыл сайын қатысушылардың жобадан шығуы, коронавирустық пандемияға байланысты, мердігер мерзімдерді өткізіп алғаны, ақау­ларды түзетуі және басқа да бір­қатар себептерге байланысты кейінге шегерілді. COVID-19 пандемиясына байланысты енгізілген шектеу шараларына қарамастан, мемлекеттік комиссия құрылысты аяқтау үшін Қытайдан жоғары білікті мамандарға елге кіруге рұқсат берді. Бірегей жобаның құны 43,7 миллиард теңгені құ­райды, оның 33,6 миллиарды «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы – «Қазақстанның даму банкі» АҚ-тың қарыз қаражаты. Кәсіпорын жылына 197,1 мың тонна, тәулігіне 600 тонна өнім шығара алады. Бұл арқылы сырттан алатын өнімге деген тәуелділік азаяды. Зауытта әлемнің жетекші елдері – АҚШ, Италия, Бельгия, Финляндия және Қытайда шығарылған заманауи үлгідегі технологиялар қолданылады. 
Бүгінде шыны күнделікті өмірдің көптеген салаларында кең қолданылып келе жатқан материал. Тұрмыстық әйнек тұрғын үй және коммерциялық жылжымайтын мүлік, автомобиль, жиһаз және интерьер заттарын салуда­ғы қызметтер мен тауарлардың құнын айтарлықтай төмендете­ді. Әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінің (көлік, спорт) құрылысы да белсенді дамуда. Кәсіпорында табақ шыны, энергия үнемдейтін шыны, айна, ламинатталған шыны, күйдірілген шыны өнім түрлері өндіріледі деп күтілуде. Зауыт айналасында шыныдан бұйымдар шығаратын ілеспе өндірістер құрылады. Қазірдің өзінде инвесторлар тарапынан екі жобаның жобалау жұмыстары басталған. Бұл композиттік материалдар мен айна өндірісі. 
– Тәуелсіздігіміздің 30 жыл­дық мерейтойы қарсаңында жаңа технологияларды пайдаланып, бәсекеге қабілетті өнім шығаратын, еліміздің және өңір экономикасын дамытуға тың серпін беретін жоба – шыны өңдеу зауытын іске қостық. Шыны өндіру барысында 90% жергілікті шикізат пайдаланылады. Шыны бағасының 80%-ын құрайтын негізгі компонент – кальцийленген сода. Сондықтан осы зауыт Аралда салынатын сода зауытының негізгі тұтынушысы болмақ. Нысан толық қуаттылыққа шыққанда 226 жаңа жұмыс орны, қосалқы өндірістерде 300-ге жуық тұрақты жұмыс орны құрылады, бірінші кезекте жергілікті мамандарға басымдық беріледі, – деді аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

1103 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы