• Бизнес & Қоғам
  • 24 Желтоқсан, 2021

ҚҰМАР ОЙЫН БИЗНЕСІ ҚАНША САЛЫҚ ТӨЛЕЙДІ?

Немесе интернет-казино қызметіне  тыйым салынса да, заң бұзушылық тоқтар емес 

Құмар ойыннан (казино, ойын автоматтары, букмекерлік кеңселер және т.с.с.) мемлекеттік бюджетке түсетін пайда бар ма, әлде байларды айтпағанда, құмарпаздыққа шалдығып, соңғы тиын-тебенін ойынға салатындар қоғам үшін әлеуметтік-тұрмыстық мазмұндағы проблемаға айналып отыр ма?

Мемлекеттік бюджет тақы­рыбының қашанда сырға толы екені белгілі. Бұл орайдағы нақты бюджет түсімін білу де оңай емес. Бірақ одан мемле­­кет қоржынына мол қаржы түсе­тіні және түсіп жатқаны құпия емес. Әлбетте, ойынханалардың мемлекеттік салық түрінде Бурабай мен Қапшағай өңіріне алдымен төлейтін жергілікті салығы тағы бар.

Соңғы деректер бойынша Қазақ­стандағы ойынхана иелері мен букмекерлерден биылғы тоғыз айдағы түскен қаржы 53,7 миллиард теңгеден асады. Ал бұл өткен жылдың тоғыз айлық көрсеткішінен екі есе көп. Құмар ойындарды ұйымдастыру жөніндегі қызмет көлемінен түсетін қаржының 68 пайызы жекеменшіктің шетел­дік компанияларға қатысты. Демек, қазақстандықтардан гөрі шетелдіктердің бұл орайдағы тәжірибесі де, табысы да мол деген сөз.

Жалпы, құмар ойындарға қарата айтқанда, «қарғаның қара сирағын қаржы көзіне айналдырып отырған» елдер де баршылық. Мәселен то­қымдай ғана Мальта елін алайық. Бұл елде 2017 жылғы дерек бойынша 287 ойын компаниясы бар көрінеді. Ал биыл оған тағы да 28-і қосылған. Мальталық ойынханалардың бір жылғы табысының өзі ғана 1,1 миллиард еуроны құрайды. Жалпы алғанда бұл елдегі құмар ойындар саласынан түсетін байлық бүкіл экономикасының 11 пайызын құрайды екен.

Қаржы көзін табуда алдына жан салмай тұрған Сингапур мемлекеті де ойынханалардан түсетін табысқа қатты көңіл бөледі. Бір ғана 2017-2018 жылдардағы бұл елдің құмар ойындардан түсетін салығы 2 миллиард АҚШ долларына жуықтапты.

Әлемдік қаржы орталықтары­ның біріне айналып отырған АҚШ-тағы Лас-Вегастың табысы туралы айтудың өзі артық. Бір ғана 2014-2017 жылдар аралығындағы Лас-Вегастың федералды және аймақ­тық бюджетке жыл сайын түсіретін салық мөлшері 10 мил­лиард дол­лар шамасында. Демек, бұл орайда Қазақстан қаржыгерлерінің үлгі алар жаңалығы көп деген сөз.

Біздің елдің «Ойын бизнесі туралы» заңына сәйкес ойын бизнесіне ойынханалар, ойын автомат­та­рының залдары, тотализаторлар, букмекерлік кеңселер жатады. Салық мәселесінде аталмыш құрылымдарға жасалып отырған жеңілдіктер аз емес.

Мәселен, олар корпоративті кіріс салығын төлеушілер қатарына жатпаса, яғни заңды тұлға болса, салық тұрғысында біраз жеңілдіктер қарастырылған.

Тағы да бір жасырып қалуға болмайтын жайт бар. Қазақстандағы барлық ойынханалар заңға сәйкес арнаулы аймақтарға, яғни Бурабай мен Қапшағайға көшірілсе де, жасырын ойын бизнесімен айналысатындар­дың табысының өзі ондаған миллион долларды құрайды екен. Бұл проблема қолға алынса, ойын бизнесінен мемлекет қаржысын молайтудың бір жолы дер едік. Қаржы полициясының өкілі Мұрат Жұманбайдың айтуынша, заңсыз ойынханалар кірісі жоғары қылмысты кәсіптердің бірі болып тұрған көрінеді. Жасырын ойынханаларға тек бұрыннан таныс адамдар жіберіледі екен. Ол да – тиісті органдардың қаперде ұстайтын жағдайы.

Әлбетте, қаржы табу – кім-кімге болсын, қажет дүние. Дегенмен біз сөз етіп отырған ойын бизнесінің ыңғайсыз тұстары да аз емес. Оған кейбір адамның құмар ойынға ден қойып беріліп кетуі жатады. Тіпті мәселенің ара-тұра ең жоғары сайланбалы органдардың мінберлерінде көтерілгенін көріп жүрміз.

Атап айтқанда, өткен аптада депутаттар интернет-казиноларға төлемді кредит карточкалардың көмегімен төлеуді тоқтатуды талап етті. Бұл да –ойын бизнесіне қатысты, шешілуге тиіс проблеманың бірі. Елімізде инвестициялық кеңес беру қызметін лицензиясы бар брокерлер ғана көрсете алады.

«Ойын бизнесін Қапшағай су қоймасының жағалауындағы Алматы облысындағы және Ақмола облысының Бурабай ауданындағы арнайы аймақтарға шығаруға байланысты Қазақстан халқының интернет арқылы ұсынылатын құмар ойындар мен бәс тігуге деген қызығушылығы артып жатыр. Жас тұрғындарды онлайн-кеңістікте құмар ойындар мен бәс тігуге тарту мәселесі өзекті болып отыр» деді Елнұр Бейсенбаев палатаның жалпы отырысында. Депутат 2020 жылдың шілдесінен бастап ойын бизнесі туралы заңның аясында құмар ойындар мен бәс тігудің теріс әсерін азайту мақсатында өтініш беру арқылы өзін-өзі шектеу мүмкіндігі енгізілгенін айтты.

Мәдениет және спорт министр­лігінің ақпараты бойынша, бір жарым жыл ішінде тізімге 430-дан астам адам енгізілген, олардың 50%-ы 30 жасқа жетпейді, бұл жастар­дың құмар ойындарға қатты тартылғанын көрсетеді. «Қазақстан Республи­касының ойын бизнесі туралы» заңына сәйкес электронды казино мен интернет-казино қызметіне тыйым салынады. Сондай-ақ, «Жарнама туралы» заңға сәйкес электронды казино мен интернет-казиноны жарнамалауға жол берілмейді. Осыған қарамастан бүгінде интернет-кеңістік түрлі онлайн-казинолар мен букмекерлік кеңселердің агрессивті жарнамасымен толтырылды, олар оңай табыс әкеледі. Бұлар жастарды жаппай тартып жатыр, отбасын құртып барады, отбасылық бюджеттерден соңғы ақшаны тартып алады» деп толықтырды сөзін Елнұр Бейсенбаев.

Бұл ғана емес, 2018 жылдың сәуір айында Шымкент қаласында ойын мекемелерінің тұрақты ойыншысы ұсталды, ол үлкен жеңілістен кейін, эмоционалды күйзеліске ұшырап, анасы мен атасын өлтірді. Сол жылы Нұр-Сұлтанда барлық жинақталған ақша қаражатын жоғалтқаны үшін бірге тұратын қызын өлтірген ер адам ұсталды. Сонымен қатар, қаржы мониторингі агенттігінің ақпараты бойынша, жақында Kcell байланыс операторының қаржы директоры ұсталды, ол соңғы үш жыл ішінде қылмыстық жолмен 450 миллион теңге ұрлап, букмекерлік кеңселерде тапқан-таянғанының бәрін салды. Сонымен бірге заңсыз онлайн-казинолардың жұмысы және букмекерлік кеңселердің ашық қаржы ағындары қылмыстық кірістерді жылыстатуға мүмкіндіктер ашып тастады десе де, болады. Мысалы, 2020 жылы Маңғыстауда банк қызметкері клиенттердің шотынан 90 млн теңгеден астам ақшаны заңсыз ұрлап, қаражаттың негізгі бөлігін букмекерлік кеңсе арқылы қолма-қол ақшаға айналдырған.

Әлі күнге дейін интернет-кази­нолардың қызметіне қарсы іс-қимыл жасай алмау, құмар ойын мен бәс тігудің жарнамасын шектеу үлкен алаңдаушылық тудырып отыр. Мысалы, халықаралық тәжірибені зерделесек, бірқатар елде мемлекеттік мүддені қорғау мақсатында құмар ойын саласындағы қызметке қатысты неғұрлым қатаң шара қолданылады. Мәселен, АҚШ-та көп штатта интернет-казино қызметіне тыйым салынған және қаржы ұйымдары интернет-казиноға ставка жасайтын азаматтардың шоттарына қызмет көрсете алмайды. Қытайда интернет-казинолар мен құмар ойындарды ұсынатын басқа сайттардың қызметіне және жарнамасына тыйым салған. Оларда заңды бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауап­кершілік қарастырылған.

Жауапты мемлекеттік органдар интернет-казино мен букмекерлік кеңседе төлем жасауға немесе шоттарды кредиттік карталар көмегімен толтыруға тыйым салуы керек.

Қалай десек те, нарық заманында бәрінен бұрын қаржы алдыңғы планға шығады. Еліміздің құмар ойындар жүйесінде қоғамға тигізетін проблема да жетеді, салық салудың да мүмкіндігі бар.

ӨМІРЗАҚ МҰҚАЙ

3102 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы