• Өндіріс өрісі
  • 26 Қаңтар, 2022

АЭА: Қызмет түрлері кеңейді

Экономика салаларын қолдау, өңірлердің әлеуметтік проблемаларын шешу, сыртқы экономикалық байланыстарды жандандыру, инвестициялар, технологиялар, зауманауи менеджментті тарту және де бәсекеге қабілетті әрі жоғары тиімді өндірістерді құру мақсатында арнайы экономикалық және индустриалдық аймақтарды дамытуға күш салынуда.

Бүгінде елімізде 13 арнайы экономикалық аймақ жұмыс істейді. 2002 жылдан бастап оларда 307 жоба іске асырылып, 21 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны құрылған.

Арнайы аймақтардың ерекше мәртебесінің арқасында кәсіп­орындарда 30-дан астам жаңа өнім түрлері, оның ішінде оптикалық құ­рылғылар, түнде көру аспаптары, бронетранспортерлер, локомотивтер, жолаушылар вагондары, премиум-класты құбырлар, мақта целлюлозасы, полипропилен жіптер және тағы басқа жаңа бұйымдар өндірісі жолға қойылды. АЭА қатысушылары үшін бизнесті мемлекеттік қолдау түрінде бірқатар жеңілдіктер жасалды. Мысалы, резиденттер корпо­ративтік, жер және мүлік салығын төлемейді, АЭА аумағында сатылатын тауарлар үшін қосымша құн салығының мөлшерлемесі 0-ге тең, жер учаскелеріне барлық қажетті инфрақұрылым тартылады, учаскелер АЭА режимінің барлық кезеңіне тегін беріледі, қатысушылар жалдау және жер салығын төлеуден босатылған. Өткен жылы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі республиканың бірқатар арнайы экономикалық аймақтарының тиімділігі үшін қызмет түрлерінің тізбесін кеңейтті.

Ведомство 2003 жылы құрылған «Ақтау теңіз порты» арнайы эконо­микалық аймағы Маңғыстау облысының әлеуметтік-эконо­микалық дамуына ерекше серпін беретінін атап өтеді. Бұл арнайы экономикалық аймақтың қыз­меті мұнай және мұнай-химия өнеркәсібін, құрылыс индустрия­сын, порттарды және туризмді дамытуға бағытталған. Енді «Ақтау теңіз порты» аталған жылу электр станцияларымен электр энергиясын өндіру, беру және тарату, ғимараттар құрылысы, қонақ үйлер және тұруға арналған орындар қызметтерін ұсыну, жеке немесе жалданған жылжымайтын мүлік­ті жалға алу мен басқару, демалыс пен ойын-сауықты ұйымдастыру қызметтері бағытындағы жобалармен айналыса алады.

Қазірде қарқынды дамып келе жатқан аймақтардың бірі – «Сары­арқа» АЭА. Онда дайын металл бұйымдары мен құрылыс материалдары: шарлы крандар, жылу оқшаулағыш құбырлар, отқа төзімді материалдар, жезден жасалған бұйымдар, дірілге және отқа төзімді бұйымдар шығарылады. Бұдан былай «Сарыарқа» АЭА-да істен шыққан көлік құралдарын, арнайы техника және ауыл шаруашылығы машиналарын, тоңазытқыштар мен олардың жабдықтарын жинап, өңдеп және қалдықтарды жойып, қалпына келтіре алады.

Ал «Qyzyljar» АЭА қызметі түр­лерінің толықтырылған тізбесіне ағаш массасы мен целлюлоза, қағаз, картон мен гофрокартон, олардан жасалған ыдыс, шаруашылық-тұрмыстық және санитарлық-ги­гие­налық мақсаттағы қағаз бұйым­дары, фармацевтикалық өнімдер мен препараттар, ветеринар­лық дәрі-дәрмектер өндірісі еніп отыр.

Сондай-ақ қызметтің басым түр­лерінің тізбесі «Turkistan» АЭА-да да кеңейтілді. Бұл ретте объектілерге кешенді қызмет көр­сету, аумақтарды абаттандыру қызметтері, жиһаз бен интерьер заттарын жөндеу, тамақпен және сусындармен қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсету, электрондық және оптикалық жабдықтарды жөндеу, басқа топтамаларға енгізілмеген ақ­параттық технологиялар мен жүйе­­лер саласындағы өзге де қызмет түрлері қосылды.

Бұдан бөлек, «Ұлттық инду­с­трия­лық мұнай-химия технопаркі», «Ақтау теңіз порты», «Сарыарқа», «Тараз химиялық паркі» және «Павлодар» АЭА-да  қызмет түрлері «Көпбейінді аурухана құрылысы және пайдалануға беру» тармағымен толықтырылды.

Ал АЭА аумақтарына келсек, өткен жылы олардың бірнеше­уі­нің аумағы ұлғайтылды. Атап өткенде, «Сарыарқа» АЭА ауданы жылу электр станциясын және ферроқорытпа мен кокс өндіретін зауыттар салу үшін 345,5 гектарға кеңейді. «Qyzyljar» АЭА-ға қағаз және қағаз өнімдерін өндіретін зауыт салу үшін 15 га қосылды. «Астана-Технополис» АЭА 83,7 га-ға ұл­ғайып, оның аумағында теміржол машина жасау кластері құрылды. Кезінде жеңілдіктер құрылыс индустриясына қатысушыларды қызықтырып, қысқа мерзім ішінде көптеген тұрғын үйлер және әлеу­меттік объектілер салынды. Елорданың сол жағалауында жаңа әкімшілік-іскерлік және мәдени орталық құрылды.

Ақерке Қасымбекқызы

502 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы