• Қаржы
  • 04 Ақпан, 2022

ЖІБЕК ЖОЛЫНЫҢ ЖАҢА ҒАСЫРДАҒЫ ҰЛЫ ЖОБАСЫ

Немесе Орталық Азиядағы көлік дәлізі аймақтағы бес мемлекеттің 
ішкі жалпы өнімін 15 пайызға көбейтеді

Көрші мемлекеттер арасындағы сауда-саттықты жандандыру үшін көлік дәлізінің маңызы аса зор. Соның нәтижесінде экономикасы дамыған көрші Қытаймен арадағы транзиттік ағыстарды ұлғайту ерекше маңызға ие.

Бұл – тек Орта Азия елдері үшін ғана емес, Қытайдың өзі үшін де пайдалы. Соның арқасында көрші мемлекет транзитті-көлік бағыттарын диверсификациялап, интеграцияланған логистикалық шешімдерді іске асыруды күшейте түсті. Сөйтіп, жерүсті көлік дәлізі іске қосыла бастады.

Әлбетте, мұндай маңызды шаруа мүдделі екі тарап жағынан да қаржы бөлуді талап етеді. 2025 жылға дейін Қазақстан дәл осы мақсатта жиырма миллиард доллар қаржы бөлуді жоспарлап отыр. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жаңа көлік коммуникацияларының құрылуы бүкіл Орта Азия аймағы үшін тиімді болмақ.

Бүкіләлемдік банктің бағалауы бойынша Орталық Азиядағы көлік коммуникацияларының дамуы ай­мақтағы бес мемлекеттің ішкі жалпы өнімін 15 пайызға дейін ұлғайтуға септесетін көрінеді.

– Әлбетте, бұл – теңдессіз резерв, сондықтан оны пайдалануға тиіспіз. Қазақстан осы бағыттағы кез келген аймақтық ұсыныстарға ашық болады, – деп атап көрсетті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Рас, «Бір белдеу – бір жол» жобасы шешуші маңызға ие. Сол арқылы тек Орталық Азия үшін ғана емес, ұлан-байтақ Еуропа үшін де Қытаймен сауда байланысын орнату жеңілдемек.

Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар айының соңында Қазақстан мен Қытай арасындағы және Орталық Азия елдері арасындағы әріптестік туралы ресми мәлімдеме жасады. Әрі оның маңыздылығына тағы бір мәрте тоқталып өтті.

– Екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастың негізі тереңде жатқанын ескеруге тиіспіз, – деп атап көрсетті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 25-қаңтарда өткен бейнебайланыс режиміндегі «Орталық Азия – Қытай» сам­ми­тінде.

Бұл саммит Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы дипло­ма­тиялық қатынастар орнауының 30 жылдығына арналған болатын.  Осы жиындағы маңызды мәселе мынада дер едік: алдымен Қазақстан аймағы арқылы өтетін магистральды көлік дәлізі Қытай тауар өндірушілерінің Еуропаның, Таяу Шығыс пен ТМД елдерінің нарқына шығуын барынша жеңілдете түседі.

Ляньюньгандағы терминал, Қор­ғастағы жерүсті порты және «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» авто­магистралі сияқты бірлескен инфра­құрылымдық жобалар «Бір белдеу – бір жол» мегажобасының тірегіне айналып отыр.

ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің Ұлы Жібек жолы тарихи бағытын жаңғыртқан осы көлік дәлізінің іске қосылғанын тұңғыш рет Қазақстан астанасында ресми түрде мәлімдегені белгілі. Демек, әлемдік деңгейде маңызы бар бұл жобаның түбегейлі іске асуында әлемдегі екінші экономика аталып отырған Қытай тарапы Қазақстанға ерекше маңыз береді деген сөз.

Өз кезегінде оның біздің тарапқа да үлкен жауапкершілік жүктейтінін ескеруге тиіспіз. Мемлекеттер арасын байланыстыратын көлік дәлізіне негізделген жан-жақты сауда байланыстары тек жерүсті жол қатынасына негізделмейді. Себебі, бұл жердегі басты мақсат атақты Жібек жолының дәстүрімен Еуропа және Азия ара­сын­дағы сауда қатынастарын жандандыру болатын.

Бұл жерде Транс-Каспий дәлізі­нің маңыздылығына да тоқтала кетуге тиіспіз. Осы дәліз халықаралық сауда мен тауар айналымында көп нәрседен үміттендірген жоба болатын. Қазір Транс-Каспий дәлізінің аса ірі көліктік бағыт болатын мүмкіндігі зор екенін саяси сарапшылар айтып та жүр. 

Теңізбен қоса құрғақтағы көлік қатынасын біріктіретін Транс-Каспий дәлізі Қытай халық республикасынан Еуропаға дейін созылып жатыр. Жолдың негізгі бөлігі Қазақстан аумағында екенін ұмыт­пау керек. Оның үстіне соңғы кезде осы бір халықаралық сауда бағыты трансшекаралық сауда үшін маңыз­дылығын одан әрі арттыра түскені байқалады.

Дегенмен басқа қосалқы проблемалармен қоса қаржы тапшылығының жылдам дамып келе жатқан осынау инфрақұрылымдық дәліздің одан әрі өркендеуіне кедергі келтіруі мүмкін деген пікірлер де айтылып қалып жүр.

Транс-Каспий дәлізінің алдымен Орта Азия аймағы үшін, оның ішінде Ауғанстанды, Әзірбайжан­ды, Грузияны, Қазақстанды, ҚХР-ды, Қырғызстанды, Моңғолияны, Пәкістанды, Түрікменстанды және Өзбекстанды біріктіретін Орта­лық Азия аймақтық экономика­лық әріптестік ұйымының дамуы­на қаншалықты қажеттігін ескеруге тиіспіз.

Тура осы мақсатқа орай Азия Даму банкі мен Орталық Азия аймақтық-экономикалық әріптестігі институты бірігіп, «Транс-Каспий дәлізіндегі көлік қатынастарының дамуы» деп аталатын кітап жазып шығарғанын ескеруге тиіспіз. Шын мәнісінде бұл кітап осынау мемлекетаралық экономикалық сауда байланыстарын дамытудың түпнұсқалық бағыты болғанын да ұмытпау керек. Онда халықаралық Транс-Каспий көлік жолы ауқымында туындайтын мүм­кіндіктер мен оның негізгі идеялары туралы сөз қозғалады. Сондықтан осы кітаптың жарық көруіне әлемнің түпкір-түпкірінен көңіл бөлушілерінің көп болуы да заңды.

Транс-Каспий дәлізінің жетекші ойыншылары есебінде әуелі Қазақстан мен Түрікменстан ауызға алынады. Себебі, Каспий теңізі арқылы өтетін кең ауқымды көлік дәлізінде осы екі мемлекет көп нәрсені шеше алады. Еуропаға теңіз жолы арқылы өтуге тиіс Қытай тауарының тағдыры да алдымен осы мемлекеттердің қолын­да деуге әбден негіз бар.

Минералды ресурстардан түскен кіріс көлемі Қазақстан мен Түрік­менстанға порт, автомобиль және теміржол инфрақұрылымдарына ауқымды қаржы құюға мүмкіндік берді. Бұл да халықаралық сауда байланыстарында осы екі мемлекеттің бәсін біршама жоғарылататын фактор болып табылады. Осы жобада теңіз қатынасының қаншалықты маңызды екені айтпаса да, белгілі. Бұл орайда Қазақстан мен Түрікменстанға Әзірбайжанның да қосылатынын айта кетуге тиіспіз.

Аталмыш теңіз дәлізін іске қо­су­­да маңызды роль атқаруға тиіс Түрік­­менстандағы, Қазақстан мен Әзірбайжандағы шешуші үш порттың бір кезеңде, яғни 2018 жылдың екінші жартысында іске қосылуы да тегін емес. Себебі, бұл жерде де үш мемлекет арасында келісім мен ымыра болғаны даусыз. Түрікменстандағы Түркменбашы атты халықаралық теңіз портын іске қосуға бес жыл уақыт кетіп, 1,5 миллиард доллар шығындалғаны белгілі. Техникалық жетістіктердің арқасында ондағы жүк сыйымдылығы, мұнай өнімдерін есептемегенде, бұрынғы 18 миллион тоннаның орнына жылына 26 миллион тонна болды. Оған қоса 2018 жылы Ашхабадты Түркменбашы теңіз портымен қосатын 564 шақырымдық жол тартылды. Осы жобаның іске асуына Қазақстанның да қосқан үлесі зор. Қазіргі таңда қос құрлықты байланыстыруда шешуші роль атқарып отырған Құрық портының жұмысы соған дәлел. Ал қос құрлықты жалғастыратын құрғақтағы көлік дәлізінің ұзақтығы 365 мың шақырымнан асады.

ӨМІРЗАҚ МҰҚАЙ

1304 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы