• Руханият
  • 30 Қаңтар, 2022

Еріктілер қаланы тазартуға кірісті

Қазіргі cәтте алматылықтар қаладағы бүлік салдарын жоюға білек сыбана кірісіп кетті. Таяуда қала әкімдігінің өртенген ғимаратында да аумақты тазарту жұмыстары басталды.

Ғимаратты тазалауға құрылыс компанияларының, мердігерлік және волонтерлік ұйымдардың өкілдері, Алматы тұрғындары қатысты. Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының басқарма төрайымы Лима Диастың айтуынша, қалалық әкімдіктегі тазалау шараларын жүргізуге жергілікті еріктілер ғимараттағы тазарту шаралары аяқталғанға дейін көмек көрсететін болады.

«Елдің жекелеген аймақтарында төтенше жағдай режимі жарияланған соң, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы, республикалық Вirgemiz еріктілер фронт-офисі және Ұлттық еріктілер желісі бірыңғай еріктілерді үйлестіру орталығын құрды. Мұнда біз еріктілерге қазақстандықтар­ға көмек көрсетуде ақпараттық және ұйымдастырушылық қолдау көрсетеміз. Қазір әр өңірде волонтерлер штабы жұмыс істейді. Өңірлік штабтарда ТЖ режимінің алғашқы күндерінен бастап біз тәр­тіп­сіздіктердің салдарын жоюға бағытталған жұмысқа көмектесуге дайын еріктілер тізімін құра бас­тадық. Бүгін елдегі жағдай бір­шама тұрақтанғандықтан, Алматы қаласындағы штабтың волонтерлері өртенген қалалық әкімдіктің ғи­маратын тазарту жұмысына қатысу үшін сенбілікке шықты. Біз бұл жұмысқа волонтерлік ұйымдарды барынша тартуға тырыстық. Сен­білікке каскадерлар клубы, Жансая Әбдімәлік шахмат клубы, Волонтерлер лигасы, Ұлттық еріктілер желісі, мүгедектер қоғамы, Лидер КЗ, Наркостоп, Қызыл крест, Top.kz, «Жас Отан» жастар қанаты, «HAQ» ҚБФ сияқты ұйымдардың 150-ден астам волонтерлері қатысты. Қала әкімдігінің аумағын тазарту жұмыстары бір күнде аяқталмайтыны анық. Біздің волонтерлер барлық сенбіліктерге шығатын болады», – деді Лима Диас.

Сонымен қатар, алматылық ерік­тілер бүгінгі таңда көмекке мұқтаж тұрғындарға азық-түлік себеттерін таратып, қан тапсыру науқандарына, тәртіпсіздік кезінде жоғалып кеткен адамдарды іздеуге қатысуда, сондай-ақ психологиялық көмек көрсетуге арналған 1414 жедел желі жұмысына қосылған.

Еске салайық, жаппай тәртіпсіз­діктер орын алған кезде Алматы әкімдігінің ғимараты толықтай жанып кеткен болатын. Кешен 1980 жылы салынған. 1991-1994 жылдары мұнда Президенттің резиденциясы, кейін Қазақстан Республикасының Үкіметі орналасты. 1999 жылдан бастап ғимаратта қала әкімдігі орналасқан.

Алматы қаласында мұқтаж жан­дарға көмек көрсету мақсатында еріктілер штабы жұмыс істей бастады. Штаб көмекке мұқтаж барлық қала тұрғындарына қолдау көрсетуді мақсат етеді. Волонтерлер штабында консультациялық, психологиялық, заңдық, ақпараттық-түсіндіру жұ­мыстары және шұғыл желі телефонына келіп түскен өтініштер бойынша волонтерлік көмек көрсетіледі. Штаб жұмысына Жастар ресурстық орталығы, «Қазақстан волонтерлер лигасы» ҚҚ, «Жас Отан» ЖҚ, Алматы мейірімділік клубы, Lider.kz және тағы басқа тәжірибелі волонтерлер мен қаланың ірі волонтерлік ұйымдары жұмылдырылған.

Бүгінде еріктілер бүлінген қала ішін қоқыстардан тазартып, қайта қалпына келтіруге көмектесуде. Еріктілер ең алдымен елдегі төтенше жағдайда қоғам қауіпсіздігі, тұрғындардың аман-дығы үшін күресіп жатқан аурухана қызметкерлері мен әскерилерге, сондай-ақ науқастарға, зейнеткерлерге азық-түлік пен тамақ үлестіруде. Қала тұрғындары, түрлі қауымдастықтар, қоғамдық қорлар мен кәсіпкерлер, тағы да басқа қала өміріне бейжай қарамайтын еріктілер бүгінде мұқтаж жандарға 21 тонна азық-түлік таратқан.

«Жастарға жол» қоғамдық қорының деректеріне сүйенсек, қаладағы аласапыран кезінде бірі тамақ істесе, бірі нан пісіріп, жан-жақты қолдан келген көмекті көр­сетуге тырысқан еріктілер көп болған. Түрлі көмек түрін ұсынған алматылықтардың көпшілігі қан тапсыруға да барған. Азық-түлікпен ғана емес, қаланы қайта қалпына келтіруге де біріккен жастардың қарасы қалың. Еріктілер азық-түлік себеттері мен басқа да көмек түрлеріне өз қаражатын жұмсаған. Қайырымды жандардан 35 млн. теңге қаржы жиналыпты. Қиын-қыстау кезеңде жақсылық жасауға ұмтылған алматылықтардың әрекеті көпке үлгі болатыны анық.

Ақерке Қасымбекқызы

691 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы