- Бизнес & Қоғам
- 28 Қаңтар, 2022
Елімізде қанша шетелдік маман жұмыс істейді?

Қазақстанда 16 мыңнан астам шетелдік жұмыс істеп жатыр. Республикамыздағы шет мемлекеттерден келіп жұмыс істеп жүргендердің басым көпшілігі – Қытай азаматтары, деп хабарлайды Energyprom.kz сайты.
Атап айтқанда, өткен жылдың 1-ші қарашасына біздің елімізде 16,1 мың шетелдік азамат жұмыс істеген, бұл оның алдындағы жылға қарағанда – 1,4 пайызға артық деген сөз.
Басшы және олардың орынбасарлары болып жұмыс істеген шет елдіктердің саны соңғы бір жылда 1,7 пайызға, яғни 647 адамға дейін қысқарған. Ал құрылымдық бөлімшелер басшыларының саны 6,1 пайызға, 3,2 мың адамға дейін азайған.
Елімізде жұмыс жасаған шетелдік мамандар саны 7,7 мың адамды құрапты, бұл бір жыл бұрынғыдан – 6,1 пайызға көбірек.
Білікті жұмысшылар саны 718 адамды құраса, маусымдық кезең қызметкерлері – 769 адам, ал корпоративтік ауыстыру жолымен 2 мың адам жұмыс істепті (кесте).
Елімізде өткен жылдың 1-ші қарашасына шетелдік жұмыс күшін пайдаланатын 1,7 мың жұмыс беруші тіркелген. Сонымен қатар оларда 458 мыңнан астам Қазақстан азаматтары жұмыс істейді.
Еліміздегі шетелдік жұмыскерлердің көпшілігі Қытай азаматтары болып табылады: 4,1 мың адам, бұл бір жыл бұрынғыдан – 17,6%-ға көбірек.
Сырттан жұмыс күші келетін елдердің алдыңғы үштігі қатарына сондай-ақ Түркия (2,1 мың адам) мен Өзбекстан (1,8 мың адам) еніп отыр. ТОП-5 елді Үндістан (1,2 мың адам) мен Ұлыбритания (1 мың адам) қорытындылайды (1-инфографика).
2021 жылдың үш тоқсанының қорытындысы бойынша елімізге 7,2 мың адам келген, бұл бір жыл бұрынғыдан – 21,5 пайызға кем. Соның ішінде 6 мың адам – жұмысқа қабілеттілер: жылға шаққанда минус 12,1% құраған.
Елімізге келгендердің неғұрлым көбірек саны Маңғыстау облысының еншісінде – 1,3 мың адам. Бұл ретте алдыңғы аймақтардың үштігіне сондай-ақ Алматы мен Шымкент қалалары да кіріп отыр. Сырттан жұмысқа келгендер онша қызығушылық таныта қоймаған аймақ Қызылорда облысы: бар-жоғы 6-ақ адам.
Елімізге келгендердің арасындағы 711 адам Қазақстанға жұмыс бабымен келдік десе, 209 адам – оқуға келдік деген (бір жыл бұрынғыға қарағанда, тиісінше, 1271 және 84 адам болған) (2-инфографика).
Бұл ретте 500-ден астам отандық жұмыс берушілер шетелдік жұмысшы күшін заңсыз пайдаланғандары үшін жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі жөніндегі комитеті.
Жедел алдын алу шараларын өткізу кезінде елімізде 11,9 мың көші-қон заң бұзушылығы анықталған. Соның ішінде 8,9 мың – елімізде болу ережесін бұзған, 2809 – шетелдіктер тарапынан заңсыз еңбек ету фактілері тіркелген.
Ақерке Қасымбекқызы

1805 рет
көрсетілді0
пікір
ПІКІР ҚАЛДЫРУ
Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *