• Үкімет: келелі міндеттер көшінде
  • 13 Қаңтар, 2022

Ел үкіметін ауқымды жұмыс күтіп тұр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 11 қаңтарда Мәжіліс отырысына қатысып, елдегі саяси және әлеуметтік-экономикалық салалардағы өзекті мәселелерді шешу бойынша сындарлы үндеу жасады. Жиында Президент Премьер-министр лауазымына тағайындауға келісім беру үшін Әлихан Смайыловтың кандидатурасын депутаттардың қарауына ұсынды. Талқылау барысында депутаттар Президенттің ұсынысын бірауыздан қолдады.

 

ӘЛИХАН СМАЙЫЛОВ ЕЛІМІЗДІҢ ЖАҢА ҮКІМЕТ БАСШЫСЫ

 

– Ол тәжірибелі маман, еңбекқор мемлекеттік қызметші. Статистика жөніндегі агенттіктің төрағасы, Президенттің көмекшісі, Қаржы министрі, Премьер-министрдің бі­рінші орынбасары болды. Қазақстан экономикасының болашағы туралы көзқарасы дұрыс. Нақты жоспары бар. Әлихан Асханұлы Үкіметтің жұмысын өте жақсы біледі. Өзіне жүктелген міндеттерді абыроймен атқарады деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қатысып отырған 89 депутат кандидатураны мақұлдап, дауыс берді. Мемлекет басшысы жаңа Премьер-министрге табыс тіледі.

Әлихан Асханұлы Смайылов 1972 жылы дүниеге келген. 1994 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін «қолданбалы математика» мамандығы бойынша тәмамдаған. 1996 жылы ҚР Пре­зиденті жанындағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжамдау институтының мемлекет­тік басқару магистрі дәрежесін алды. Әр жылдары қаржы вице-министрі, «ҚазАгро» ұлттық холдинг президенті, статистика агенттігінің төрағасы, Қазақстан президентінің көмекшісі, қаржы министрі қызметін атқарды. Үкімет отставкаға кеткенге дейін премьер-министрдің бірінші орынбасары болды.

Еліміздің жаңа тағайындалған Премьер-министрі өзіне артылып отырған сенім үлкен жауапкершілік екенін атап өтіп, Үкіметтің алдағы жұмыс жоспарына тоқталды.

– Мемлекет басшысының же­текшілігімен елдің егемендігі мен ұлттық қауіпсіздікті, бейбітшілік пен келісімді нығайтуға, халық үніне құлақ асатын мемлекетке бағыт­талған өзгерістер жүзеге асып жатыр. Азаматтардың заңды талаптары ескеріліп, іске асатын болады. Елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды тұрақтандыру, халықтың тұрмысын жақсарту туралы тапсырмалар Үкімет үшін басым міндет болады, – деді Әлихан Смайылов Мәжіліс отырысында.

Премьер-министр ел үкіметін ауқымды жұмыс күтіп тұрғанын, Президенттің жолдауларын, бастап жатқан реформаларын және тапсырмаларын, стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды іске асыру жұмыстары жүргізілетінін атап өтті. Алда тиімді макроэкономикалық саясатты жүзеге асыру, жаһандық өзгерістердің әсеріне ұшыраған инфляцияны біртіндеп төмендету және макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету сынды маңызды міндеттер тұр. Бизнес климатты жақсарту, халықты жұмыспен қамту мен жалақыны көтеру жөніндегі кешенді шаралар азаматтардың нақты табысының өсуіне ықпал етеді. Үкімет жұмысының басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру. Сондықтан мемлекеттік бюджетте тиісті шаралар көзделетін болады. Сонымен қатар әлі коронавирус пандемиясын еңсеру қажет. Үкіметтің алдына қойылатын міндеттерді шешу үшін барлық керекті шаралар қабылданатын болады.

ҮКІМЕТТІҢ ЖАҢАРТЫЛҒАН ҚҰРАМЫ БЕКІТІЛДІ

Елдегі жаппай наразылықтан кейін 5 қаңтарда Үкімет отставкаға кетіп, 11 қаңтарда жаңа Үкімет құрамы жасақталды. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрамы жарияланды. Осылайша, Мемлекет басшысының Қаулы етуімен:

Роман Васильевич Скляр – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары;

Ералы Лұқпанұлы Тоғжанов – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары;

Мұхтар Бескенұлы Тілеуберді – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі;

Бақыт Тұрлыханұлы Сұлтанов – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі;

Ғалымжан Тельманұлы Қой­шыбаев – Қазақстан Республикасы Премьер-министрі Кеңсесінің басшысы;

Мұрат Кәрібайұлы Бектанов – Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі;

Ерлан Заманбекұлы Тұрғымбаев – Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі;

Асқар Қуанышұлы Омаров – Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрі;

Ербол Шырақпайұлы Қарашөкеев – Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі;

Қанат Сергейұлы Мусин – Қазақстан Республикасының Әділет министрі;

Асхат Қанатұлы Аймағамбетов – Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі;

Ажар Ғиният – Қазақстан Рес­публикасының Денсаулық сақтау министрі;

Серік Жамбылұлы Шәпкенов – Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі;

Қайырбек Айтбайұлы Өскенбаев – Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі;

Ерұлан Кенжебекұлы Жамаубаев – Қазақстан Республикасының Қаржы министрі;

Дәурен Әскербекұлы Абаев – Қазақстан Республикасының Мәде­ниет және спорт министрі;

Юрий Викторович Ильин – Қазақ­стан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі;

Әлібек Сәкенұлы Қуантыров – Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі;

Бағдат Батырбекұлы Мусин – Қазақстан Республикасының Цифр­лық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрі;

Серікқали Аманғалиұлы Брекешев – Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі;

Болат Оралұлы Ақшолақов – Қазақстан Республикасының Энергетика министрі болып тағайындалды.

 

ХАЛЫҚ ҮКІМЕТ  ЖҰМЫСЫНАН НАҚТЫ  НӘТИЖЕ КҮТУДЕ

Министрлер кабинеті жасақталған соң, жаңа Үкіметтің алғашқы отырысы өтті. Жиында 11 қаңтарда ел Президенті Қ. Тоқаевтың Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзі барысында берген тапсырмаларын іске асыру шаралары белгіленді.

Министрлер кабинеті құрамына жаңадан қосылған министрлер ант қабылдады.

– Бүкіл еліміздің басына ауырт­палық түсіп тұрған қазіргі күрделі кезеңде біз Мемлекет басшысының зор сенімін ақтауымыз керек. Біздер, Үкіметтің жаңа құрамы халықтың өмір сапасын жақсартуға, экономика өсімін сақтауға және пандемияны еңсеруге, лаңкестер мен бұзақы, тонаушылар келтірген орасан шығынды қалпына келтіруге, елімізді жаппай дағдарыстан шығаруға бағытталған Президент тапсырмаларын орындау үшін бар күш-жігерімізді аямай жұмыс істеуіміз қажет. Халық біздің жұмысымыздан нақты нәтиже күтуде, – деді Үкімет басшысы Әлихан Смайылов.

Премьер-министр алдағы ау­қымды да күрделі міндеттерге тоқ­талып, нақты тапсырмалар берді. Олардың қатарында: Ә.Смайылов 20 қаңтарға дейін Үкіметтің 2022 жылға арналған іс-қимыл бағдарламасының жобасын әзірлеуді, қысқа мерзім ішінде ШОБ-қа мемлекеттік қолдау шараларын ұсынудың ашық әрі түсінікті тетіктерін әзірлеуді және даму институттары (ҚДБ, «Даму» қоры және т. б.) жұмысының тиімді­лігіне талдау жүргізуді тапсырды. «Самұрық-Қазына» қорындағы компаниялардың қызметін реформалауды тапсырды. Жаңа инвестициялық тұжырымдама әзірлеу тапсырылды. Өңдеуші өнеркәсіп саласын талдауды ескере отырып, экономиканың бәсекеге қабілетті секторларындағы жобалар пулын дайындауды жүктеді. Утилизациялық алым мәселесін реттеуді 3 министрлікке жүктеді. LRT жобасын одан әрі пайдалану нұсқалары бойынша нақты ұсыныстар енгізу міндеттелді. Үкімет басшысы күштік құрылымдарды реформалау бойынша тапсырмалар берді. Қарулы күштер мен барлау құрылымдарын реформалау бойынша ұсыныстар әзірлеу тапсырылды. Батыс өңірлерде техникалық мамандық гранттарының санын арттыру бойынша тапсырма берілді. Бизнес идеяларды іске асыруға арналған гранттар мен еңбекақы мөлшерін ұлғайту, жастар практикасына, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысу мерзімін арттыру бойынша шаралар қабылдауды тапсырды. 1 ақпанға дейін «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорын құру мәселелерін пысықтауды тапсырды. 

Бетті дайындаған –

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

319 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы