• Өндіріс өрісі
  • 14 Қаңтар, 2022

Қанатты металл өндірісі қалай қалыптасуда?

Aluminium of Kazakhstan – респуб­ликада қалдықсыз технологияларды пайдаланумен толық цикл жағдайында пішіндер шығару технологиясын енгізген жалғыз кәсіпорын. Халықаралық сапа стандарттарына сай жұмыс істейтін компания өз елімізбен қатар, сыртқы нарықта да лайықты түрде бәсекелесе алады.

Aluminium of Kazakhstan елі­мізде алюминий профильдерін экструзиялауға маманданған үш көшбасшының бірі болып табылады. Hoffmann аluminium сауда белгісімен алюминий пішінде­рін сығып құюға маманданған кәсіпорын Іле ауданында орна­ласқан. Зауыт әзірлемелерді құюдан, профильдерді экструзиялаудан және бояудан бастап, алюминий профильді қаптама желісімен аяқталатын өндіріс процестерін механикаландыру мен автоматтандырудың жоғары деңгейі бар ең заманауи қондырғылармен жабдықталған. Озық технологиялық шешімдер электр мен газ шығынын едәуір төмендетіп, өндірістің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Зауытта жұмысшылардың орташа саны бір маусымда 150-200 адамды құрайды. Білікті мамандардан құралған команда өнім сапасының жоғары болуын қамтамасыз етеді. Бұл ретте Түркия елінің ірі ғылыми орталығымен бірлескен зерттеулер жүргізіліп, әлемдік профильдегі танымал өндірушілердің тәжірибесі зерттеледі.

Толық технологиялық циклға ие компания шығындарды азайту үшін алюминий қалдықтарын қабылдайды. Серіктестік бас директорының экономика және қаржы жөніндегі бірінші орынбасары Данияр Асылбекұлы: «Өнімдеріміз елімізде де, шетелде де сұранысқа ие. Қазірдің өзінде алюминий профильдері мен тіректерін экспорттауға келісімшартқа отырдық. Сөйтіп, жақын көршілерімізді қамтамасыз етудеміз», – деп атап өтті.

Заманауи өндіріс жабдық­тарымен қатар, Aluminium of Kazakhstan зауытының өз техникалық бөлімі бар. Онда жаңа жүйелер мен профильдер әзірленеді, өндірістің барлық кезеңінде зертханалық зерттеулер жасалып, өнімнің сапасына бақылау жүргізіледі. Қазіргі уақытта өндіріс құю, пресс, бояу, анодтау цехтарынан тұрады. Алюминий профильдерінің номенклатурасы 1000-нан астам түрді қамтиды. Компания айналым қаражатын толықтыру үшін  жылдық 14%-бен «Сбербанк» несиесін алған. Жоба «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында субсидияланды, кәсіпорын үшін несие мөлшерлемесі 6% құрайды. «Даму» қоры да кепілдік беру арқылы жобаны қолдады.

Кәсіпорын әлемдік өнім­ділік стандарттарына және шығарылатын өнім сапасына қол жеткізуге бағытталған техникалық қаруландыру мен жаңғырту саясатын жүргізуде, бұл тапсырыс берушілер үшін дайын өнімнің сипаттамаларының дәлдігі мен тұрақтылығына, сенімділігі мен ұзақ мерзімділігіне кепілдік береді. Қызметінің негізгі бағыты құрылыс алюминий жүйелерін әзірлеу, өндіру, жинақтау және сатудан тұратын компания құрылған сәтінен бастап тұрақты түрде дамып, жетіліп келеді. Осылайша, инновациялық конструкторлық шешімдердің және жоғары технологиялық өндірістік мүм­кіндіктердің, сондай-ақ серти­фикатталған менеджмент жүйе­сінің арқасында «Hoffmann аluminium» сауда таңбасымен компания өнімінің сұрыпталымын қалыптастыратын заманауи алюминийлі құрылыс жүйелері пайда болуда.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

711 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы