• Аймақ тынысы
  • 24 Желтоқсан, 2021

Өндірісті өңір табиғи газға қосылды

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында «Сарыарқа» магистралдық газ құбыры арқылы көптен күткен көгілдір отын өндірісті Қарағанды өңіріне жетті. «ҚазТрансГаз» АҚ ұлттық компаниясы Қарағанды мен Теміртау қалаларының алғашқы тұтынушыларын табиғи газбен жабдықтау желісіне қосты.

Алдыңғы жылы басталған қала­лық газ инфрақұрылымының құрылысы Қазақстан, Ипподром, Бадин көшелері мен Бұқар жырау даңғылындағы үйлерді қамтыды. Магистралдық құбыр арқылы кен­шілер шаһарына жеткен көгілдір отын желісінің алғашқы кезегін іске қосу рәсіміне арналған салтанатты шарада Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек қаланы жылумен қамтамасыз етумен қатар, табиғи газ экологиялық  жағдайдың жақсаруына және экономикалық өсімнің артуына көмектесетінін атап өтті. «Газ құбырының бірінші кезегі мен алғашқы көгілдір отын босату кешені іске қосылды. Нәтижесінде қаламыздағы 1584 үйдің тұрғыны күнделікті тұрмыста ең қолайлы табиғи отынды пайдалануға мүмкіндік алды. Бүгінгі таңда құрылыс аяқталып, құжаттарға қол қойылды және нысан «ҚазТрансГазАймақ» АҚ сенімгерлік басқаруына берілді», – деді облыс басшысы.

Өңір басшысы алдымыздағы жылы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясын табиғи газға көшіру жоспарланып отырғанын айтты. Бұл 2025 жылға қарай зиянды шығарындыларды 30 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді.

Екінші іске қосу кешені кеншілер қаласының Михайловка ауданында жоспарланған 2377 үйдің 1209-ын газдандыруға мүмкіндік берді. Үшінші кешен барысында тағы 2057 үй газ желісіне қосылады. Көгілдір отын желісінің әрбір үйге жетуіне жол ашатын бұл жобаларды іске асыру табалдырықтан аттауына бір аптадай ғана уақыт қалған жаңа жылда жалғасатын болады.

Келесі жылы екінші кезектегі газ құбырын іске қосу, соның нәтижесінде Новоузенка ауылында, Медсанбөлім және темір-бетон бұйымдары зауыты аудандарында 2231 үйге көгілдір отын желісін тарту жоспарланып отыр. Сонымен қатар алдағы уақытта ескі аэропорт, Федоровка, Күнгей шағын аудандарында тағы үш кешен салу және 8690 үйді газдандыру көзделген. Бұл жобаларды іске асыру 2022-2023 жылдарға белгіленген.

Жергілікті атқарушы органдар қалаішілік газ тарату желілері құрылысын мемлекеттік бюджет есебінен жүзеге асырды. Қазіргі уақытта Қарағанды қаласы бойынша 64 шақырымнан астам газ құбыры са­лынды. Яғни биылғы жылдың жос­пары толығымен орындалды. Жалпы облыс бойынша жоспарланған 1530 шақырым газ құбырының 129 шақырымы салынды.

«Сарыарқа» магистралдық газ құбырының кеншілер қаласына жетуіне арналған салтанатты шарада сөз алған «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қарағанды өндірістік филиалының директоры Талғат Қызылбаев индустриялды өңір үшін бұл өте маңызды оқиға екенін атап өтті. «Газдандыру елді мекендердің дамуына қашанда оң әсер етеді, өндірістік және әлеуметтік саланың одан әрі өркендеуіне жол ашады. Газдың келуімен тұрғын үй құрылысы соны серпін алады, маңызды инфрақұрылымдық жобалар, жол құрылысы қаржыландырылады, шағын және орта бизнес кәсіп­орындары қолдауға ие болады деп үміттенеміз. Бүгінгі таңда газ – ең ыңғайлы отын түрлерінің бірі. Бірақ оны пайдалану барысында қауіпсіздік туралы бір секунд та ұмытуға болмайды. Сондықтан күнделікті тұр­мыста газды пайдаланудың барлық ережелерін сақтау қажет, сонда сіздің үйіңіз әрдайым жылы да жайлы болады» – деді Талғат Қызылбаев.

Айта кетейік, 2019 жылдың қараша айында құрылған «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қарағанды өндірістік филиалының басты міндеті – көгілдір отынды газ тарату жүйелері арқылы тасымалдау және облыс тұтынушыларын газбен жабдықтау. Тұтынушыларға ыңғайлы болу үшін үш орталықта – Қарағанды (Ермеков к-сі, 104/1), Жезқазған (Сәтпаев к-сі, 10/1) және Теміртау (Менделеев к-сі, 11) қалаларында компанияның филиалдары жұмыс істейді.

Газбен жабдықтау саласында тұтынушылармен жұмыс халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы тәрізді «бір терезе» қағидаты бойынша құрылған. Атап айтқанда, жеке және заңды тұлғалар үшін жеке электрондық кезек бар, мұнда газбен жабдықтау желісіне қосылуға өтініш беруге, кеңес алуға және әрбір тұтынушының өзі үшін маңызды мәселелерді сұрап-білуіне, сондай-ақ газ желісіне қосу немесе одан ажырату үшін қажетті құжаттар мен техникалық шарттарды алуға болады.

БЕКЕТ КӨКЕНАЙҰЛЫ

912 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы