• Кәсіпкерлік
  • 14 Қаңтар, 2022

Кәсіпкерлік: Кредитпен бірге өнім сатып алу кепілдігі беріледі

Мемлекет басшысы Мәжілістің отырысында экономикалық саясатымыздың мақсаты – заман талабына сай әлеуметтік бағдары бар нарықтық экономика құру және дамыту екенін атап өтті. Бұл жүйенің өзегінде қоғам алдындағы жауапкершілігін сезіне білетін, яғни өзінің және балаларының тағдырын туған отанымен ғана байланыстыратын кәсіпкерлердің қалың тобы тұратыны анық.

Ел болашағы үшін өзіне жауапкершілік алуға дайын осындай кәсіпкерлер қауымының қалып­тасуы үшін бұл салада жүйелі жұмыстың жолға қойылуы аса маңызды. Осы орайда жаңа үкі­меттің кеше өткен отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов халықтың табысын арттыру,  ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту бағытында қарастырылып жатқан шаралар туралы айтты. «Мемлекет басшысы Үкіметке «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, екі ай мерзімде халықтың табысын арттыру бағдарламасын қабылдауды» тапсырды. «Халықтың табысын арттыру» бағдарламасы бойынша бірқатар ұсыныстар бар», – деді министр.

Осы орайда жалпы табыс пен жұмыспен қамтуды арттыруға бағытталған бастамалар көздел­ген. «Жеке қолдау шараларын: мамандық таңдауға, оқуға және жұмысқа орналасуға көмек көрсету үшін халықтың әлеуметтік осал топтары мен NEET санатындағы жастарды «ерте анықтау жүйесін» енгізу көзделіп отыр. Ақпараттық жүйелердің көмегімен іске асырылып жатқан ұлттық жобалар шеңберінде жұмыс орындарын құруды және жұмысқа орналастыруды бақылауды қамтамасыз ету жоспарлануда. Жұмысқа орналасуда жастарға, әсіресе NEET санатына басымдық берілетін болады», – деді Серік Шәпкенов.

Екіншіден, «Атамекен» ұлт­тық кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі шаралар кешені әзірленіп жатыр. Бұл шаралар ауылдардың мастер-жоспарларын қалыптастыруды, кәсіпкерлікке оқытуды, өнімдер мен қызметтерді сатып алуға кепілдік бере отырып, жеңілдетілген кредиттер мен гранттарды қамтитын болады.

Осы ретте ол жастардың жұ­мыспен қамтылуына ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті. Ми­нистрлік қазіргі уақытта жастарды жұмыспен қамтуға бағыт­талған «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобаларын жүзеге асыруда.  Ведомство басшысының айтуынша, бұл жобалардың тиімділігін арттыру үшін жастардың оларға қатысу мерзімі мен жалақы мөлшерін ұлғайту қарастырылатын болады.

Тұрақты жұмыс орында­рын құру шарттарының бірі – кәсіпкерлікті дамыту екенін айта келіп, министр: «Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жеке ісін дамытуға арналған грант мөлшері 200-ден 400 ай­лық есептік көрсеткішке дейін (612,6 мыңнан 1,2 млн теңгеге дейін) ұлғайтылады, сондай-ақ қаржыландыруға үміткер бизнес-жобалардың атаулы және баға­лануын күшейту бойынша шаралар кешені қабылданады», – деп түйіндеді.

БЕКЕТ КӨКЕНАЙҰЛЫ

413 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы