• Қаржы
  • 14 Қаңтар, 2022

Еңбегіне қарай – өнбегі

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Әлемнің әр түкпірінен толассыз ағылып жатқан стратегиялық ақпаратты қас қақпай қадағалап отырған сарапшы қауымның тарих сахнасына енді аяқ басқан жаңа жылға қатысты алғашқы байламдарын асыға күткенбіз. Осыдан үш-төрт ай бұрын ғана дамыған елдерде індет екпіні саябырсығанын байқаған қаламгер әріптестеріміз бұдан былай әлеумет өмірі жанданатыны, экономика өрге басатыны жөнінде жорамал жасай бастаған-тын. Алайда, қарашада Ботсванада және Оңтүстік Африка республикасында омикрон штамының табылып, жедел таралуы қалың көпшіліктің келешекке деген сеніміне селкеу түсірді. Мәселен, «Deutsche Welle» ақпарат көзі кеше ғана таратқан деректе АҚШ-та бір күн ішінде миллион адамның инфекция жұқтырғаны айтылған. Мұндай суыт хабар Германия, Ұлыбритания, Франция сияқты медицинасы озық дамыған елдерден де түсіп жатқаны, биліктің шектеу шараларын қолдану ықтималдығы экономист мамандарды ойландырып отыр. Бірақ алдағыны өмір көрсетеді.
Өткен жылдары карантиндік шектеулерді енгізген мемлекеттердің шекараны жауып, өндіріс көлемін азайтуға мәжбүр болуы макроэкономикалық жағдайға әсер еткені, сөйтіп, әлемдік сауда айналымының төмен­дегені, тұтыну мен іскерлік белсенділіктің кемі­­гені, бұл экономикалық өсу келешегіне кері әсер еткені туралы аз айтылған жоқ. Жаппай локдаун салдарынан сауда-қаржы желілері бір-бірінен алшақтап, қаржылық орнықтылық шайқала бастады. Жаһандық, сондай-ақ жергілікті деңгейлерде келтірілген зиянды бағалау, экономиканы қалпына келтіру мәселесі әлемдік экономиканың күн тәртібіндегі негізгі сауалдар сапында болды. Қазақстан экономикасы да бұдан тыс қалған жоқ. Ғалымдар мен мамандардың пікірінше, бізде де эпидемияға қарсы шаралар жиынтық сұраныс деңгейін едәуір қысқарта отырып, азаматтардың іскерлік белсенділігіне әсер етті. Үй шаруашылықтары мен шағын және орта бизнестің қаржылық ахуалының құлдырауы халықтың жағдайын нашарлатты. Сөйтіп, экономикалық қам-қарекеттің күрт төмендеуі, энергия тасығыштарға сыртқы бағалардың едәуір кемуі, сұраныстың азаюы соңғы онжылдықтағы Қазақстан экономикасының жедел баяулауына алып келді. Атап айтқанда, 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында мұнай бағасының айтарлықтай төмендеуімен ұштасқан төтенше жағдай тәртібін енгізу 2008-2010 жылдардағы қаржы дағдарысымен және 2014-2015 жылдардағы мұнай құнының құлдырауымен парапар болды. Жыл нәтижелері бойынша ішкі жалпы өнім өсу қарқынының төмендеуі 2,6 пайызды құрады. Ағымдағы шот жыл қорытындысы бойынша 6,3 млрд АҚШ долларымен есептелетін тапшылықпен қалыптасты. Сонымен қатар COVID-19 пандемиясы тікелей шетелдік инвес­тицияларды тежеуді жалғастырды. Коронавирустық инфекцияның таралуы және одан кейінгі карантиндік шаралар еңбек нарығына да қысым көрсетті. Төтенше жағдай тәртібін енгізу азаматтар белсенділігін айтарлықтай төмендетті. Мәселен, 2020 жылғы наурыз-сәуірде тұрғын аудандарды қоспағанда, барлық санаттағы орындарға барып-келу саны бастапқы-базалық кезеңмен салыстырғанда төмендеді, бұл жұрт қозғалысына қатаң шектеулер енгізумен түсіндірілді.  Тұрғындар белсенділігінің бұлайша төмендеуі халық тарапынан тауарлар мен қызметтерге сұраныстың кемуін көрсетеді, мұның өзі шағын және орта бизнестің қаржы-экономикалық жай-күйіне теріс әсер етті. Төтенше жағдай кезінде жұмыс орындарына бару саны айтарлықтай төмендеді, бұл жағдай қызметкерлерді қашықтан жұмыс істеу тәртібіне ауыстыру, жұмыс уақытын қысқарту және әкімшілік демалысқа жіберу қамтылатын, кеңседегі қызметкерлердің штат санын шектеуге бағытталған түрлі шаралармен түсіндірілді. Мамыр-маусымның бірінші жартысында жұмыс орындарына бару санының өсуі байқалды. Бұл ретте цифрландырудың қарқынды өсуін және қызмет көрсетудің қашықтан жүзеге асырылу тәсілінің дамуын атап өту қажет. Қызметкерлердің бір бөлігін толық емес жұмыс күніне ауыстыру және жалақыны сақтамай, әкімшілік рұқсат беру салдарынан «уақытша жұмыспен қамтылмаған» қызметкерлер саны артты. Мұндай шаралар еңбек ресурстары­ның өнімділігін төмендетіп және экономикалық өсу қарқынын баяулата отырып, жұмыс күші әлеуетін толық іске қосуға мүмкіндік бермеуімен қатар халықтың төлем қабілеттілігінің төмендеуіне әкелді. 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында халықтың нақты кірістері өсуінің баяулауы, сондай-ақ үй шаруашылықтарының номиналды кірістерінің төмендеуі байқалды. Сонымен қатар үй шаруашылықтары кірістерінің құрылымындағы әлеуметтік трансферттер үлесі артты. 
Алайда, 2020 жылы Қазақстан экономикасының өсу қарқыны орташа әлемдік деңгейден жоғары болды. Жыл қорытындысы бойынша төлем балансының әдіснамасы бойынша тауар экспорты негізінен мұнай сатудың төмендеуі есебінен қысқарды. Негізгі тауар топтары арасында уран мен астықты шетелге шығару өсті. Уран экспортының өсуі жаңа қуатты енгізуге және Еуропа елдерінің біртіндеп жасыл экономикаға көшуіне байланысты сұраныс сақталуы кезінде әлем нарығындағы ұсыныс қысқаруына негізделді. Астық экспорты баға өсуі есебінен өсті. Бұл ретте астықтың нақты экспорты ішкі сұранысты қамтамасыз ету мақсатында 2020 жылғы көктемде енгізілген шектеулерге орай төмендеді. Мұнымен қатар, тауар импорты төлем балансының әдіснамасы бойынша қысқарды, атап айтқанда шекарадан өту бойынша шектеулерге байланысты бақал сауда көлемі кеміді. Сондай-ақ елдегі экономикалық белсенділіктің төмендеуі аралық тауарларды әкелудің қысқаруына себепші болды. Бұл ретте қашықтықтан жұмыс істеуге және оқуға көшуге, сондай-ақ коронавирус пандемиясымен күресуге арналған тауарлар импорты ұлғайды. 
Өткен, 2021 жылдың қорытындысы бойынша өсу серпінінің қалпына келуі күтілуде. Халықаралық валюта қорының болжамына сәйкес Қазақстан экономика­сының өсуі 2022 жылы 3,3 пайыз болмақ. «Еңбе­гіне қарай – өнбегі» деген, сондықтан биылғы жылы бар күш-жігер осы жорамалды ақиқатқа айналдыруға жұмыл­дырылуы тиіс.

 

1248 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы