• Өндіріс өрісі
  • 21 Қаңтар, 2022

ЖАҢА ӨНДІРІСТЕРДІ ДАМЫТУ ҚАЖЕТ

Ұлттық экономиканың тұрақтылығы мен өсу драйверлерінің негізгі көздерінің бірі – құрылыс саласы. Осы мазмұнына сай сала қарқынды дамып та келеді. Жалпы ішкі өнім құрылымында құрылыс үлесі өткен жылдың 11 айында 6,25%-ға дейін өсті. 

Президенттің тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін елімізде 103 млн шаршы метр тұрғын үй салынуы қажет. 977 мың отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі. Өткен жылдың соңындағы алдын ала деректер бойынша 16 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Баспана халыққа қолжетімді болуы тиіс.

Сондықтан тұрғын үй және құрылыс материалдары құнының қымбаттауына жол бермеу үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі құрылыс саласын цифрландыру, баға белгілеу жүйесін жетілдіру және құрылыстағы бақылауды күшейту, құрылыс материалдары өндірісін дамыту бағытында жұмыс істеуде.

Цифрландыру бизнес-процестердің ашықтығын, айқындығын білдіреді.  Қазірде құрылыс объектілерін онлайн форматта, оның ішінде (BIM-технологиялар) ақпараттық модельдеу технологияларын қолдана отырып модельдеуге мүмкіндік беретін Ақпараттық модельдердің мемлекеттік банкі жүйесі енгізілуде. «Е-Құрылыс» жүйесі арқылы онлайн-режимде шұңқырын қазудан бастап үйді пайдалануға бергенге дейінгі құрылыс процесін бақылауға болады. Үлестік қатысу шарттарын есепке алу үшін «Қазреестр» енгізілді. Ол жосықсыз құрылыс салушылардан үлестік құрылыспен баспана сатып алу тәуекелін барынша азайтады. «Маркетплейс» онлайн-платформасында компаниялар құрылыс материалдарын өндірушілерден делдалсыз тікелей сатып ала алады. «Е-Шаңырақ» платформасы – өз үйін басқаруда барлық ақпаратқа қол жеткізетін тұрғындардың жеке көмекшісі. Жалпы, саланы цифрландыру бойынша қабылданып жатқан шаралар бюрократияны төменде­тіп, құрылыстағы рәсімдерді жеңілдетеді. Мемлекеттік және квазимемлекеттік секторлар ин­вестицияларының қатысуымен салынатын объектілер құнын арттыруға жол бермеу үшін мемлекеттік сараптама порталында онлайн-калькуляторды (epsd.kz) енгізе отырып, құрылысқа жұмсалатын шығындардың шекті лимиттері белгіленді. Бірегей сметалық бағалар, олар­дың анықтамалары (прайс-па­рақтардың орнына) әзірленеді. Бұл өңірлер бойынша бір объектіні салу құнының ауытқуын, сондай-ақ жобалау және жобалық-сметалық құжаттамасын сараптау кезеңінде жобалардың сметалық құнының өсуін болдырмайды. Қолданыстағы заңнама бойынша мемлекет­тік сәулет-құрылыс бақылау органдары шағым түспесе тексеруге бара алмайды, объектілер­ді пайдалануға қабылдауға қатыспайды. Бақылаудың әлсіздігінен құрылыс салушыларда немқұрайдылық байқалып, объектілер кемшіліктерімен қабылданып жатады. Сондықтан мемлекеттік бақылауды күшейту үшін шұғыл шараларды қамтитын заң жобасы әзірленді. Онда аумақта құрылыс салуды сапасыз жоспарлауды болдырмау мақсатында қала құрылысы сараптамасын енгізу; құрылыстың барлық кезеңінде объектілерге жоспарлы бақылау енгізу және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары­ның объектілерді пайдалануға қабылдауға қатысуы; пайда­ланылатын материалдар мен орындалған жұмыстардың сапасына зертханалық және техникалық тексеру жүргізу үшін тәуелсіз мемлекеттік зертханалық қызмет құру көзделген. Сонымен қатар ретсіз құрылыс салуды болдырмау және қала құрылысын жос­парлауды реттеу шеңберінде халықаралық тәжірибені ескере отырып, халықтың жайлы тұруы үшін қалаларды кешенді салудың жаңа стандарттары енгізіліп жатыр. Стандарттар біріздендіріліп, онда қала аумақтарын кешенді дамыту қағидаттары; қала аумақтарын дамыту стандарты; қалалардың келбетін қалыптастыру стандарты; бос аумақтарды игеру стандарты; жобаларды әзірлеу және іске асыру бойынша нұсқаулық қамтылады.

Еліміздің құрылыс саласында 46 476 кәсіпорын жұмыс істейді, 641 мың қызметкер мен маман жұмыспен қамтылған. Құры­лыс материалдары өндірісінде 2 442 кәсіпорын бар болса, олар­да 26 мыңға жуық адам еңбек етуде. Өткен жылдың 11 айының қорытындысында құ­рылыс материал­дары өндірісі 9,2% өсіп, 820,2 млрд теңгені құраған. Өңдеуші өнеркәсіп құрылымында сала үлесі шамамен 5,5%. 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында бұл сегменттен ел экономикасына 33,8 млрд теңге салық түсті. Бұл өткен жылғыдан 1,3 есе жоғары көрсеткіш. Жалпы құрылыс материалдарының ішкі нарығы $2,6 млрд құрайды. Оның ішінде отандық өндіріс үлесі – 60%, импорт – 40%. Отандық өндірушілер ішкі нарықтың бетон, цемент, қабырға материалдары сияқты базалық құрылыс материалдарына қажеттілігін толық өтейді. Барлығында дерлік, құрылыста және жөндеу жұмыстарында қазақстандық гипсокартон мен құрғақ құрылыс қоспалары қолданылады. Алайда, әрлеу сегментінің қосылған құны жоғары тауарлары импортқа тәуелді болып отыр. Әдетте, бұл әрлеу материалдары, тұсқағаздар, линолеум, жылу оқшаулағыш материалдар, санфаянс және шыны бұйымдары. Пайдалануға беріліп жатқан жаңа тұрғын үйлердің көбейгенін ескерсек, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың қуатын арттырып, жаңа серпін­ді инвестициялық жобаларды іске асыру қажет. Бұл саланың им­портқа тәуелділігін азайтады. 2021-2025 жылдар кезеңінде жалпы сомасы 1 066 млрд теңгеге 165 жобаны іске асырып, 16,3 мың жаңа жұмыс орнын ашу болжанып отыр. Өңірлерге қатысты алғанда, ең көп жаңа инвестициялық жобаларды Ақмола, Түркістан, Алматы облыстары мен Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында іске қосу жоспарлануда. Биыл құрылыс материалдары өндірісінде екі ірі жоба іске қосылды: Біріншісі – Ақтөбе облысында Зерде-Керамика кәсіпорнын кеңейту шеңберінде жобалық қуаты 5 млн шаршы метр болатын зауыт елдегі керамикалық плиткалар өндірісі қуатын 3 есеге арттырды. Екінші жоба – желтоқсанда іске қосылған «Orda Glass» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің табақ шыны құюға арналған кәсіпорны. Техника­лық ерекшеліктерге сәйкес, зауыт алғашқы өнімін келесі жылдың сәуір айында нарыққа шығаруды жоспарлап отыр. 2022 жылы ашылатын бірқатар жаңа өндірістер қатарында: «Orient Ceramic» жауапкерші­лігі шектеулі серіктестігінің ірі көлемді керамикалық плиткаларды өндіру зауытын – қуаты 3 млн шаршы метр; «Bolashak Electric» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жабық вакуумдық ажыратқыштар мен микро-про­цессорлық жүйелерді өндіру зауытын – қуаты 10 мың бірлік өнім; «Valtherm» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің радиаторлар өндіру зауытын – жылына 7,2 млн дана; «SG Brick» жауапкершілігі шектеу­лі серіктестігінің еліміздегі ең ірі кірпіш зауытын – қуаты жылына 100 млн дана, атап өтуге болады.

Жаңа өндіріс орындарын құру мен жұмыс істеп тұрғандарын жаңғырту құрылыс материалдары бағасының қолжетімділігін қамтамасыз етіп, импортқа тәуел­ділікті азайтады. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар белсенді түрде жалғаса бермек. Осыған орай, құрылыс индустриясы жобаларын іске асырудың 2025 жылға дейінгі егжей-тегжейлі жол картасы әзірленеді. Нарықта делдалдар­дың жұмысына жол бермеу және құрылыс материалдарының құнын арзандату мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-пен бірлесіп, «Маркетплейс» онлайн алаңын өнеркәсіптік пайдалануға береді. Сонымен қатар ИИДМ Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен, әкімдіктермен бірлесіп құрылыс материалдары бағасының негізсіз өсу фактілері бойынша уақытылы әрекет ету шараларын қабылдап, тұрақты бақылау жүргізетін болады.

БОТАГӨЗ ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

748 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы