• Өндіріс өрісі
  • 14 Қаңтар, 2022

Өңдеуші салаға – салмақты назар

Президент отандық өңдеуші өнеркәсіпті дамытуға арналған заңға қол қойды. Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды құжатқа бастамашы бола отырып, халыққа жеткізген Жолдауында өңдеу өнеркәсібін дамытудың қағидаттарын, мақсаттары мен міндеттерін нақтылайтын «Өнеркәсіптік саясат туралы» бірізді заң әзірлеуді Үкіметке тапсырған болатын.

Бұған дейін заңнамада кәсіпкерлікті мемлекеттік реттеу кеңінен қамтылса, енді өнеркәсіпті толыққанды дамытуға жіті көңіл бөлініп отыр. Сөйтіп, бәсекеге қабілетті, жоғары технологиялық, сонымен қатар экспортқа бағдарланған өнім өндірісін ұлғайтуға, шикізаттық модельден ауысып, өңдеуші өнеркәсіптің тұрақты өркендеуін қамтамасыз етуге негізделген заң бұл салаға елеулі өзгерістер әкелмек.

Алдымен атап өтерлігі, шикізат өндіруші, қайта өңдеуші және салалық мемлекеттік орган арасында өнеркәсіпті отандық шикізатпен қамтамасыз ету жөніндегі үшжақты келісімдерге қол қойылатын болды. Мұндай келісім шикізатты жеткізу көлемін, толық қайта өңдеу бойынша міндеттемелерді және ең бастысы, ерекше бәсекелі баға белгілеуді көздейді. Сонымен қатар бірге қаржыландыру негізінде өн­дірісті технологиялық жаңғыртуға өнеркәсіптік грант беріледі. Бұл өндіріс процесін ынталандыру үшін тиімді құрал бола алады. Мемлекеттік ынталандырудың барлық іс-шарасы орта және жоғары бөліністегі өнім өндірушілерге ұсынылады. Әдістеме негізінде өнімнің тиісті тізбесі бе­кітіліп, қайта өңдеуді тереңдетуге назар аударылады. Көрсетілетін іс-шаралардың тиімділігін арттыру үшін қарсы міндеттемелер енгізіледі. Олар бизнестің алып отырған іс-шара­ларының түрі мен көлемін ескере отырып айқындалады. Кәсіпорын міндеттемелерді орындамаған жағ­дайда оларды орындау деңгейіне қарай бюджет қаражатын қайтаруы тиіс болады. Бұдан бөлек, ынталандыру іс-шараларының аралас пакетін алуға жол ашатын бәсекеге қабілеттілікті арттыру туралы келісім енгізіледі. Ал Өнеркәсіпті дамыту қоры үш пайыздық жеңілдетілген қаржы бере бастайды. Келесі кезекте жүйеқұраушы кәсіпорындарды цифрлық трансформациялауға баса назар аударылады. Ол үшін кәсіпорын қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, шетелдік мамандарды тарту, басқарудың жаңа әдістерін енгізу тетіктері қарастырылады. Бүгінде ұсы­нылатын мемлекеттік ынталандыру іс-шараларының тізбесі жылдан жылға кеңейе түсуде. Ал бұл өз кезегінде бизнес үшін қолайлы жағдайлар жасауды талап етеді. Сондықтан барлық ынталандыру іс-шаралары «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы «бір терезе» қағидатымен жүргізіледі.

Заңмен көзделгендей, отандық өнеркәсіп өнімдерін нарықтарда ілгерілетуге ықпал ету тетіктері жұмыс істеуі қажет. Бұл ретте офтейк-шарттар, офсеттік мәмілелер жасау қарастырылған. Мысалы, кә­сіпорындарға 3 және одан да көп жылға ұзақмерзімді шарттар жасасу мүмкіндігі беріледі. Мемлекеттік, квазимемлекеттік сектор субъектіле­рі және жер қойнауын пайдаланушылар тапсырыс берушілер тізімін құрайды. Офтейк-шарттар екінші деңгейдегі банктер мен Қазақстан­ның Даму банкінде кредит беру үшін кепіл нысанасы болуы мүмкін. Ал офсеттік мәмілелерді іске асыру арқылы бірлескен кәсіпорындар құру мен технологиялар трансферті, оның ішінде ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұ­мыстарға инвестициялар тарту, технологиялық құжаттама беру және инфрақұрылымды жетілдірумен ішкі өндірісті дамыту мақсат етілген. Кәсіпорындар ұзақ мерзімді шарттар жасасу мүмкіндігін алып, өндірістік қызметін ұзақ мерзімге жоспарлай алады, өндіріске инвестициялауға, басқа да мүмкіндіктерге жол ашылады. Сонымен бірге Қа­зақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі жөніндегі өтпелі кезеңнің аяқталуы­на байланысты жергілікті қамту жө­ніндегі талаптар жойылады. Осыған орай «Елішілік құндылық» термині енгізіліп, ол жергілікті қамту ісін бақылауға, ынталандырудың жаңа іс-шараларын әзірлеуге мұрындық болмақ. Бұған қоса, өнімді ілгерілету бағытында ынталандырудың жаңа құралы – экспорттық кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау көзделген. Ол отандық жоғары технологиялық өнімнің сатып алу қабілетін ынталандырады.

Бүгінде өнеркәсіптік саясатты әртүрлі мемлекеттік органдар іске асырады. Оның тиімді жүргізілуі үйлестірілген іс-қимылдарға байланысты. Осыған орай премьер-министрдің орынбасары төрағалық ететін Ведомствоаралық комиссия құрылады. Сонымен бірге бизнес проблемаларына уақытылы ден қою үшін Үкіметке ынталандырудың жаңа іс-шараларын бекіту және қолданыстағы іс-шараларды қайта қарау құзыреті беріледі. Мемлекет басшысының атына енгізілетін республика өнер­кәсібінің жай-күйі туралы ұлттық баяндаманы Үкімет қалыптастырып, ол өнеркәсіп­тік саясатты жоспарлау мен қа­лыптастырудың басты құралына айналады.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

908 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы