• Қаржы
  • 14 Қаңтар, 2022

Инвестициялық белсенділік ынталандырушы күшке айналмақ

Отандық экономистер биыл өткен жылдан жақсырақ болады деген пікірде. Бұл ретте еліміздегі мамандандырылған беделді мекемелердің бірі саналатын Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылары ұсынған талдаулар төңірегінде әңгіме болмақшы. Осыған орай, өз шолуымызда әлемдік экономикадағы қазіргі бет­алыс, Қазақстан экономикасының даму барысы мен халықтың әл-ауқат деңгейі қандай болмақ деген сауалдарға жауап іздемекпіз.

«Әлемдік экономиканың қал­пына келуі одан әрі жалғасуда, бірақ Covid-19 індеті мен жаңа омикрон штамына байланысты шектеу факторлары әсерінен қарқын баяулап отыр. Жаһандық дағда­рыс­тың жылдамдығына қатысты тұрлаусыздық та арта түскен. Ха­лықаралық валюта қорының жаңартылған болжамына (2021 ж. қазан) сәйкес, әлемдік ішкі жалпы өнім 2021 жылдың қорытындысы бойынша 6 пайыздың орнына 5,9 пайызды құрайды. Болжамның бұлай қайта қаралуы дамыған, сондай-ақ дамушы елдердің де экономикалары өсімінің баяулауын көрсетеді. 2022 жылға болжам 4,9 пайыз деңгейінде қалып отыр», – деп жазады өз талдауларында сарапшылар.

Әйтсе де, қазақстандықтар үшін Халықаралық валюта қоры болжамындағы деректерден үңгір­тау түбінен көрінген сәуледей үміт те жоқ емес. «Құбылмалылық­тың шикізат нарығындағы ауық-ауық серпіндеріне қарамастан, биржалық тауарлардың байқалып отырған өсімдері экспорттаушы-дамушы елдердің келешегін жақсарта түседі», делінген әлемнің ең беделді қаржылық ұйымының талдауында.

Сондай-ақ халықаралық қаржы институттары да елімізге қатысты оптимистік мәліметтер ұсынды. Мәселен, нақ сол Халықаралық валюта қоры Қазақстанның ішкі жалпы өнімі 2021 жылы 3,7 пайызға өседі деп болжаған болатын. Бұл алдыңғы жылғы 2,6 пайызға құлдыраудан кейін, әрине, көңілге медет етерлік құбылыс. Демек, сол жылы жайсыз экономикалық өсім орын алса, өткен жыл үшін бұл әлдеқайда жайлы көрсеткіш. Байқайсыздар ма, алдыңғы жылға қарағанда, күні кеше тарих қойнауына өткен 2021 жылы әжептәуір ілгерілеу сезілді.

Иә, індет таралып, карантин­дік шектеулер енгізілген жыл экономиканың бар саласы үшін өте ауыр болғаны даусыз, бірақ мемлекет деңгейінде дер кезінде қабылданған шешімдер, дағдарысқа қарсы қолға алынған шаралар, сөз жоқ, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосты. Соның ішінде екі кезеңмен «дағдарыстық 42 500 теңгелік» төлемдер де жүргізілді.

Жалпы алғанда, еліміз эко­номикасының өсуіне қатысты жаңа 2022 жылға жасалған болжамдар әзірге жайлы болып отыр. Бұны Халықаралық валюта қорының тарапынан да байқаймыз, сондай-ақ өзіміздің Ұлттық экономика министрлігі де бұл көрсеткіш – 3,9 пайыз болады деген болжамды алға тартады.

Сонымен, 2022 жылы Қазақстан экономикасы өсімінің қарқыны 3,9-4 пайыз құрайды деп күтілуде. Қызмет көрсету секторындағы өсімнің қалпына келуі, өндірістегі өсім қарқынының сақталуы, сауда теңгерімінің нығаюы, өндіруші емес салалардағы инвестициялық белсенділік экономиканың жалпы өсіміне негіз болатын ынталандырушы күшке айналмақ. Ұлттық экономика министрлігінің болжамдарына сәйкес, 2022 жылы тауарлар экспорты 60,1 мил­лиард АҚШ долларын, импорт – 40,8 миллиард АҚШ долларын құрайды. «Шикізаттық емес өнімдер экспортын арттыру бойынша жоспарланған шаралар төлем теңгерімін айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік бермек. Коронавирус індеті салдарынан экономиканы қалпына келтіруге бағытталған қаржыландыру­дың көлемдерін есепке алғанда республикалық бюджеттің дефициті 2021-2022 жылдары ІЖӨ-ге, тиісінше, 3,5-3,3 пайыз деңгейінде болады деп болжанып отыр. Бюджет тапшылығының деңгейін 2024 жылға қарай ІЖӨ-ге 2,5 пайызға дейін қысқарту жоспарланған», – деп атап көрсетеді талдаушылар.

Әрине, инфляция да эконо­микалық өсуге өз түзетулерін енгізіп-ақ бағуда. Бұл, бәрінен бұрын кейінге қалдырылған сұраным бар екеніне, ұсыныс тапшылығына және биржалық тауарларға бағалардың жылдам өсуіне негізделіп отыр. 2021 жылы азық-түліктік тауарлар (майлар, дәнді дақылдар, сүт өнімдері, т.б.), сондай-ақ қызмет көрсетулер (көлікпен тасымалдау, коммуналдық және басқалары) айтарлықтай қымбаттап кетті. Халықаралық валюта қорының мәліметтері бойынша азық-түлікке әлемдік бағалар шамамен 40%-ға артқан. Бірқатар дамушы елдерде бағаларға қысымдар импорттық тауарлардың қымбаттауы есебі­нен де күшейе түскен. Бұл ретте Қазақстан да айрықша ерекше­ленбейді, керісінше, біздің еліміз күні бүгінге дейін азық-түлікті де, халық тұтынатын тауарларды да қыруар көлемде импортқа алдырады.

Міне, нақ осының салдарынан Қазақстанда инфляция 2021 жылғы мақсатты бағдарлардан асып түскен. Ұлттық банктің өткен жылға инфляция бойынша болжамдары 8,5-8,7 пайызды құраған еді. Бұл ретте нақ осындай мән-мәтіндегі «ресми болжамдар» туралы әңгіме қозғаудың еш реті жоқ сияқты. Оның үстіне індет те өз түзетулерін енгізіп қойған жоқ па?

Бағалар тауарлар мен қызмет көрсетулердің барлық категорияларына да өсуде. Халық бағаның бұл өсуінен біраз абыржып қал­ғаны даусыз.

Алайда, келіп жеткен жаңа 2022 жылы бәрі де басқаша өрістемек: «Бұдан әрі сыртқы инфляциялық жағдайдың жеңілдеуін есепке алғанда және инфляцияға қарсы әрекет ету шараларын жүзеге асыру нәтижесінде 2022 жылдың аяғына қарай инфляция 6-6,5 пайызды құрайды деп күтілуде».

Солай болатынына үміттенеміз, әйтсе де алдымызда айтарлықтай күрделі кезең күтіп тұр. Мәселен, Халықаралық валюта қоры таяудағы үш жылда инфляциялық жағдайдың әлемнің дамыған және дамушы елдерінде әлі де болса қауіптірек күйде сақталатынын болжап отыр.

Қазақстан қаржыгерлер қа­уымдастығының экономистері көптеген елдерде 2020-2021 жылдары қабылданған ақша-кредит және бюджеттік саясаттарда­ғы ауқым­ды шаралардың экономикалық құлдыраудан сақтап қалғаны­на және былтырғы жылы экономи­каларды қалпына келтіруге ынта­ландырғанына сенімді. «Алайда, дамыған елдерде экономиканы монетарлық ынталандыру мен инфляцияны бақылауда ұстауға қажеттілік арасындағы тепе-тең­дікті сақтау одан әрі жалғасын тауып жатса, жоғары инфляция мен инфляциялық болжамдардың өсе түсуі жағдайындағы (Ресей, Қазақстан, Бразилия, т.б.) дамушы елдердің орталық банктері монетарлық саясатты қатайтып, негізгі мөлшерлемелерді арттыруға шешім шығарған», – деп пайымдайды талдаушылар.

Нәтижесінде АҚШ Феде­ралдық резервтер жүйесінің ынталандыру бағдарламалары­нан біртіндеп бас тарту туралы риторикасын қатаңда­туы АҚШ долларының негізгі әлемдік валюталарға қарағанда нығаюына және америкалық мемлекеттік облигациялар табыстылығының өсуіне алып келді. Өткен жыл­дың қаңтар-қараша айлары ара­лығының қорытындылары бойынша АҚШ долларының индексі 89,2-96,9 базистік пункт аумағында жылжи отырып, 6,8 пайызға өскен, ал АҚШ-тың он жылдық мерзімдік мемлекеттік облигацияларының табыстылығы жоғарыда аталған уақыт аралы­ғында 53,2 пайызға артқан. «АҚШ долларының жаһандық нығаюы дамушы елдердің валюталарына, соның ішінде теңгеге де қысым көрсетуде. 11 айдың қорытындысы бойынша мұнайға бағалардың әжептәуір өскеніне қарамастан, біздің ұлттық валютамыз 3,5 пайызға әлсіреген, ал ресейлік рубль болса, 0,2 пайызға нығайған. Ішкі валюталық на­рықта сұраныстың өсуі теңгенің нығаюын тежеп отыр», – деп атап көрсетеді Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының мамандары.

Шындығына келгенде, қа­зақ­­стандықтар өз валютасына соншалықты сенбегендіктен, доллар, евро мен рубльді сатып алуға ұмтылады. Ал, мұның бәрі соңғы жылдардағы тап осы сенімсіздіктің айғағындай, айырбастау пункттерінің таблосында өз көрінісін табады.

Дегенмен, табалдырықтан аттаған жаңа жылға үміт артуға негіз де жоқ емес. Қазақстан қар­жыгерлер қауымдастығының сарапшылары жаңа тарихи максимумдарды сынақтан өткізіп, негізгі қор нарықтары өрлеу трендін айғақтауда екенін растап отыр. «2021 жылғы қаңтар-қарашада S&P 500 америкалық қор нарығының индексі, қыр­күйектегі түзетуді есепке алғанда, 20,6 пайызға көтерілген; ресейлік қор нарығы 20,4 пайызға өскен; ал Қазақстанның қор нарығы – 37,7 пайызға өсіпті, бұған неге қуанбасқа? Ең бастысы, қай компанияның көмегімен қор нарығына инвестициялауды айыра білсеңіз болғаны – соңғы бір-екі жылда лицензиясы бар брокерлер атын бүркеніп, нақ осы салада арсыз алып-сатарлар көбейіп кеткенін де ескертеміз.

ИСАТАЙ ҚАМБАРОВ

1660 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы