• Бизнес & Қоғам
  • 27 Қаңтар, 2022

Ең бастысы – бақылауды күшейту, жауапкершілікті арттыру

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

Ондаған жыл бойы жамиғат санасын құрсаулап кел­ген сірі мұздың көбесі сөгіліп, сең бұзылды. Ілгері басқан қадамды кері сүйреген, жігерді құм қылған біліксіздік пен бейқамдықтың, немқұрайдылықтың тамырына балта шабылды. «Өзім дегенде өгіз қара күшім бар» деп жүрген алпауыттар назары қаймана жұрттың аянышты ахуалына аударылды. Отандық ірі бизнес өкілдерімен кездесу өткізген Мемлекет басшысы қоғамның бай мен жарлыға жіктелуінің, сондай-ақ жыл сайын тереңдеп бара жатқан теңсіздік атаулының қатерлі де қауіпті екеніне тоқталып, жағдайды дереу өзгерту керектігін алға тартты.   
Президенттің пайымдауынша, бүгінде біздің ал­дымызда бүкіл елдің тыныс-тіршілігін түбегейлі өзгерту міндеті тұр. Ал, мұның стратегиялық мән-маңызы бар. Қағаз жүзіндегі әлеуметтік-экономикалық мәселе мен оның қазіргі шынайы жағдайының арасындағы алшақтық сын көтермейді. Сондықтан экономикалық саясатты қайта қарау жұмысына шұғыл түрде бірлесе кірісу керек. Таза, ашық және әділ іс-әрекеттердің жаңа тәртібін анықтаған жөн.
Атап айтқанда, аз ғана элиталық топтар ықпалының артуы және халықтың басым бөлігі табысының азаюы қауіпсіздікке айтарлықтай қатер төндіруде. Бұл қо­ғамның экономикалық, әлеуметтік, содан кейін саяси бөлінуіне әкеп соқтыруы мүмкін. Осыған орай елімізде қалыптасқан ахуалды талқылап, халық игілігі үшін билік пен бизнестің өзара ықпалдастығына қатысы бар ұрымтал тұстарды айқындау, қалталылардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыру қажет. Президенттің өзекті ұсыныстары ғалымдар мен сарапшылар пікірлеріне өзек болуда. Мәселен, экономист-ғалым Мағбат Спановтың айтуынша, әлеуметтік наразылықтар халықтың бағаның өсуі мен әлеуметтік жағдайдың нашарлауына енді шыдай алмайтынын көрсеткен. Қазіргі әкімшілік әдістермен бағаның шарықтауын және инфляцияны тежеу қиын. Бүгінде Ұлттық банк теңге бағамын түсірмеу үшін күн сайын дерлік 100-200 миллион доллар жұмсауда. Мұндай жағдайда экономикалық әдістерге жүгінген жөн, бірақ оларды жедел жүзеге асыру қиын. Тұрақты жұмыс орын­дарын құру, экономиканы экспортқа бағдарлау, несие-қаржы жүйесін тұрақтандыру уақытты қажет етеді. Экономистің пікірінше, Президент түйткілдерді анықтап, тапсырма беріп қана қоймай, олардың орындалуын бақылау және лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін арттыру жөнінде жүйелі жұмыс жүргізуі керек. Мұнымен қатар макроэкономикалық саясат іргетасын бекемдеп, фискалдық бақылау орнату, бюджеттің орындалуын қадағалау да қажет. 
Сөз болып отырған реформа «тартып алуды және қайта бөлуді» көздемейтінін айтқан Мемлекет басшысы ұлттық буржуазияны еліміздің әлеуметтік-экономикалық моделін қайта құру үдерісіне белсене атсалысуға тарту мақсатын алға қойып отырғанын атап өтті. Өндіріске инвестиция салу, сапалы жұмыс орындарын ашу және экспорттық әлеуетті өсіру бағытындағы игі істерге жауап ретінде мемлекет жеке меншікті қорғау бойынша кепілдікті арттыруға, тұрақтылық пен мемлекеттік реттеудің болжамдылығын қамтамасыз етуге, бәсекелестікті әкім­шілік ресурстардың араласуынан, жемқорлық пен фаворитизмнен қорғауға дайын. Бұл ретте сенімділік мәселесі алға шығады. Тарих көрсеткенін­дей, дәйекті макроэкономикалық саясат экономика субъектілерінің, соның ішінде орта және ірі бизнестің ұлттық валютаға деген сенімінің селдіремеуін қамтамасыз етеді. Мұндайда қалталыларды макроэкономикалық тұрақтылықты сақтауға, өндірісті әртараптандыруға үн­деуге тура келеді. Ал, бұдан бұрын да атап өткеніміздей, ел экономикасы әртараптандырылуының төмендігі төлем балансының тосын өзгерістерге сезімтал болуына себепкер. Аталған проблеманың негізгі шешімдерінің бірі ірі бизнесті қосылған құны жоғары тауарларды, атап айтқанда металдан жасалған бұйымдарды, химия өнеркәсібінің өнімдерін, жанар-жағар май мен құрылыс материалдарын, машина жасау саласының өнімдерін, зергерлік бұйымдарды өндіруге және олардың экспортын ұлғайтуға шақыру болып табылады. Міне, сондықтан да Президент импортқа тәуелділік мәселесін көптен көтеріп келеді. Отандық өндіріс шикізат секторында шоғырланғандықтан, бизнес пен халықтың дайын тауарларға қажеттілігін толық кө­лемде өтей алмауда. Осының салдарынан елдің импортқа тәуелділігі жоғары болып, тіпті өсе түсуде. Импортқа тәуелділік ресурстарды тиімді және ұтымды пайдалану арқылы ел ішінде өндіруге болатын салыстырмалы түрде қарапайым тұтынушылық тауарлар бойынша да байқалуда. Осындай тауарлар импортын алмастырудың алғышарттары шикізат базасын, тұрақты ішкі сұранысты талап етеді. Импортқа тәуелділіктің экспортты әртараптандыруға парапар ауқымда болуы тауар өндіруші бизнес өкілдеріне мемлекет тарапынан қолдау қажеттігін көрсетіп отыр. Президент жоғарыда атап өткеніндей, мемлекеттік қолдау өндірістің инновациялылығы мен тиімділігін арттыруға баса назар аудара отырып, тек қана бәсекеге қабілетті кәсіпорындарға берілуге тиіс. Ал мұның өзі стандарттау, сертификаттау және сапаны бақылау институттарын дамытуды қажет етеді. 
Макроэкономикалық саясат бюджеттік міндет­темелердің орындалуын қамтамасыз етуге бағытталғаны жөн. Фискалдық тәртіпке негізделген теңгерімді бюджет саясаты экономиканың және іскерлік белсенділіктің тұрақты өсуін қамтамасыз ету шарттарының бірі болып табылады. Міне, осыған орай салық органдарының талапшылдығын арттыру – кезек күттірмейтін шаруа. Бұл түйткілге арнайы тоқталған Президент «қолымызда түрлі себептерді сылтауратып, салықты толық төлеуден жалтарып отырған алпауыттар жөнінде арнаулы органдар ұсынған мәліметтер бар. Премьер-министрге осы мәселені түбегейлі шешуді және қазынаны тиесілі қаражатпен қамтамасыз етуді тапсырамын» деп, ірі компаниялардың салық төлеуі күрделі мәселе екендігін атап өтті. Қаржылық бақылауды күшейту, бизнес өкілдерінің жауапкершілігін артыру қажет деп отырғанымыз, міне, сондықтан.

1644 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы