• Аймақ тынысы
  • 13 Қаңтар, 2022

Оралдық зауытта – жаңа өнім

Ақ Жайық өңірінде ірі қара малды ветеринарлық өңдеуге арналған бекіту қондырғысын (фиксатор-станок) шығару қолға алынды. Бұл қондырғының көмегімен малдың денесін және тұяғын өңдеу, таңба басу, егу, сырға тағу, қан алу, жасанды ұрықтандыру, емдеу шараларын жүргізуге болады.

Ауыл шаруашылығы са­ласының кейбір маманы ветеринар маман­дығына қыз балаларды оқыту дұрыс емес деп санайды. Ол, әрине, нәзік жандарды сәлсінгеннен емес, олар­дың физикалық мүмкіндіктерін ескере отырып, айтылған ой-пікір екені сөзсіз. Өйткені малды егу, емдеу жұ­мыстары барысында оларды ұстап тұруға қара күш қажет. Әрі малдың мүйізі күтпеген жерден іліп әкетуі, зақымдауы немесе аяғыңызды тапап кетуі кәдік. Табиғатынан нәзік әйелдерде ондай зор күштің болуы екіталай. Енді «Орал механикалық зауыты» ЖШС-ның өндірістік базасында шығарылатын  ірі қара малды ветеринарлық өңдеуге арналған бекіту қондырғысы зоотехниктер мен ветеринарлар­дың ауыр жұмысын жеңілдетуге септігін тигізбек. «Зауытта бір корпорацияның тапсырысы бойынша бекіту қондырғысының біреуі жасалып, пайдаланылуға берілді. Қазір сынақтан өткізілуде. Қондырғыны пайдаланушы оның құрылымын жетілдіруге қатысты ұсыныстарын айтты. Одан кейін өндірісшілер құрылымы жақсар­тылған бес қондырғы жасап шы­ғардық. Бірінші қондырғыны жасау барысында оның қызметте қалай қолданылатынын түсінуге тырыс­тық. Осылайша ай жарым уақыт жұмсалды. Әрбір бөлшегін зерттеп, қондырғының қызметін қалай жақсартуға болады деген сұраққа жауап іздестірдік. Енді қондырғыға малдың салмағын өлшейтін таразыны кірік­тіретін боламыз. Сонда бекіту қондыр­ғысының жалпы салмағы 800-900 келі шамасында болады», – деді аталмыш серіктестіктің бас инженері Геннадий Харькин.

Бас инженер қондырғының ірі қара малды залалсыздандыру, өңдеу, егу қызметтері барысындағы бірқатар артықшылығына тоқ­талды. «Малды темір қоршаулы қондырғы ішіне кіргізген соң, оны механикалық қысқыштардың көмегімен денесін және аяғын қысып қояды. Сиырдың басын солға немесе оңға бұру үшін мойын қысқышы қолданылады. Қондырғының арнайы ашылып-жабылатын есіктері бар. Сонымен қатар ветеринар қондырғының екі бүйіріндегі торлар арқылы ірі қараға тиісті емдік не өзге де іс-шараларын жасай алады. Қондырғының ішіне арнайы резеңке төсеніштер төселген. Оның малға еш зияны жоқ. Мұндай жабдықты сиыр қораға немесе аулаға қоюға болады. Қондырғы көп малды бірер сағатта өңдеуге, осылайша уақыт үнемдеуге көмектеседі. Сонымен қатар малдың салмақ жоғалту, күйзеліске түсу жағдайларын болдырмайды. Біздің өнім – ірі мал шаруашылықтарына, шағын шаруа қожалықтарына, бордақылау алаңдарына ветеринарлық қызмет көрсетуде пайдалануға арналған», – деді Геннадий Харькин.

Жаңа өнімді жасап, шығаруға қажет шикізаттың кейбір түрі сырттан тасымалданады. Оның ішінде металл құймалары, пішінді құбырлар Ресейден, ал металл табақша, басқа материалдары жергілікті кәсіпорындардан сатып алынады. Зауыт-өндіруші өнімнің сапасына алты айға кепілдік береді. Кәсіпорында жабдықтың техникалық құжаттамасы дайындалды және оны пайдалану нұсқаулығы әзірленді. Байырғы кәсіпорындағы стандартты емес жабдықтар өндірісі цехында тапсырыстар бойынша қажетті сызбаларды жасақтаудан бастап түрлі мақсаттағы және күрделі бұйымдар жасалады. Осы цехта жаңа өнім шығарылады. Әзірге төрт адам жұмысқа жұмылған. Өнімге нарықта сұраныс болса, онда сериялық өндірісті бастауға дайын. Тек тапсырыстар болса деңіз. Мұндай жабдықты елімізде бір-екі зауыт өндіреді. Ал Қазақстанның батыс өңірінде, соның ішінде Оралда тек осы кәсіпорында қолға алынуда. Сондықтан атам қазақ айтпақшы, «Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбала» деген. Алдағы уақытта мал шаруашылығына қажетті жабдықтар, қоршаулар шығару жоспарлануда.

Зауыт нарықтық қатынастар тұсында өз тірлігімен күнелтудің қыр-сырын меңгеріп, өндірістік және коммерциялық қызметтерді кеңінен жүргізуге көшті. Өндіріс ошағы кеңестік заманнан-ақ «Т-4» және «Беларусь» тракторларына иінді білік, шатунь шығаруға маманданған бағытын сақтап қалды. Ол бүгінде бұрынғы ТМД аумағындағы қосалқы бөл­шектер шығаратын екінші кәсіпорын саналады. Бұрыннан ауыл шаруашылығы техникасы бөлшектерінің 70-80 пайызын өндіретін кәсіпорынның әлеуеті, мамандарының біліктілігі ешуақытта жоғары деңгейден түскен емес. Алайда алқымнан алған коронавирус пандемиясына қатысты карантиндік шаралардың және төлем төлеуге қабілетті тапсырыстардың азаюының сал­қыны «сарытіс» кәсіпорынға оңай тимеді. «Былтыр өндіріс көлемі алдыңғы жылғы көрсеткіштен 15%-ға төмендеді. Дегенмен қа­зіргі жағдайымызды шүкір деуге болады. Зауыттың қоймаларында негізгі өнім иінді білік жиналып қалды. Тұрақты серіктестеріміз­бен байланыс енді жанданып, қайта күш алуда. Алдағы уақытта жағдай қалыпты болса, өндіріс көлемін 2019 жылғы дейгейге жеткізу көзделуде», – деді аталмыш серіктестік директорының экономикалық мәселелер бойынша орынбасары Әнуар Есенов.

Серіктестіктің Белоруссиядағы «Белагросервис» республикалық бірлестігімен, Ресейдегі «Техстройинвест», «Агроинвест» компания­лар тобымен, «Белагро» компаниялар тобының Қазақ­стандағы филиалы «Белагро-Қазақстан» және басқа да компаниялармен  ұзақ жылдан бері әріптестік қарым-қатынасы мығым.  Пан­демияға дейін конвейерден шық­қан өнімнің 90%-ы экспортқа шығарылып, 10%-ы елімізде қа­латын. Бұрын өнімдер Пәкістан, Вьетнам, Египет секілді алыс шетелдерге шыға­ры­­латын.  Қазіргі уақытта жағдай өзгерді. Қытай, Түркия елдерінде де тракторларға қосал­қы бөлшектер өндіріле бастады. Деген­мен жағдайдың күрде­лілігіне қарамастан, жаңа нарықтар іздес­тірілуде. Осындай ізденістің арқасында мехзауыттың иінді біліктерін әзербайжандық­тар да тұтына бастады. Мұнай-газ және бұрғылау жабдықтары үшін қосал­қы бөлшектер мен детальдарды күрделі жөндеу мен дайындауды жолға қойған кәсіпорынға аса бір айтарлықтай көлемде болмаса да тапсырыстар түседі.

Бүгінде зауытта 110 адам еңбек етуде. Өндіріс ошағы білікті жұ­мыс­­шы мамандарына, соның ішінде токарь, фрезировщиктерге мұқтаж. Негізгі өнім иінді білік өндірісі цехындағы бірнеше стонок жаңартылған. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасады.

ГҮЛБАРШЫН ӘЖІГЕРЕЕВА

ОРАЛ ҚАЛАСЫ

99 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы