• Тұрғын үй
  • 24 Желтоқсан, 2021

МҰҚТАЖДАРҒА ҚАНДАЙ КӨМЕК КӨРСЕТІЛЕДІ?

Әлеуметтік тұрғыда аз қамтылғандардың тұрғын үймен қамтамасыз етілуіне және оны күтіп ұстауға, сондай-ақ коммуналдық қызметті пайдалануға мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетіледі? Оның орташа көлемі қандай, отбасындағы табыс мөлшері қанша болуы керек, жалпы тұрғын үйге қол жеткізу мүмкіндігі қаншалықты айқын? Шолуымызда көпшілікті толғандырған осындай сауалдарға жауап іздеп көреміз. 

«Тұрғын үй қатынастары туралы» заңда тұрғын үйді талапқа сай күтіп ұстауға және коммуналдық қызметтерді пайдалануға ақы төлеу мақсатында аз қамтыл­ған отбасыларға (азаматтарға) бас­паналық көмек көрсету қарастырылған. Атап айтқанда, 2020 жылы 37,4 мың отбасына 1,059 миллиард теңге (алдындағы жылмен салыстырғанда минус 31,4%) сомасында көмек көрсетілген. Ай сайынғы баспаналық көмектің орташа көлемі 2363 теңгені құрап, 2019 жылмен салыстырғанда – 6,2%-ға кем нәтиже көрсеткен. Баспаналық көмек алушылардың неғұрлым көбірек саны Қызылорда (4750 отбасы),  Жамбыл (4676 отбасы) және Шығыс Қазақстан (4618 отбасы) облыстарында тіркеліп отыр. 
Айта кетейік, баспаналық көмек келесі жағдайларда: жекешелендірілген тұрғын жай­ларда немесе мемлекеттік тұр­ғын үй қорының тұрғын жайларында тұратын жалға алушы отбасылардың тұрғын үйлерін қалпында ұстауға шығындарды; тұрғын үйдің меншік иесі немесе жалға алушысы болып табылатын отбасына телекоммуникациялар жүйесі, абоненттік төлемі артқан телефонға қосылуына орай, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерін пайда­ланғанына;  жергілікті атқару­шы органның жеке тұрғын үй қорынан жалға алған баспананы пайдаланған арендалық төлемі үшін төлеуге беріледі (1-инфографика).


Баспаналық көмек жергілікті бюджеттердің қаржысы есебінен көрсетіледі.

Осындай көмектерді көр­сетудің көлемі мен тәртібін жергілікті атқарушы органдар айқындайды. Мұндай көмекке жергілікті өкілет­ті органдардың бекіткен осы  мақсат­тардардағы шығындардың шекті үлесінен асатын коммуналдық қыз­меттер мен тұрғын үйді қалыпты ұстау төлемдеріне шығындануға мәжбүр азаматтар үміттене алады.

Шығындардың шекті үлесінің көлемі аймақтарға бөліп қарас­тырғанда бір тоқсандағы отбасы­ның орташа айлық жиын­тық табысына қарай, 5%-дан 20%-ға дейінгі аралықта айқын­далады. Отбасының табыстары баспа­налық көмек тағайындауға өтініш берер алдындағы тоқсан көрсет­кіш­терімен ескеріледі.

Баспана көмегі бір тоқсанға беріледі, сосын оған тиісті критерийлерге сәйкес, тоқсан сайын өтініш беру міндеттеледі. Баспаналық көмек алу мәселесі, әсіресе, жылумен қамтамасыз етуге коммуналдық қызметтердің төлем шоты айтарлықтай артқан қазіргі кезде айрықша маңызды.

Ескерте кету қажет: Нұр-Сұлтан қаласында баспаналық көмек тағайындауда бір адамға 18 шаршы метр, ал жалғызілікті тұратын аз қамтылған азаматтар үшін тұрғын үй көлемінің нормасы бір адамға 30 шаршы метрді құрайтыны, бірақ бір бөлмелеік пәтерден кем болмауы есепке алынады. Электр энергиясын тұтыну мөлшері астанада құрамында 1-3 адамы бар отбасына 150 кВт және 4 немесе одан да көп адамнан тұратын отбасына –200 кВт құрайды. Астанада коммуналдық қызметтер төлеуге отбасы шығындарының шекті деңгейі табыстың 5%-ынан аспайды.

Көмек алуға өтініш ХҚО-да қабылданады және «Баспаналық көмек тағайындау» қызметін онлайн түрінде алуға да болады. Осы ретте мемлекеттік корпо­рацияға өтініш бере аласыз немесе «Электрондық үкімет» веб-порталының көмегімен мынадай құжаттарды өткізу қажет: өтініш берушіні куәландыратын жеке құжаты (түпнұсқасы); аз қамтылған отбасының табыстарын растайтын құжат (отбасының жиынтық табысын реттеу тәртібін тұрғын үй қатынастары саласының өкілетті органы айқындайды); зейнетақы аударымдары туралы анықтама (тиісті мемлекеттік жүйелерден алынатын мәліметтерден өзге); жұмыс орнынан анықтама немесе жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы анықтама); балаларға алименттері және басқа да қа­рауындағы адамдар туралы мәлі­меттер; банктік шоты;  кондоминиум объектін басқаруға, оның ортақ мүлкін қалпында ұстауға айлық жарналары туралы шоты; коммуналдық қызметті пайдалану шоты; телекоммуникациялар қызметі үшін түбіртек-шоты немесе байланыс қызметтерін көрсетуге келісімнің көшірмесі; мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді пайдаланғаны үшін және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұр­ғын үйді пайдаланғаны үшін шығындары туралы шоты.

Баспаналық көмек төлемі оны алушылар екінші деңгейдегі банктерде ашқан шоттар арқылы жүргізіледі (2-инфографика).

Баспаналық көмекті онлайн арқылы алуға мыналар қажет: ЭСҚ қызметін пайдаланушы куәландырған электрондық құжат түріндегі сұрау салу; отбасы табыстарын растайтын құжат­тардың электрондық кө­шірмесі; жұмыс орнынан немесе жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы анықтаманың электрондық көшірмесі; балаларға алименттері және басқа да қарауындағы адамдар туралы мәліметтердің электрондық көшірмесі; банктік шотының электрондық көшірмесі; тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп ұстауға ай сайынғы жар­налардың көлемі туралы шоттың электрондық көшірмесі; комму­налдық қызметтерді тұтыну шо­тының электрондық көшірмесі; телекоммуникациялар қызметтері үшін түбіртек-шоттың немесе байланыс қызметтерін көрсетуге келісімнің электрондық көшірмесі; мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйді пайдаланғаны үшін және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жал­даған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін шығындары туралы шотының электрондық көшірмесі.

ИСАТАЙ ҚАМБАРОВ

1086 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы