• Бизнес & Қоғам
  • 22 Қараша, 2012

Мен жастарға сенемін... Мақпал САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ

Бүгінде елімізде жастар саясатына белсене араласып, тығыз байланыс орнатқан 11 ұйым жұмыс атқарып келеді. Аталған осы ұйымдармен ел Үкіметі, министрлік бірлесе қызмет ете отырып, Үкіметке жастар бастамасы қорын құруды Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Жас Отан» жастар қанатының II съезінде тапсырған болатын. Сонымен қатар, Елбасы «Сарыарқа» велотрегінде өткен жиында жастар саясаты жөніндегі заң жобасын алдағы жылдың бірінші жартысына дейін қабылдануын міндеттеді.

- Бүгінгі күні жастар саясатына жаңа міндеттерді айқындау аса маңызды. Біріншіден, менің тапсырмам бойынша, 2020 жылға дейінгі мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы әзірленуде. Онда «Жас Отанның» 2020 жылға дейінгі стратегиясының негізгі ережелері қаперге алынуы тиіс. Қазір жастар саясаты жөнінде заң жобасы әзірленуде. Оны алдағы жылдың бірінші жартысына дейін қабылдау керек, - деген Мемлекет басшысы Үкімет пен «Нұр Отан» ХДП аталмыш заң жобасын әзірлеп, Парламентке енгізуді тапсырды.

Егемен елдің айбынды жастарымен мақтанатындығын ерекше ықыласпен атап өткен Елбасы съез барысында жасотандықтарды Парламент депутаттығына тарту мәселесіне тоқталды. Және бұл жұмыстарды жіті назарда ұстауды «Нұр Отан» партиясының еншісіне қалдырды.

- Жастар саясатының вертикалін әрбір қала мен шалғай орналасқан ауылдарға жеткізу керек. Сондай-ақ, жастар комитетінің рөлін ірі өндірістік ұжымдарда, бірлестіктерде күшейту қажет, - дей келе Нұрсұлтан Назарбаев жастар еңбек биржасының бірыңғай веб-порталын құруды ұсынды.

Еліміздің барлық аймағынан, таяу және алыс шет мемлекеттерден жастар ұйымдарының өкілдері, мәслихаттағы жас депутаттар, Елорда оқушылары, Парламент депутаттары мен «Нұр Отан» ХДР мүшелері қатысқан алқалы жиында Қазақстан басшысы ең алдымен жастарды жан-жақты қолдау тұрғысында мемлекетіміздің ұстанымы айқын әрі маңызды екендігін атап өтті. Солардың ішінде елімізде «Болашақ», «Жасыл ел», «Дипломмен - ауылға», «Жас мамандар резерві», «Жастар саясаты» сынды мемлекеттік бағдарламалар өмірге келіп, жастардың қажеттілігін жетілдіру жолында жүзеге асқандығы белгілі.

- Соңғы жеті жыл ішінде жастар саясатындағы жобаларды қаржыландыру он есеге өсті. Мәселен, жас мамандарды қолдау және оларды баспанамен қамтамасыз етуге биылғы жылдың өзінде 12 млрд теңге бөлінді. Мен 2020 жылға дейін жас отбасылар үшін 1,2 млн шаршы метр тұрғын үй салуға тапсырма беріп отырмын. Жасалынып жатқан осындай жақсылыққа еліміздің айбынды жастары түсіністік танытып, қолдау білдіріп отырғандығы көңіл қуантады, - дей келе өз сөзін жалғастырған Елбасы: «Төрт жыл бұрын «Жас Отанның» алғашқы съезінде мен «Жастар - Отанға» атты шараның тұсауын кескен едім. Осы шараның аясында жастарымыз игілікті іс тындырды, талай тың бастама көтерді. Ақтөбелік жастардың бастамасымен «Ауылдың өркендеуі - Қазақстанның өркендеуі» атты марафон-эстафета өтті. «Жасыл ел» жастар отрядтары құрылды. Ол 700 мыңнан астам жас қазақстандықты  біріктірді. Сіздердің қолдарыңызбен тұтас еліміз бойынша 640 мың көшет отырғызылды. 700-ден астам өзен-көл мен бастау-бұлақ қоқыстан тазартылды. 450 мың тонна қоқыс жиналды. Туған жерге жанашырлық осындай болуы керек. Мен ақтөбелік жастарға және «Жасыл елдің» отрядтарына қатысушылардың барлығына жалынды сәлем жолдаймын», - деп жалынды жастардың жігерін тасытты.

Осылайша, съездің бірінші бөлімінің соңында «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанатының 2020 жылға дейінгі «Жастар – Отанға» стратегиясы қабылданды.

Қарашаның 18-19 жұлдызы аралығында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде І Ұлттық студенттік Слет өтті. Шара аясында ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы Ұлттық студенттік кеңес құрылды. Мемлекеттік және мемлекеттік емес жоғары оқу орындарының студенттері қатысқан жиын шеңберінде студенттік ұйымдардың белсенділері мен жастар ұйымдарының өкілдері Ұлттық студенттік кеңес құрамына қабылданып, болашақта ынтымақтаса қызмет атқаратын болып уағдаласты.

Аталмыш білім ордасында өткен І Ұлттық студенттік Слетте Білім және ғылым вице-министрі Мұрат Әбенов студенттердің «ҚР жастар саясаты туралы заңын» әзірлеуде белсенділік таныту керектігін айта келе: «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, бізді алдымызда жастар туралы жаңа заңды қабылдау жұмыстары күтіп тұр. Осы ретте мен жастарымызды белсенді болуға, бұл заң жобасын жүзеге асыру барысында бізбен бірлесе, ақылдаса жұмыс істеуге шақырамын», - деді.

460 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы