• Ақпарат
  • 21 Қаңтар, 2022

Коронавирустың жаңа штамына қайткенде төтеп бере аламыз?

Дүниежүзін  әуре-сарсаңға  салған коронавирус инфекциясының пайда болғанына  биыл  үш жылға таянса да, әлемдік медицина саласының ғалымдары мен мамандары  бірлесе дайындаған  вакциналар мен дәрілік препараттар қауіпті індетті түбегейлі жоюға  күші жетпей отырған сыңайлы. Өткен жылдың соңына қарай пайда болған коронавирустың жаңа «Омикрон» штамы күннен күнге емес, тіпті  сағат сайын  өршіп, төрткүл әлемді тағы бір дүрбелеңге  салды. 

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары аталған штамды COVID-19 індетіне қарсы вакциналардың тиімділігін төмендетуі мүмкін, бірақ бұл «Дельта» нұсқасына қарағанда қауіпті емес деген болатын. Қазіргі күні әлемдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақсыздығына байланысты көптеген мемлекеттер қатаң шектеу шараларын қабылдап жатыр, оның арасында Қазақстан да бар. Аталған штамм пайда болған сәттен елімізде шектеу шаралары күшейтіліп, жаңа штамм анықталған елдермен әуе қатынастары тоқтатылған болатын. 

Үстіміздегі жылдың қаңтар айында ДДСҰ-ның бас директоры Тедрос Гебрейюс  2021 жылы әлемде COVID-19-дан 3,5 миллион адам қайтыс болғанын, бұл АИТВ, безгек және туберкулез сияқты инфекцияларды біріктіргеннен де көп екенін айтқан еді. Ал індеттің жедел белең алуына алаңдаушылық таны­тып отырған ғаламдық сарап­шылардың көпшілігі оған қарсы жаппай иммундауды жүргізуге қолданыстағы дәрілерді өзгерту қажет деген пікірде.

Оңтүстік Африка республикасында табылған омикрон қазіргі таңда әлемнің 130-ға жуық  мемлекетіне  таралып үлгеріпті.

Мамандар өз зерттеулерінде оның жұқпалылығы сонша, «дельта» штамына қарағанда таралымы 5 есе жоғары, ол бір аптада 8 есе, бір айда 40 есеге дейін өсіп, тәулігіне 500 мыңнан аса жағдай тіркелгендігін анықтаған. Бұл жағдайға аландаушылық танытып отырған мемлекет, Сейсенбі күні Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов еліміз бойынша соңғы тәулікте 10 000-ға жуық вирус жұқтырғандар саны тіркелгендігін және бір айда 20 есеге өскендігін айтты. Ол эпидемиологиялық ахуалдың осыншама төмендеуін, яғни аурушаңдықтың артуын халықтың белсенді ішкі және сыртқы көші-қоны, ұзақ демалыстар, елдегі өткен толқулармен байланыстырса, екіншіден бір ғана ел астанасы­ның ауруханасында ем қабылдап жатқандар саны 200-ден 1000-ға дейін бес есеге ұлғайып, денсаулық сақтау саласына ауыр салмақ түсіріп отырғандығын жеткізді. Сонымен қатар 18 қаңтардағы Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният елімізде COVID-19-бен тәуліктік сырқаттану көрсеткіші 60 пайыздан асқан үш аймақты атап, солардың арасында Нұр-Сұлтан қаласындағы ауру санының көрсеткіші 32 есеге дейін артып, вирусты нақтылау мақсатында тәулігіне 10 мыңнан астам адам ПТР- тестен өткенін айтты. Бүгінгі таңда ел астанасындағы халықты вакциналау қарқыны 1,5 есе екендігін көрсетсе, ревакциналау 4 есеге төмен екендігін, ал оңтүстік астанада SARS-CoV2 ауруы 8 есе өскендігін мәлімдеді. ПТР-тестінің деңгейі қалыпты жүргізілгенімен, осы айдың өзінде 3,5 есеге артып, вакциналау 1,6 есе және ревакциналау 3 есе төмендеген. Министр қазіргі таңда шектеу шараларын енгізу әрбір нақты өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты сараланып жүзеге асырылып жатқанын, «Омикрон» түрінің клиникасы жіті респираторлық вирустық инфекция және тұмау белгілеріне ұқсастығын ескере отырып, тұрғындарды медицина­лық көмекке уақтылы жүгіну және КВИ белгілері пайда болған жағдайда жеке оқшаулану, дәрі­гер­ді немесе мобильді бригаданы үйге шақыру керектігін айтты.

 Сонымен жыл басынан бері COVID-19 індетін жұқтырып, ауруға шалдығудың жиырма мың­ның үстінде жағдайы тіркелген. Вирустың тәуліктік өсімі жағынан еліміздің түгелге жуық өңірі қызыл аймақта. Коронавирустың басқа түрлерімен салыстырғанда, «Омикрон» халықтың 20-30 жастағы ең белсенді топтарына жұғуға бейім. Сонымен қатар коронавирус инфекциясын қайталап жұқтырып алу қаупі бар көрінеді. Жаңа штамның пайда болуы мен таралуының алдын алу үшін ұжымдық иммунитеттің қажетті деңгейіне қол жеткізуіміз керек дейді мамандар. Бүгінгі таңда республикада 9 миллионнан астам адам екпенің бірінші компонен­тін, 8,5 миллионнан астам адам екінші компонентін салдырған. Одан бөлек, жасөспірімдер, жүкті және бала емізетін әйелдерді вакциналаудың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында ми­нистрлік «Pfizer» вакцинасының 4 мил­лионнан астам дозасын сатып алған. Алдағы уақытта 60 жастан асқан адамдарды ревакцинациялау үшін «Comirnaty» вакцинасын салуды жүргізу жоспарлануда.

Бұл ретте отандық ғалым, Қа­зақстан Профилактикалық медицина академиясының президенті, академик Алмаз Шарман вакциналау және ревакциналау аталған инфекцияны тежеудегі иммундық қорғаныстың жоғары деңгейі аса қажеттігін айтты. Ол қазірдің өзінде АҚШ пен Еуропада басымдылық танытып, Оңтүстік Африкада омикрон тудырған пандемия қауіпті инфекциялық ауру екендігін сипаттады. Әсіресе солардың арасында осал топқа жататын қарттар мен созылмалы ауруы бар науқастардың иммундық жүйесі инфекцияға төтеп беруге шамасы жетпейді екен. Сонымен отандық және әлемдік ғалымдар мен сарапшылардың деректеріне сәйкес, вакциналау мен ревакциналау  аталған штамды жұқтырған кезде оның бұдан әрі асқынуына жол бермеуге, сондай-ақ өлім-жітімге жеткізбей ауруханаға жатқызу 70 пайызға дейін қорғаныш мүмкіндігі бар екен.

 Жоғарыда аталған мәселеге байланысты Алматы қаласының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Қарлығаш Әбдіжаббаро­ваға жолыққанымызда ол елімізде эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасында қала «қызыл» аймаққа өткеніне 5 күн болғанын жеткізді. Жыл басында 1000-ға жуық жағдай тіркелсе, бүгінгі күні 3 мыңнан асып отыр.

Денсаулық сақтау министрлі­гінің қаңтар айының екінші онкүндігінде жүргізген талдауында омикрон штамы анықталған сынаманың 10-ға жуығы Алматы қаласынан шыққан. Алынған сынамалардың 71 пайызы «Дельта», 16 пайызы «Дельта-плюс» және 4,7 пайызы басқа штамдарды құраған. Қазіргі таңда оңтүстік астана­ның эпидемиологиялық ахуалы төмен, таралу коэффициенті 1:5, иммунитетті жеңу қабілеті мен қайта жұқтыру қаупінің жоғарылы­ғы және аурудың симптомсыз өтуінде туындап отырған жағдай. Бұл жұқтырған адамды уақтылы анықтауға және оны оқшаулауға қиындық туғызып тұрғандығына тоқталды. Сондай-ақ жаңа штамға байланысты КВИ жұқтырғандар 20 жастан 40 жасқа дейінгі аралықта 16,4 пайыз, жасөспірімдер арасында 1,1 пайызға күрт өсіп, зейнеткерлер 15 тен 12 пайызға, балалар арасында 4,6 пайыздан 3,5 пайызға дейін төмендегенін атады. Қазіргі мезгілде қаладағы иммундық қалыптастыру шамамен 60 пайызды құрайды. Бұл әлі қаладағы коронавирус инфекциясына төтеп беруге жеткіліксіз. Вакциналанба­ған азаматтарды вакциналау, ал вакцинаның екінші компонентін алғандар 6 айдан соң ревакциналау керектігін атады. Сонымен қатар қаланың бас санитарлық дәрігері «Ashyq» жобасына қатысатын және қатыспайтын әлеуметтік-экономикалық ны­сандардың жұмысын шектеу, тыйым салу және реттеу шараларына тоқталып, қазіргі таңда қалада COVID-19-ға қарсы вакциналауды және ревакциналауды жүргізуге қарамастан, мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар, кәсіпорындар персоналының кемінде 70 пайызы қашықтықтан жұмыс істеуге ауыстырылғанын айтты.

Алматы қаласында қаңтар айының 31-іне дейін мектеп оқу­шылары қашықтықтан оқыту форматына, ал ақпан айының 6-шы күніне дейін жоғары оқу орындары мен колледждегі барлық курстың студенттері аралас оқыту форматында білім алады. Студенттер үшін оқу орындары онлайн, практикалық, зертханалық және семинарлық сабақтар ыңғайлы кестеде жүргізілетін болды. Бұл індеттің шарықтауына байланысты қабылданған шешім. Қазіргі ахуалға қатысты бас санитарлық дәрігер барлық азаматтарды эпидемияға қарсы шараларды, әлеуметтік қашықтық пен бетперде режимін қатаң сақтауды, сондай-ақ вакциналау мен ревакциналау туралы мәселені кейінге қалдырмауға шақырды. «Тек ұжымдық иммунитет бізге коронавирустық инфекцияны жеңуге көмектеседі, бұл шектеулерді біртіндеп алып тастауға және әдеттегі өмірге ора­луға әкеледі», – деді Қарлығаш Хожаназарқызы.

 Алматы қаласы денсаулық сақ­тау басқармасының мәліметте­ріне сәйкес, үстіміздегі жылдың 18 қаңтар күні коронавирустық инфек­цияның 1580 жаңа жағдайы тіркелді (жергілікті), оның 1445-нің симптомдық белгілері бар және 135-і симптомсыз. Барлық емделіп шығарылғандар – 147, келіп түскені – 195.

Инфекциялық стационарларда (2380 төсек-орын) жалпы саны 1139 адам (оның ішінде 154-і бала) емделіп жатыр.

2022 жылғы 18 қаңтарға ар­налған COVID-19 қарсы вакциналау бойынша ақпарат: Алматы қаласы тәулік ішінде 1-ші компонентпен – 1 947 адам, 2-ші компонетпен – 1893 адам вакцинацияланды. 01.02.2021-18.01.2022 жыл аралығында қала бойынша 1-ші компонентпен – 1 090 869 адам, 2-ші компонентпен – 1 038 980 адам вакциналанды. Вакцина алғандардың жалпы санынан 60 жастан асқан қарт кісілер 123 636 адамды құрайды.

Бүгінгі таңда «Comirnaty» (Pfizer, США) екпесінің 1-ші дозасымен 34 583 адам, оның ішінде 1892 жүкті әйелдер (жүктіліктің 16-дан 37-ші аптасына дейін), 7244 емізулі аналар (босанғаннан соң 42 күннен кейін) және 12 жас­тан 17 дейінгі 25 447 жасөспірім егілді. 93 089 қала тұрғыны ревакцинадан өтті. Бүгінгі таңда қаладағы медициналық ұйымдарда 119 вакциналау пункті жұмыс істейді. 140 вакциналау бригадасында 522 медицина қызметкері жұмылдырылған.

ГҮЛМИРА МЕРАЛИНА

9671 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы