• Экономика әліппесі
  • 21 Қаңтар, 2022

Реформаға балама жоқ

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

Биылғы қаңтар қазақ табалдырығын қырыс мінез, қатулы қабақпен аттады.  Ат басына күн туса, ауыздықпен су ішер, ер басына күн туса, етігімен су кешер деген алмағайып заман орнады. Шөлмектің мың күн сынбай, бір күн сынатынындай, жылдар бойы қоғам өмірінде қордаланып келген сан мың  түйткіл жарылған сәт туды. Елдің елдігі, ердің ерлігі сынға түсті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жамиғаттың жүрегін сыздатқан осынау күрмеуі қиын күндер жөнінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің отырысында сөз сөйледі. «Тәуелсіздік тарихында біз алғаш рет аса күрделі және қатерлі кезеңге тап болдық. Ел басына түскен осындай сынақты қайыспай біртұтас ел болып еңсере білдік. Енді біз мұндай жағдайға ешқашан жол бермеуіміз қажет. Сондықтан, еліміз душар болған ауыр қасіреттің себептерін саралап, оның салдарына нақты баға беру – алдымызда тұрған өте маңызды міндет», деп атап өткен Президент  жамиғатқа арнауын «Қасіретті қаңтар сабағы» деп атады.

Бүгінде көзіқарақты қауым өткенге ойша көз жіберіп, егемендіктің отыз жылында табан тіреген белестер мен «қолды кеш сермеген» тұстарға сын көзімен қарай бастады. Бұл жөнінде Мемлекет басшы­сының «сол себепті оқиғаларды мұқият зерттей отырып, айтарым: жыл басынан бері орын алған барлық жағдайлар – бір тізбектің тармақтары деуге толық негіз бар», деуі пікірімізге жан бітіргендей. Президент сол тармақтарды тарқата келе, «орын алған қайғылы оқиғалар көп жағдайда күрделі әлеуметтік-экономикалық проблемалар мен кейбір мемлекеттік органдардың тиімсіз, дәлірек айтсақ, сәтсіз қызметі салдарынан болғанын мойындау керек. Жеке атқарушы органдардың күрделі шындықтар мен азаматтардың қажеттіліктерінен айтарлықтай алшақтауы байқалды. Күш құрылымдарының өкілдері халықтың өмірі, олардың тілектері мен өтініштері туралы бұрмаланған түсінік қалыптастырды. Теңсіздік мәселесі де шиеленісе түсті» деп атап көрсетіп, мәселенің мәнісіне үңілді. «Халықтың орташа табысы қағаз жүзінде болса да өсіп жатқандай көрінгенімен, жылдан жылға шиеленісіп барады. Дегенмен, біреудің қалтасын миллиондаған теңгемен қалыңдатып, біреудің алақанына қара бақыр болып түсетін орташа жалақы қоғамдағы аса терең мүліктік жіктелуді жасырады. Азаматтардың көптеген өзекті мәселелері шешімін тапқан жоқ. Халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын қамтамасыз ету – мемлекеттің басты міндеті, экономика өскен сайын халықтың барлық топтарының табыстары артуы керек деген аксиома біздің жағдайда жұмыс істемейді. Елімізде құрылған әлеуметтік-экономикалық жүйе ұлттық табысты бөлуде тиімсіз болып шықты. Қаржылық және олигархиялық топтар экономикалық өсудің негізгі пайдаланушыларына айналды. Олигополиялар еркін нарықтың дамуын айтарлықтай шектеп, елдің бәсекеге қабілеттілігін төмендетті». Бұл дәйекті Президент сөзінен алып отырмыз. Нақ осы түйткілдер турасында  саясаттанушы Шалқар Нұрсейіт кезінде «Қазақстанның жалпы байлығының 55 пайызы 165 адамның еншісінде»; ал сенатор, ғылым қайраткері Ақылбек Күрішбаев «еліміздегі 5,5 миллион га  құнарлы жер тек 21 адамның қолында», деп мәлімдеген болатын.

Мемлекет басшысы көтеріп отырған толғауы тоқсан тақырыпқа газетіміз көптен бері оқырман назарын аударып келеді. Мәселен, фармацевтикадағы ымы-жымы бір саудагерлердің өзара сөз байласып, нарықты басы-бүтін жаулап алуы, ауыл шаруашылығындағы алаяқтардың қаржыны қымсынбай қымқыруы, егіс науқаны мен жиын-терін кезінде сыбайлас жемқорлардың жанар-жағар май бағасын қолдан шарықтатуы туралы  талай рет мәселе көтерілсе де, жабулы қазан жабулы күйінде қалған. Жылдар бойы шешімін таппай келген көптің көкейіндегі осынау  түйткілдерге енді Президент биік мінберден басшылар мен қосшылардың, әкім-қаралар мен атқамінерлердің назарын аударды. Атап айтқанда мемлекет басшысы былай деді: «бүгінде бағаны ымыраласа отырып белгілеу қалыпты нәрсеге айналды. Мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың сатып алу саласында картельді келісімдер жасасу кеңінен тарап кетті. Мысалы, мен былтыр фармацевтика нарығындағы картельді ретке келтіруді тапсырдым. Бірақ, кейбіреулер заңнамадағы кемшіліктерді желеу етіп, бұл жұмысты аяқсыз қалдыруға тырысуда... Жылдан-жылға біздің азаматтарымыз бен кәсіпкерлеріміз жанар-жағар май өндіру және оны бөліп-тарату жүйесінің ашық болмауынан зардап шегіп келеді. Тіпті, жанар-жағар май бағасын жарты жыл бойы қолдан реттеуге мәжбүр болып отырмыз... Біз әлі күнге дейін бірқатар өнім түрінен импортқа тәуелдіміз. Жыл өткен сайын еліміздің төлем балансында өткір тапшылық байқалуда. Алюминийден, мыстан жасалған дайын бұйымдар және машина жасау саласына қажетті жабдықтар әлі күнге дейін шетелден әкелінеді… Әлде еліміздегі кейбір адамдар ахуалдың дәл осындай күйде болуына мүдделі ме?». Етектен тартқан кемшіліктің қай-қайсысының да атын атап, түсін түстеген Президент тілге тиек болып отырған, «кей адамдар» делінетін заңды-заңсыз тұлғалардың бірі, жалғанды жалпағынан басқан «ROP операторы»  компаниясының қызметін сын садағына алды.

Байқап отырғанымыздай, қазіргі қазақ қоғамы түбегейлі саяси-әлеуметтік, экономикалық қайта құруды қажет етеді. Бұдан былай ел бюджеті санаулы топтың сауын сиырына айналмауы тиіс. Атқарушы биліктегі абыройдан айырылған ат төбеліндей саяси топтың билеп-төстеуіне тосқауыл қойылуы керек. Ел тәуелсіздігін бекемдейтін реформаға балама жоқ. Ол үшін, Мемлекет басшысы атап өткеніндей, бәріміз бұл оқиғадан сабақ алуымыз керек. Ең бастысы, береке-бірлікті, тыныштық пен тұрақтылықты сақтауымыз қажет. Сонда ғана Қазақстанда дамудың жаңа кезеңі басталады. Бұл кезең шынайы жаңару кезеңі болуы үшін баршамыз жауаптымыз.

482 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы