• Қаржы
  • 11 Ақпан, 2022

Инвестиция ел игілігіне жұмсалуы тиіс

Жетпісбай  Бекболатұлы,
әл-Фараби  атындағы ҚазҰУ профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

Еліміздің бас банкінің мәліметі бойынша, тәуелсіздік жылдарында Қазақстан экономикасына тікелей шетелдік инвестициялар ағынының жалпы көлемі шамамен 350 миллиард долларды құраған. Бұл қаражат жері кең болғанмен, халқы шағын республикамыз үшін орасан зор сома. Аймақтар мен шаруашылық салаларын өркендетуге аямай ақша құйған жатжұрттық қалталылар қаржының еселеп қайтуынан дәмелі болатыны рас. Бірақ, судың да сұрауы бар. Күліп келген қарыз жылап қайтады. Сейсенбі күні Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөз сөйлеген президент Қасым-Жомарт Тоқаев тілге тиек етіліп отырған инвестиция мәселесі бүгінгі күннің түйткілдерінің бірі екендігіне арнайы тоқталды.

Өйткені, еркін экономикалық аймақтардың көпшілігі инвестиция әкелу үшін тиімді бола алмады.  Жарты триллион теңгеге жуық ауқымды салықтық ынталандыру топтамасына қарамастан, осындай жағдай орын алып тұр. Мұның нәтижесінде соңғы үш жылда еркін экономикалық аймақтарда өндірілген тауар көлемі ішкі жалпы өнімнің 1,5 пайызынан аспай отыр. Ал экспорттың үлесі жалпыелдік өнімнің 0,1 пайызын ғана құрайды. Осы мәселені реттейтін кез келгенін атап көрсеткен Мемлекет басшысы Үкіметке «бір ай ішінде заңға өзгеріс енгізуден бастап, барлық қажетті шараны қабылдауға, соның ішінде іштен және сырттан инвестор тартуға» тапсырма берді. Ал, экономист, профессор Мағбат Спановтың дерегіне сәйкес бағалы қағаздар депозитарийінің мәліметі бойынша Қазақстанда 180-190 мың ұлттық инвестор бар. «Бұл біздің ел үшін өте аз. 190 мың – халықтың бір пайызы ғана. Ал инвестор – азаматтық қоғамның экономикалық тұрақтылығының тірегі болып табылатын дәл орта тап. Менің көзқарасым бойынша, мұндай адамдар екі миллионнан бес миллионға дейін болуы керек», – дейді ғалым.

Ал, Lsm.kz ақпараттық көзінің жазуынша, Қазақ­станның сыртқы қарызы 166 миллиард доллардан асты. Қарыздың ең көп өсімі бас банкке тиесілі. Салалар бойынша сыртқы қарыздың 86,1 млрд долларлық негізгі үлесі  тау-кен өнеркәсібі мен карьерлерді қазу саласына келеді.  Сонымен қатар мемлекеттік басқару және қорғаныс секторының міндеттемелері 16 млрд., кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет 13,7 млрд., өңдеуші өнеркәсіп 12,5 млрд доллар қаржыны құрайды. Бұл ретте қаржы және сақтандыру саласының қарызы 10,6 млрд доллардан, көтерме және бөлшек саудада – 9,5 млрд доллардан, көлік және қойма шаруашылығында – 7,3 млрд доллардан асты.  Осы орайда жуырда Парламент Мәжілісінің отырысында депутат Мақсат Раманқұловтың Қазақстан халқынан ұрланған қыруар қаражатты елге қайтару мәселесін көтергеніне тоқтала кетпекпін. Ел қалаулысының айтуынша, соңғы 25 жылда елімізден шетелдік оффшорларға шамамен 140-160 миллиард доллар шығарылған. «ЭкспрессК» басылымы депутат сөзіне сүйене отырып, мынадай мәлімет келтіреді: «соңғы 5 жылда еліміздің құқық қорғау органдары каражатты шетелге заңсыз шығару фактілері бойынша 200-ден астам іс қозғаған. Алайда нақты нәтижелер туралы еш ақпарат жоқ. Кейбір олигархтар Қазақстаннан жеке ұшақтармен кетіп қана қоймай, қыруар қаржыны шетелдегі есепшоттарға аударғаны туралы ресми емес ақпарат бар».  М.Раманқұлов Қаржы мониторингі агенттігіне оффшорлық аймақтардан Қазақстан экономикасына нақты қанша қаражат қайтарылғаны туралы ақпарат беру жөнінде  сауал жолдаған болатын. Бір қуантарлығы – ел көкейінен шыққан осынау өзекті талап Президент тарапынан қызу қолдау тапты. «Шетелге заңсыз шығарылған қаражатты және онда сатып алынған активтерді елімізге қайтару жолдары жөнінде ұсыныс әзірлеуге Үкіметке 2 ай уақыт беремін», – деді Мемлекет басшысы. Сәтін салып, бұл қаражат қайтарыла қалғанда, сыртқы борышты мерзімінен бұрын өтеуге мүмкіндік туып, негізгі экспорттық сала – мұнай мен газды сатудан түскен табыс бүтіндей ел экономикасын дамытуға жұмсалар еді. Ал, ішкі резервтердің жоқтығынан қазір Ұлттық қорға ауыз сала бастадық. Бұл жөнінде профессор Мағбат Спанов  әлемде мұнай-газ ресурстарына деген көзқарас өзгеріп жатқандықтан, шикізат болашақта мұндай қомақты қаржылық кіріс енгізе алмауы мүмкін, сондықтан бұл қорды  мүлде пайдаланбау керек, деген пікірде.  «Үкімет қазір зейнетақы қорына «кіріп», медициналық сақтандыру қорының ақшасын пайдалана бастады. Ұлттық қордың мақсаты қандай болды? Ол «Болашақ ұрпақ қоры» деп аталады, қазір сол жерден ақша жұмсап жатырмыз. Балалар мен немерелерге ғана емес, шөберелерге де қарыз болдық!» – дейді профессор.  

Бүгінгі таңда Үкіметтің басты міндеті – халықтың әл-ауқатын арттыру, азаматтардың табысындағы алшақтықты азайту және еңбек етуге қолайлы жұмыс орындарын ашу. Осы күндері 1 миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді. Бұл – соңғы 10 жылдағы ең нашар көрсеткіш. Қазіргі уақытта халық табысын арттыруға арналған бағдарлама әзірленіп жатқандығына тоқталған Президент сауда-саттықтағы тиімсіз делдалдыққа тоқтау салатын кез келгенін қадап айтты. Мәселен, 3 миллион адам тұратын Алматы қаласы мен оның төңірегіндегі елді мекендер тұрғындары тұтыну тауарларын көбіне «Алтын орда» базарынан алады. «Алматы облысы мен Алматы қаласының әкімдеріне Үкіметпен бірлесіп, базарды тексеруді және тәртіп орнатуды тапсырамын. Бұл жер пайдакүнемдер үшін нағыз майшелпекке айналған. Бұған Алматыдағы қаңтар оқиғасы кезінде анық көз жеткіздік. Бұл – басқа өңірлерге де қатысты мәселе. Қажет болса, бұл жұмысқа құқық қорғау органдары атсалыссын. Екі ай уақыт беремін», – деді Президент.

Бүгінде 8,4 пайызға жеткен инфляцияны ауыздықтау мәселесін Мемлекет басшысы екінші міндет ретінде белгіледі.  Бұл ретте халықтың жағдайын түзеп, әл-ауқатын арттырудың, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың негізгі тетігі бәсекеге және технологияға негізделген экономиканы қалыптастыру, жеке меншікке, адамның құқықтары мен бостандығына қол сұғылмауына заң үстемдігі арқылы кепілдік беру болып табылатындығын атап көрсетті.

1260 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы