• Қаржы
  • 24 Қаңтар, 2022

Инфляцияны төмендетуге бағытталған қадам

Мемлекет басшысы Үкіметке Ұлттық банкпен бірлесіп инфляцияны бақылау шаралары кешенін әзірлеуді тапсырды. Осы ретте Ұлттық банктің инфляцияны төмендету жөніндегі алдағы жоспарлары, базалық мөлшерлемені көтеру себептері туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов айтып берді.

Ақылжан Баймағамбетов базалық мөлшерлемені көтеру – инфляцияға қарсы жалпы саясат негіздерінің бірі, инфляцияны одан әрі төмендетуге бағытталған қадам екенін атап өтті. Ұлттық банк былтыр желтоқсанда шешім қабылдаған уақытта инфляция мен инфляциялық болжамдардың орнықты фак­торларының тұрақ­тануын қада­ғалайтынын, сондай-ақ эпи­­демиологиялық жағдайдың қа­лай болатындығына байланысты ақша-кредит саясатын одан әрі қатаңдату туралы шешім қабылдайтынын атап көрсеткен болатын.

Биыл инфляция деңгейінің нысаналы бағдары – 4-6%, ал 2023 жылдан бастап 4-5%-ға дейін төмендейді. Президент орта мерзімді перспективада инфляцияны 2025 жылы 3-4%-ға дейін төмендетуді тапсырды. Бұл – межелі бағдарды біртіндеп төмендету міндеті 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған Ақша-кредит саясаты стратегиясында да қарастырылған. «Монетар­лық саясаттың трансмиссиялық тетігі инфляцияға кешігіп әсер ететінін ескерсек, қажетті нә­тижеге қол жеткізу үшін біз қа­зір­ден бастап барлық тәуекел ескерілген қажетті ақша-кредит шарттарын әзірлеуіміз керек. Осыған байланысты Ұлттық банк инфляцияны төмендету және инфляция­лық болжамдарды орнықтыру мақса­тында дезинфляциялық ақша-кредит саясатын жүргі­зуді жалғас­ты­ра береді», – дейді Ақылжан Баймағамбетов.

Ол үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп былтыр қыркүйек айынан бастап қолға алған 2021-2024 жылдарға арналған ин­фляцияға қарсы ден қою шаралары кешені, бірінші кезекте, инфляцияның монетарлық емес факторларын тұрақтандыру­ға бағытталғандығын атап өтті. Соның арқасында өткен жылы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға өсімі 9,9%-ға дейін төмендетілді және бұл жалпы бағаның өсуінде үлесі қомақты болған азық-түлік ин­фляциясының тұрақтануына (9,9%) оң әсер етті.

Ұлттық банк өз тарапынан дезинфляциялық ақша-кредит саясатын жүзеге асырды. Былтыр шілдеден бастап базалық мөлшерлеме үш рет, жалпы алғанда 9,0-дан 9,75 пайызға дейін, яғни 0,75 пайыздық тар­маққа көтерілді. «Үкіметтің, Ұлттық банктің және жергілікті атқарушы органдардың бірлес­кен іс-қимылының нәтижесінде Мем­лекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жылдың аяғында 8,5% инфляция деңгейіне қол жеткізілді.

Ал 2021 жылдың қорытындысы бойынша инфляция 8,4% болды. Алайда бұл әлі де межелі деңгейден жоғары және бағаның бұлайша өсуі біздің экономикамызға кері әсерін тигізуде», – деді бас банк бас­шысының орынбасары.

Азық-түлік тауарлары бағасы­ның өсуі бұрынғыша инфляцияға әсер ететін негізгі үлес болып отыр. «Осы ретте ескеретін жайт, өткен жылдың желтоқсан айында азық-түлік инфляциясының өсу қарқыны айтарлықтай төмен­деп, 2021 жылдың қорытындысы бойынша 9,9%-ды құрады, – деді Ақылжан Баймағамбетов. – Үкімет пен әкімдіктер негізінен әлеуметтік маңы­зы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұруға және олардың ірі қалаларға жеткізілу тізбегіндегі «осал жерлерді» анықтап, реттеуге күш салды. Бұл азық-түлік инфляциясын тұрақтандыруға мүмкіндік берді. 2020 жылмен салыстырар болсақ, өткен жылы көптеген азық-түлік бағасының өсу қарқыны бәсеңдеді. Көкөністер мен жемістер (жылдық өсу қарқыны 10,6%, 2020 жылы – 14,1%), май (17,6%, 2020 жылы – 21,6%), қант (15,1%, 2020 жылы – 32,8%) сияқты тауарлардың ин­фляцияға үлесі төмендеді. Алайда кейбір жекелеген азық-түлік түрлері бойынша 2021 жылы астық шығымының нашар болуына байланысты қалыпты баға өсімі әлі де сақталып отыр».

Жалпы әлемдік азық-түлік нары­ғында да осыған ұқсас жағдай орын алып отыр. Былтыр желтоқсанда ФАО азық-түлік бағаларының индексі бір айда 0,9%-ға біртіндеп төмендеді, бірақ жылдық бағаның өсуі әлі де өте жоғары – 23,1%. Бұл тұрғыда индекс соңғы 10 жылдағы ең жоғары мәндердің бірін көрсетіп отыр.

Ал азық-түлікке жатпайтын ин­фляцияға келсек, керісінше, халық­тың шектеу шараларына бейімделіп, тұтынушылық сұраныстың біртін­деп қалпына келуі, сондай-ақ өнім өндірушілерде шығынның артуы өткен жылы азық-түлікке жатпайтын тауарлар мен қызметтер инфля­циясының жедел өсуіне алып келді. Сондай-ақ дүниенің бар түкпірінде жалғасып отырған жеткізу тізбегінің бұзылуы, сауда саласындағы негізгі серіктес елдерде инфляцияның шарықтауы да бағаның өсуіне әсер еткен факторлардың бірі болып табылады. 2021 жылдың қорытындысы бойынша, 8,5% деңгейінде қалыптасқан азық-түліктік емес инфляцияға энергия ресурстарының (жанар-жағармай, дизель отыны, сұйылтылған газ) қымбаттауы анағұрлым көп үлес қосты, жалпы азық-түліктік емес инфляция 3,2 п.т. немесе ~38% болды. Бұл өнімдердің қымбаттауы экономикаға тікелей әсер етіп қана қоймай, өндіру мен логистикада жанар-жағармай қолданылатын тауар­лар мен қызметтердің бағасын көтеру арқылы жанама түрде қосымша инфляциялық қысым тудырды.

Ұлттық банк басшысының орын­­басары пандемия басталған уақыттағы бағалар мен тарифтер өсімін ұстап тұру да мүмкін болмай қалғанын атап өтті. 2021 жылы жекелеген ком­муналдық қызметтерге бағаның өсуі тіркелген болатын, оның ішінде электрмен жабдықтау 9,3%-ға, газбен жабдықтау 5,5%-ға өсті. Сұранысты қайта қалпына келтіру және ЖЖМ бағасының қымбаттауы көлік қызметі бағасының артуы­на ықпал етті. Дәстүрлі оқу форматына қайта оралу да өз кезегінде тұрғын үй жалдау (19,8%), білім беру қызметтерінің (7,9%) қымбаттауына себепші болды. Сондай-ақ импорт құнының көтерілуі мен зейнетақы жинақтарын шешіп алудың салдарынан құрылыс материалдары мен жөндеу жұмыстарының бағасы шарықтады. «Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар шаралар кеше­нін іске асыруға өткен жылдың қыр­күйегінде кірісті. Алайда, тұтыну нарығындағы қазіргі проблемалар тек қысқа мерзімді ғана емес, сондай-ақ орта мерзімді шараларды да қабылдауды талап етеді. Сондықтан шаралар кешенінің жүзеге асы­рылуының толық нәтижесін біз әлі көре алмаймыз. Бұл жұмыстар жалға­сатын болады», – деді ол.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, инфляцияға қарсы шаралар кешені осы жылдың ақпан айының соңына дейін өзектендіріліп, орта мерзімді кезеңде инфляцияның тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүм­кіндік беретін және оның 2025 жылы 3-4%-ға дейін баяулауына ықпал ететін жаңа шаралармен толық­ты­рылатын болады.

Жалпы, инфляцияға қарсы шаралар нарықтық қағидаттарға негіз­делуі керек және мұнда Қазақ­стан экономикасының бәсекеге қабі­леттілігін арттыруға, басы артық дел­далдық пен мемлекеттің нарықтық процестерге араласуын қысқартуға байланысты құрылымдық өзгерістер болуы керек. Бұл шаралар инфляция мен болжамдарды 2025 жылдан бастап 3-4% ортамерзімді мақсатты дәлізге төмендетуге мүмкіндік бере отырып, Ұлттық банктің макроэкономикалық және оның ішінде ақша-кредит саясатының тиімділігін арттырады. «Биыл өткен жылдың жоғары базасы аясында инфляцияның бәсеңдеуі күтіледі. 2022 жылы бәсеңдеудің негізгі драйверлері ретінде инфля­цияға қарсы ден қоюдың жаңартылған шаралары, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын мемлекеттік реттеу, сондай-ақ рет­телетін коммуналдық қызметтер мен ЖЖМ бағасын осы жылдың бірінші жартыжылдығында өсіруге мораторий енгізу шараларын атауға болады. Сондай-ақ инфляцияның бәсеңдеуіне былтырғы жоғары база­ның статистикалық нәтижесі ықпал етеді», – деді А.Баймағамбетов.

Ұлттық банктің Үкіметпен бірлес­кен шаралар нәтижесі ескерілген осы жылдың қаңтарындағы жаңартылған бағалауларына сәйкес, 2021 жылдың жоғары базасынан инфляциялық үдерістердің одан әрі баяулауы кү­тіледі. Осы жылдың соңына қарай инфляция 6-6,5%-ға дейін баяулайды. «Әрине, біз инфляцияның межелі дәлізіне қол жеткізуге тырысамыз, қазіргі уақытта бұл деңгей – дәліздің 4-6% жоғарғы шегі болып табылады. Міне, сондықтан, базалық мөлшерлемені 50 базалық тармаққа көтеру туралы шешім қабылданды», – деді ол.

А.Баймағамбетов макроэкономи­калық тұрақтылықты қамтамасыз ету бұрынғыдан да маңызды болып отырған қазіргі таңда Ұлттық банк өз тарапынан инфляциялық таргеттеу қағидаттарын ұстануды және дезинфляциялық саясат жүргізуді жалғастыратынын атап өтті. «Шешім қабылдау кезінде біз тәуекелдер балансына қараймыз. Өткен жылдың соңына қарай инфляцияның баяу­лауы­ның тұрақсыздығы және азық-түліктік емес инфляцияның жеделдеуі, сонымен бірге жоғары инфляциялық болжамдар – Ұлттық банктің мөл­шерлемені көтеру туралы шешім қабылдауына себепші болды. Қазір Үкімет әзірлеп жатқан инфляцияны бақылау жөніндегі шаралар кешені тиімді болады деп күтеміз», – деді ол.

Төраға орынбасары атап өткендей, бас банктің бұдан кейінгі шешімдері сыртқы сектор тәуекелдерін жүзеге асыруды, эпидемиологиялық ахуал­дың өршуін және инфляцияны тө­мендетуге орнықты тренд қалыптас­тыруды ескере отырып қабылда­натын болады. Шешім қабылдаудағы талдау­дың маңызды факторы – Үкімет­тің инфляцияға қарсы саясаты шарала­рының нәтижелері болмақ.

Үкімет пен Ұлттық банктің үйлес­тірілген шараларын сәтті іске асыру Мемлекет басшысы алға қойған мақсатқа қол жеткізу мақсатында 2025 жылы инфляцияны 3-4% дәлізінде төмендетуге және тұрақтандыруға мүмкіндік бермек.

Ақерке Қасымбекқызы

1331 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы