• Спорт
  • 21 Қаңтар, 2022

Жұптық сында ешкімге дес бермеді

Теннисші қызымыз Анна Данилина Австралияның Сидней қаласында өткен WTA 500 турнирінің жұптық сынында жеңімпаз атанды.

Жасыл құрлықтағы додада отандасымыз бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге жарыс­тың үшінші ракеткаларын жеңіп, турнирдің сенсациясын тірке­ді. Қазақстандық-бразилиялық жұп 1 сағат 5 минутқа созылған бәсекеде канадалық Габриэла Дабровски мен мексикалық Джулиана Олмосты 6:4, 6:2 есебімен ұтты. Анна мен Беатрис жартылай финалға шығу үшін ресейліктер Екатерина Александрова және Натела Дзаламидземен шебер­лік байқасты. Нәтижесінде жер­лесіміз басымдық танытып келесі кезеңге жолдама алды.

А.Данилина бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге жартылай финалда жарыстың 2-ракеткалары, жапониялықтар Сюко Аяома – Ена Шибахара­мен шеберлік байқасты. Бірін­ші партия­ның жетінші геймінде Анна мен Беатрис брейк жасап, сол басымдылықты сақтап қалды – 6:4. Екінші сетте тай-брейкте жапониялықтар айласын асырды. Есеп 7:6 (7:2). Супер тай-брейкте қазақстандық-бразилиялық жұп 5:2 есебімен алда тұрғанымен, қарсыластарының таразы басын теңестіруіне жол берді. Дегенмен сосын екі мини-брейк жасап, жеңісті жұлып алды – 10:6.

Осылайша жартылай фи­налда жапон аруларынан айла­сын асырған Анна мен Беатрис финалға шықты. Ақтық сында оларға германиялық Вивиан Хайзен мен венгриялық Панна Удварди қарсылас атанды. Ойын­­­ның бірінші партиясында гер­маниялық-мажарстан­дық жұп басымдылық көрсетті. Таблода есеп – 6:4. Екінші сетте Анна мен Беатрис брейкпен алға шықты – 2:0. Матч барысында олар сол басымдылы­ғын сақтап қалды. Есеп 7:5-ке жетті. Супер тай-брейкте де олар 4:0 есебімен алға шықты. Ойын соңында біраз мүмкін­дікті пайдалана алмағанымен, алайда алдыңға пар­тия­лардағы басымдықтың салдарынан жалпы жеңіспен ойынды тәмамдады. Шиеленісті ойынның соңғы кезеңінде 10:8 есебімен басым түсті.

Финалдағы тартысты матч 1 сағат 36 минутқа созылды. Бұл кездесуде қарсыластар қос-қостан брейк жасады. Анна Данилина жұптық сында спорттық жолында алғаш рет WTA 500 жарысының чемпионы атанды. Жерлесіміз халықаралық аренада жеке сайыстан гөрі жұптық бәсекеде анағұрлым жақсы өнер көрсетіп жүргені жасырын емес. Бұған дәлел, жуырда Үндістанның Пуна қаласында ITF W25 сериясы бойынша өткен турнирінің жеңімпазы атанды. Сол байрақты бәсекеде А.Данилина украина­лық Валерия Страховамен бірге финалда жапониялықтар Фуна Козаки – Мисаки Мацудамен бас жүлдені сарапқа салды. Қазақстандық-украиналық жұп тартысты матчта 6:0, 2:6, 10:5 есебі­мен жеңіске жетті. Анна Данилина осылайша жұптық сында ITF World Tennis Tour додаларында спорттық жолындағы 23-інші, 2021 жылдың 9-шы титулына қол жеткізді. Ол сондай-ақ былтыр Польшада WTA 250 жарысында алғаш рет чемпиондық атақты жеңіп алды.  Енді ол таяуда дәстүрлі жылда өтетін Австралия ашық чемпионатына қатысуды ұйғарып отыр. Айта кетерлігі, аруымыз қазіргі кезде жұптық сында әлемдік рейтингіде 75-ші орында тұр.

Сидней төрінде өткен дүбір­лі додада өкінішке қарай басқа жерлестеріміз жасындай жар­қырай алмады. Жекелей бәсекеде тәуір өнер көрсетіп келе жатқан еліміздің бірінші, әлемнің 12-ші ракеткашы Елена Рыбакина жарақатына байланысты жарыс­ты жалғастырудан бас тартты. Ол екінші айналымда франциялық Каролин Гарсиямен кездесуге тиіс болатын.

Ерлер арасындағы осы жарыс­та Андрей Голубев пен хорва­тиялық Франко Скугор корт ие­лері, австралиялықтар Мэтт Рид – Алексей Попыринге 3:6, 1:6 есебімен есе жіберді. Тағы бір жер­ле­сіміз Александр Недовесов пәкістандық Айсам Курешимен бірге жартылай финалға шығу үшін австралиялық Джон Пирс – слова­киялық Филип Полашекпен сынға түсіп, келесі кезеңге шыға алмады.

Жақында әйелдер теннисі қауым­дастығының (WTA) жаңар­­­тылған рейтингі жарияланды. Отан­­дық теннисші қызымыз Елена Ры­бакина әлемдік рейтингте ресми түрде 12-ші орынға көтерілді. Ол 13-ші орында тұр­ған американдық Совия Кенин­ді небәрі үш ұпай­ға басып озған. Жаңартылған рей­тінгте 11-ші орынға 2968 ұпай жи­наған ре­сейлік Анастасия Павлюченкова жайғасса, тунистік Онс Жабер 3500 ұпаймен үздік ондықты түйіндеп тұр.

Қазақстан теннисі тарихында бұрын-соңды ешқандай спортшы 12-ші орынға дейін көтерілмеген. Ел намысын қорғайтын тағы бір отандасымыз Юлия Путинцева да рейтингте бір саты жоғарылады. Қазір Ю.Путинцева 1400 ұпаймен 42-ші орында келеді. Сонымен қатар, төрт саты жоғарылаған Зарина Диас 732 баллмен 104-ші орынға көтерілген.

НҰРЛАН ҚҰМАР

343 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы