• Қаржы
  • 27 Қаңтар, 2022

Өсім болжамына сенім арта аламыз ба?

Жыл басында орын алған оқиғалардың экономикалық жағдайға әсері қалай болар екен деген сауал бүгінде көпшілікті мазалайтыны даусыз. Осы ретте шолуымызда Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының талдау орталығы ұсынған 2022 жылдың қаңтар айындағы қаржы нарығы кәсіби қатысушыларының кейбір индикаторларға қатысты кезекті сауалнама нәтижесіндегі ой-түйіндеріне тоқтала кетуді жөн көрдік.

Қаңтардағы аласапыран еліміздің имиджі мен инвести­циялық ахуалына үлкен нұқсан келтірді. Оны қалпына келтіруге біршама уақыт, бәлкім, тіпті ондаған жылдар кетуі де мүмкін. Бүкіл еліміз бойынша 1270-тен астам бизнес субъектісі зардап шегіп, 100-ден астам сауда үйлері мен орталықтары, сондай-ақ бірқатар отандық және шетелдік банктер тоналған. Көлемін арнайы үкіметтік комиссия бағалайтын айтарлықтай күрделі  материалдық шығын шегіп отырмыз. 
Батыстық және ресейлік БАҚ жазғанындай, тек интернеттің өшіріліп тастауынан ғана Қазақ­стан экономикасы 189 миллион доллар жоғалтқан. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәліметтеріне қарағанда, тәртіп­сіздіктер салдарынан келген за­лал­дың алдын ала сомасы 240 миллион доллардан немесе 10,5 миллард теңгеден асып түскен. 
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен мұнайға, газға, көптеген маңызды тауар­ларға бағалар тұрақтан­дырылды. Мораторий жарты жыл жұмыс істейтін болады. Сон­дықтан баға саясаты қатаң бақы­лауда болады және бұл эконо­ми­каның барлық салаларын қам­тиды, дейді сарапшылар. 
Әрине, мемлекет басшысы мен үкімет тарапынан қарастырылып отырған осындай нақты шаралар экономиканың қалыпты дамуына оңды әсерін тигізбек, дейді Қазақстан қаржыгерлер қауымдас­ты­ғының мамандары.    
Атап айтқанда, қауымдас­тық­тың талдау орталығы өткен аптада 2022 жылдың қаңтар айындағы қаржы нарығындағы кәсіби қатысушылардың кейбір индикаторларға қатысты ке­зекті сауалнамасының нәтижелерін ұсынған болатын. Осы шолуымызда соның жекелеген маңызды талдауларына тоқтала кетуді жөн санадық. 
«Мемлекет басшысының соңғы тапсырмалары мен мұнай коти­ровка­ларының қолайлы баға серпіні аясында қаржы нарығы сарап­шылары­ның бағам мен ин­фля­ция бойынша күтулері жақ­сар­ды», делінген талдауда.
Биылғы жылғы ақпанның бірінші жартысына қарай USD/KZT жұбы бойынша бағам бір долларға 435,9 теңге деңгейінде болады деп болжанады (желтоқсан сауалнамасында – 438,1 теңге). Сарапшылар соңғы күндердегі оқиғаларға байланысты курстың айтарлықтай өзгеруін күтпейтіні анық.
Алдағы 12 айда экономиканың өсуі бойынша кү­тулер жақсаратынын атап өтеміз, делінген Қазақстан қар­жыгерлер қауымдастығының талдауында. Бір жылдан кейін жалпы ішкі өнім 3,6 пайызға өсуі мүмкін (бұдан бұрынғы болжамда – 3,5%). Қаржы секторы сарапшыларының күтулері орташа консервативті болып қалу­да (2021 жылғы қаңтар-қарашада жалпы ішкі өнім өсімі 3,8%-ды құраған). 
Сонымен қатар, келесі 12 айдың көкжиегінде сарапшылар ағымдағы мәндерге қатысты Brent (-10%) бағасының төмендеуі кезінде USD/KZT (+3,3%) және USD/RUB (+2,4%) валюта жұп­тарының шамалы өсуін болжап отыр (инфографика).
«Бұл нәтижелер инвестициялық ұсыныс болып табылмайды және тәуелсіз сарапшылардың өз пікірлері екенін көрсетеді, сондай-ақ ұсы­нылған ұйымдардың да ресми пікірі болып табылмайды», делінген талдауда. Қазақ­стан қаржыгерлер қауымдастығы, сондай-ақ зерттеуге қатысушылар сияқты, осы шолуда ұсыныл­ған болжамдар үшін белгілі бір уақыттағы сараптамалық пікір­лерден өзге пікірлерге жауап бер­мейтінін де ескертеді.
Осы ретте әлемдік инфляция мәселесін де жіті ескерген жөн екенін айтқымыз келеді. Осы ретте «Біз, қалай күрессек те, АҚШ-тан келген инфляцияны жеңе алмаймыз. Цемент, металл, азық-түлік, шекарадан кіргізілетін тауар­дың бәрі автоматты түрде қымбаттап кетеді. Біз бекітіп алған мөлшерлемелерімізбен бұл қымбатшылыққа қарсы тұра алмаймыз. Өзге елдер де бұл түйткілмен бетпе-бет келіп отыр. Олар ақша­лай табысты индекстеу немесе тікелей төлемдер арқылы тұрмысы төмен топтардың табысын арттырып жатыр. Ал ішкі инфляция мөлшерлемеге, экспорттық және импорттық ағынға, сауда серіктес елдердің балансына тәуелді», – деді белгілі экономист, сарапшы Әсет Наурызбаев таяуда отандық ақпараттық құралдардың біріне берген түсініктемесінде.
Қорыта келе айтарымыз, шет­елдік сарапшылар мен рейтинг­тік агенттіктердің Қазақ­стан экономикасы дамуына жаңа жылға белгіленген бағалауларын қайта өзгертетіні еш дау туғызбайды. Қаңтардағы жайсыз оқиғалар аптасы біздің өзімізді де көп нәрсе­ге бұрынғыдан мүлде басқаша көзқараспен қарауға мәжбүр­легендей күйдеміз. Әрине, ресми билік тарапынан қолға алынып жатқан нақты шаралардың оңды нәтижелерге жеткізетініне үмітіміз мол. Әдетте болжамдарға сенімсіздікпен қарап келген көп­шіліктің де болашақтан жақсы нышандар күткен сеніміне селкеу түспесе екен дейміз.

ИСАТАЙ ҚАМБАРОВ

1335 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы