• Үкімет: келелі міндеттер көшінде
  • 27 Қаңтар, 2022

Өңірлер оң өзгерістерді сезінуі тиіс

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткен жылы қабылданған Маңғыстау және Атырау облыстарының кешенді жоспарлары өзектендіріліп, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарына арналған жоспарлар әзірленді. Батыс өңірлердің өркендеп, дамуын айқындайтын құжат Үкіметтің сейсенбілік отырысында қаралды. Сонымен бірге жиында санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға да назар аударылды.

Жаңа жоспарларды дайындау мен қолданыстағыларын өзек­тен­діру жайын баяндаған ұлт­тық экономика министрі Әлібек Қуан­­ты­ровтың айтуынша, батыс өңірлерді дамытудың 4 кешенді жоспарын қаржыландырудың жалпы көлемі 15,3 трлн теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен – 1,7 трлн теңге. Ми­нистрлік орталық мемлекеттік орган­дармен, әкімдіктермен бір­лесіп, өңірлердің әлеуметтік-эко­номикалық дамуына, тұрақты жұмыс орындарын құруға тікелей және жанама мультипликативтік әсерлердің жоғары әлеуеті бар жобаларды іріктеу бойынша жұмыс жүргізген. Толығырақ тоқталғанда, Ақтөбе облысының кешенді жоспары 92 іс-шарадан тұрады. Жоспарды іске асырудың жалпы сомасы 1,7 трлн теңге, оның ішінде республикалық бюджет – 343,3 млрд теңге, жергілікті бюджет – 165,6 млрд теңге, жеке инвестициялар – 1,2 трлн теңге. Кешенді жоспар шең­берінде жаңартылатын энер­гия көздерін дамыту, цемент өндіру зауытын, титан-цирконий кендерін қайта өңдеу жөніндегі тау-кен байыту кешенін салу және тағы басқа ірі жобаларды іске асыру көзделуде. Сонымен қатар шетелдік инвесторларды тарта отырып, ерекше индустриялық аймақ құрылатын болады. Көп­теген кәсіпорындар экспортқа бағдарланбақ. «Бұхара-Орал» магистральдық газ құбырының үшінші желісін салу және 85 ауылды газдандыру, сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы кәріз-тазарту құрылыстарын жаңғырту және тұрғын үй құрылысы аудандарында инженерлік-коммуникациялық желілер салу жоспарланып отыр. Бұдан басқа, 1300 шақырым­нан астам автомобиль жолы жаң­ғыртылады. Бұл өз кезегінде Ақ­төбе қаласының өсу орталығы және еліміздің батыс бөлігіндегі ірі көлік торабы ретіндегі рөлін күшейтуге ықпал ететін болады. Денсаулық сақтау және білім беру жүйелері қызметтерінің қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін қазіргі заманғы инфрақұрылым құрылады. 18 ауылда денсаулық сақтау нысан­дары, 16 орталық салынады, 224 мектеп жаңғыртылады. Сонымен қатар Ақтөбе қаласында колледж студенттері үшін екі жатақхана салу жоспарда бар.

Батыс Қазақстан облысын дамытудың кешенді жоспары жалпы сомасы 2,6 трлн теңгені құрайтын 116 іс-шарадан тұрады, оның ішінде республикалық бюджет – 416 млрд теңге, жер­гілікті бюжет – 118 млрд теңге, жеке инвестициялар – 2,1 трлн теңге. Өнеркәсіп және кәсіпкерлік саласында индустриялық аймақ құру, құю өндірісін, мұнайды терең өңдеу зауытын және цемент зауытын салу жоспарланған. Ауыл шаруашылығы саласында 2 жылыжай, 25 бордақылау алаңын, 10 сүт-тауар фермасын салу, 4 шарбақты балық өсіру шаруашылығын құру, суармалы жерлер алаңын 6,6 мың гектардан 50 мың гектарға дейін қалпына келтіру және кеңейту, Киров су қоймасын реконструкциялау көзделген. 1211 км сумен жабдықтау және су бұру желілерін, 46 км жылумен жабдықтау желілерін және 2051 км электр желілерін салу және реконструкциялау, 29,7 км «Ростоши-Тайпақ» газ құбырын реконструкциялау, сондай-ақ Орал қаласында автоматтанды­рылған газ тарату станциясын салу жоспар­ланып отыр. Бұдан басқа, 1842 км автожолға жөндеу және қайта жаңарту, Орал қаласының халықаралық әуежайын жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ емхана, кардиологиялық орталық, 74 мектеп, студенттерге арнал­ған 650 орындық жатақхана және 150 орындық мүмкіндігі шек­теулі жандарды оңалту орталығы салынады.

Атырау облысын дамытудың өзектендірілген кешенді жоспары жалпы сомасы 8,9 трлн теңге болатын 185 іс-шарадан тұрады, оның ішінде республикалық бюд­жет – 536 млрд теңге, жер­гілікті бюджет – 113 млрд теңге, жеке ин­вестициялар – 8,3 трлн теңге. Жоспар шеңберінде ауданы 400 га индустриялық аймақ құру, терефталь қышқылын өндіру зауытын және көтерме-тарату орталығын салу көзделген. Ауыл шаруашылығын дамыту бойынша 6 жылыжай, 5 мал бор­дақылау алаңы, 3 құс фабри­касы, балық өсіруге арналған 7 тоған шаруашылығы, сүт өңдеу цехтары және басқалары салынады. Халықтың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында 228 км электр желісін салу, 640 км автожолды жөндеу және қайта жаңарту, 13 елді мекенді газбен және сумен қамтамасыз ету, 6 ұңғыманы және «Тайсойған-Миялы» магистральдық су құ­бырын салу және тағы басқа жобалар іске асырылмақ. Ден­саулық сақтау саласында 2 емхана мен психикалық ден­сау­лық орталығын, 9 алғашқы меди­­циналық-санитарлық көмек нысанын және оңалту орталығын салу көзделген. Үш ауысымды және апатты мектептерді жою және оқушы орындарының тапшылығын азайту мақсатында 48 мектеп салынатын болады.

Маңғыстау облысын да­мытудың өзектілендірілген ке­шенді жоспары жалпы қаржы­ландыру көлемі 2,1 трлн теңгені құрайтын 226 іс-шарадан тұрады, оның ішінде республикалық бюджет – 375,2 млрд теңге, жергілікті бюджет – 118 млрд теңге, жеке инвестициялар – 1,6 трлн теңге. Өнеркәсіп саласында «Дунга» кен орнын игерудің 3-фазасын іске асыру, Ақтау қаласында мұнай-химия кешенін салу (3-кезең) және басқа да іс-шаралар жоспарлан­ған. Агроөнеркәсіптік кешені салаларында 25 инвестициялық жобаны іске асыру және балық шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидия­лау, сондай-ақ асыл тұқымды балық шаруашылығын дамыту жоспарлануда. Туризм саласында 14 нысанның құрылысы көзделген. Сонымен қатар 1060 км жергілікті маңызы бар автожолдарды, 88 км электр желілерін, 116 км жылу желілерін салу және жөндеу, сон­дай-ақ тұщыландыру зауыттары мен қондырғыларының 9 жобасын салу көзделген. Әлеуметтік саланы дамыту шеңберінде аудандық орталық аурухана, 24 мектеп және 11 жапсарлас құрылыс салу, 5 колледжді жабдықтармен жарақ­тандыру және тағы басқалар қарас­тырылған.

Жалпы, кешенді жоспарларды іске асыру батыс өңірлер эконо­микасының өсу қарқынын ұл­ғай­туға мүмкіндік береді, жеке инвес­тициялар ағынына серпін қосады және халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын арттыруды қамтамасыз етеді. Осылайша, 2025 жылға қарай төрт өңір бойын­ша шамамен 13 трлн теңге жеке ин­вестициялар тарту, 175 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын құру көзделіп отыр.

Үкімет басшысы жоспарлар экономиканың жекелеген сала­ларын дамытуға ғана емес, сон­дай-ақ сапалы сумен қамтамасыз ету, білім беру мен денсаулық сақтаудың қолжетімді болуы, жаңа жұмыс орындарын құру сияқ­ты маңызды мәселелерді шешуге бағытталуы тиістігін атап айтты. «Ең бастысы, өңір халқы оң өзге­рістерді барынша сезінулері тиіс, болашаққа сеніммен қарап, жұмыс істеп, табыс тауып, өзде­рінің бизнестерін дамытып, жақсы емделіп, сапалы білім алуы қажет. Халықтың тұрмыс сапасын айтар­лықтай жақсарту үшін барлық мүмкіндіктерді пайдаланған жөн», – деді Ә.Смайылов.

Елдегі санитарлық-эпиде­мио­логиялық жағдайды баяндау барысында денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният тоқталып өткен­дей, өңірлерде коронавирус инфекциясы әлі де өршіп тұр. Сары аймақта орналасқан Түр­кістан облысынан басқа бар­лық өңірлер қызыл белдеуде тұр. Вирустың ең көп таралуы Ақмола, Қарағанды, Павлодар облыстарында және елордада тіркеліп отыр. Ә.Смайылов елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды әрі қарай бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының алға қойған міндетіне сәйкес, карантиндік шектеулерді бизнес үшін жеңілдете отырып, қайта қарау тапсырылды. «Бизнестің жұмысына бөгет жасамай, туын­даған проблемаларды бірлесіп шешуіміз керек», – дей келе, Үкі­мет басшысы Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктерге вакциналау және ревакциналау жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Ботагөз ӘБДІРЕЙҚЫЗЫ

439 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы