• Бизнес & Қоғам
  • 03 Ақпан, 2022

Бизнес әлеуметке бет бұра ма?

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

Шағын және орта бизнес мәселелері әрдайым Мемлекет басшысының назарында. Толғағы тоқсан осынау түйткілге орай арнайы жиын өткізген Қ.Тоқаев «халық игілігі үшін билік пен бизнестің өзара ықпалдастығына қатысты жолдарды айқындау қажет екеніне» айырықша тоқталды. Президенттің пайымдауынша, бүгінде біздің алдымызда бүкіл қоғамдық тыныс-тіршілікті түбегейлі өзгерту, жаңарту міндеті тұр. Өйткені қағаз жүзіндегі әлеуметтік-экономикалық мәселе мен оның қазіргі шынайы жағ­дайының арасындағы алшақтық сын көтермейді. Сон­дықтан да шұғыл түрде экономикалық саясатты қайта қарау жұмысына бірлесе кірісу керек, таза, ашық және әділ іс-әрекеттердің жаңа тәртібін анықтау қажет. 

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының өткен жылғы 1 қаңтардағы мәліметтеріне сүйенсек, елімізде 1 610496 шағын және орта кәсіпкерлік нысандары тіркеліпті. Ұлттық экономикаға кәсіпкерлер қосып жатқан үлес халықаралық тәжірибемен салыстырғанда төмен. Былтыр бізде бұл көрсеткіш 31,6 пайыз болса, Германияда 57, Италияда 55, АҚШ пен Ұлыбританияда 52 пайыз екен. Жұмыс орындарын құруға келсек, Қазақстанда ол 22,5 пайызды, Италия мен Германияда тиісінше 71 және 70 пайызды құрайды. Үкімет ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнес үлесін 2025 жылы 35, ал 2050 жылы 50 пайызға жеткізуді көздеп отыр. Келешекке жорамал жасаған жақсы, бірақ бұл аталған межелерге жету барысында  көптеген кедергілерді еңсеруімізге тура келеді. Мәселен, тұтқиылдан тиген індет бизнес атаулыны тұралатып кетті. Статбюроның дерегіне сәйкес, пандемия кезінде 120 мыңнан астам шағын кәсіпорын жұмысын тоқтатқан, 6 мыңнан астамы таратылған. 35,9 мыңнан астам бөлшек және көтерме сауда, көлік жөндеу орындары, 11 мыңнан астам қызмет көрсету мекемелері қаңтарылып тұр. Барлық бизнес ұйымдарының 30 пайызын құрайтын бұларда біржарым миллионнан астам адам жұмыс істеп, күндерін көрген. Статистиканың бояма деректерінің өзі ақиқаттан жалтара алмай, қазір олардың түгелге дерлігі жұмыссыз екендігін мойындап отыр. Жығылған үстіне жұдырық болған омикрон штамы еңбек нарығындағы ахуалды ушықтыра түсті. Ол аздай, жергілікті атқамінерлер өлмешінің күнін көріп отырған кәсіпкерлердің түрлі қорларға қаражат аударуын талап етіп жатқанын әлеуметтік желілерден оқып-біліп отырмыз. 

Бұрынғы биліктің шағын және орта бизнесті дамыту жөнінде даңғаза мен дақпыртқа толы талай даурықпа науқанды бастап, оларды аяқсыз қалдырғаны белгілі. Қалай болғанда да кәсіпкерлікті дамыту кез келген мемлекеттің басты міндеті болып табылады. Мұнай мен газға, сирек кездесетін, аса қымбат металдарға, алтынға бағаланатын астыққа бай Қазақстанның іскер жандарға пайызсыз несие беру арқылы экономиканың қуатты секторын құру мүмкіндігі мол болды. Бірақ,   біліксіз басшылардың «қара алтынның» үстінде отырып, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі «Даму» қорын құрғаны, халықаралық қаржы ұйымдарына алақан жайғаны түсініксіз.  Күні бүгінге дейін Еуразия даму және қайта құру банкі, Азия даму банкі және БҰҰ Даму бағдарламасы арқылы 1 миллиардқа жуық, нақтылап айтсақ 952 миллион доллар қаржы тартқан. Құмға сіңген су сияқты болған  бұл ақшадан келген пайданың есебін жүргізген ешкім жоқ. Бірақ, алынған қарыз жұртты жұмыспен қамтып отырған кәсіпкердің қалтасынан төленуі тиіс. Сондықтан да түрлі қорлардың ел атынан сөйлеп, халықты берешек ұйығына батыра беруіне батыл тоқсауыл қойылуы керек. Тағы бір тоқталатын мәселе – бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі. Бұл терминнің мағынасына салықты толық көлемде әрі тиісті түрде төлеу, жұмыс орындарын сақтап қалу және жаңасын даярлау, қызметкерлердің құқықтарын қорғап, сақтау, әлеуметтік кепілдіктер беру,  қызметке жас мамандарды алу кіреді. Алайда, бізде соңғы жылдары қалыптасып қалған түсінікке сәйкес бұл жауапкершіліктің демеушілік көмек, қайырымдылық  деп ұғынылатыны рас. 

«Қазақстан халқына» қоры осы қағидатқа сай құрылған. Бұл жөнінде президент Қ.Тоқаев былай деді: «Мұның бюджет қоры емес, Қазақстан халқының қоры екенін тағы да қайталап айтамын. Сондықтан оның жұмысы ұзақ бюрократиялық рәсімдерсіз атқарылуы тиіс және батыл шешімдер қабылдануы керек. Көмек нақты, шұғыл және атаулы болуға тиіс. Ірі компаниялардың бәрі жыл сайын табыс салығының Үкімет белгілеген бөлігін пайдалы әрі қайырымдылық істермен айналысатын Қорға аударып тұрады». Ал, еліміздегі алпауыт компаниялар үлесі 0,2 пайыздан аспайды. Олардың біразы осынау ізгі іске бел шеше кірісуде самарқаулық танытып отыр. «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХІ съезіндегі сөзінде Мемлекет басшысы  олигополияның бір бөлігі, тіпті соның дәл өзі болып табылатын бизнестегі кейбір белгілі тұлғалардың президент бастамашы болған қайырымдылық акциясына қатысуға асықпайтындарын атап өтті. «Бұны қалай түсінуге болады? Сараңдық па, нигилизм бе, салғырттық па әлде менсінбеу ме? Қалай болғанда да, бұл сұрақтың жауабын алуға мемлекеттің құзыреті жетеді. Ірі бизнес тарапынан жасалатын қайырымдылық үдерісін реттейтін арнаулы Жарлық шығаруды жоспарлап отырмын», деді ол. Жарлық жақсы, әрине. Бірақ, жергілікті биліктегі шаш ал десе бас алатын белсенділердің қалт-құлт етіп отырған кәсіпкерлерге ауыз салмасына кім кепіл? Қазір ауылдағы қай шара болмасын олардың жәрдемінсіз өтпейтінін жақсы білеміз. Бұл мәселе кім-кімді де ойлантуы тиіс. Кәсіпкер мемлекеттен көмек күтеді. Сондықтан бұрынғы баянсыз бағдарламаларға бөлінген миллиардтаған қаражаттың кіріс-шығысын есептеп, қайтару керек, кәсіпкерлікті қолдауға жұмсау  қажет. Цифрландыру  бойынша президент Қ.Тоқаевтың  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі кеңесте мемлекеттік құрылымдар әзірлеген бар­лық ақпараттық жүйеге тексеру жүргізуді тапсыруын бұл бағыт­тағы алғашқы нақты қадам ретінде қарастыруға болады.

1549 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы