• Қаржы
  • 11 Ақпан, 2022

Инфляция ауыздықталса, баға өсімі тежеледі

Осыдан төрт-бес жыл бұрын азық-түлік, тұрғын үй, тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің бағасы қазіргі кезеңмен салыстырғанда  әлдеқайда арзан болғаны халықтың есінде. Ал қазір нарықтағы баға өсуі бар салада қымбатшылықты көрсетіп отыр. Осы ретте үкімет бағаның өсуін тежеу мақсатында  өткен жылы 2021-2024 жылдарға арналған инфляцияға қарсы жедел және орта мерзімділік екі бағытта 70-ке жуық іс-шарадан тұратын кешендік жоба әзірлеген болатын. Бүгінгі күні инфляцияны тұрақтандыруда осы жобада белгіленген шаралар кезең-кезеңмен  іске асырылып келеді.

Аталған тақырыпқа орай GSB UIB бизнесті талдау орталығының директоры, экономист Мақсат ХАЛЫҚПЕН сұхбаттасқан едік.

– Мақсат Әбілахатұлы, әлеумет­тік маңызы бар азық-түлік тауарла­рының бағасы қымбаттаған үстіне қымбаттауда. Оған халықтың қолже­тімділігін қамтамасыз ету үшін  үкімет қымбатшылыққа қарсы  біраз жұмысты қолға алып жатқанымен, баға әлі тұрақталмай келеді. Осы тұрғыда өз пікіріңізді білдірсеңіз.

– Еліміздегі бағаның өсуіне  одан әрі жол бермеу үшін мемлекет  кешенді жоба әзірлеген. Онда көрсетілген жылдар аралығында инфляцияға қарсы әрекет ету шаралары  бірінші кезекте әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасының тұрақтануына әкелсе, аталған тауарларға бағаны тежеу жөніндегі жұмыстарды қолға алып, күшейту керек. «Азық-түлік корпорациясы» ресурстарын ұтымды бөлуді қамтамасыз етсе, бағаның  тұ­рақ­талуына негіз бар деп ойлаймын. Ал азық-түлік бағасының өсуі инфляцияны жеделдетуге басты үлес қосып отырғаны жасырын емес. Оны сала мамандарынан бастап қарапайым халыққа дейін жақсы біледі.

– Қаңтар айының соңында Ұлттық банк пайыздық мөлшерлемені көтерді, бұның салдары қандай болуы мүмкін. Ол инфляцияны  тежей ме?

– Жалпы базалық-пайыздық мөлшерлемені Ұлттық банк бекітеді. Ол өз кезегінде, егер базалық-пайыздық мөлшерлеме барынша жоғары болса, ұлттық валютамыз – теңгенің рөлі артуына септігін тигізеді. Ал мөлшерлеме төмендеген жағдайда теңге құны әлсірейді.  Экономикадағы дағдарыс кезеңінде Ұлттық банк қаржылық нарықты реттеудің контрциклдік сипатын ұстанып, банк секторының жағымсыз жайттарға тұрақтылығын жүйелі түрде бағалап отыр. Теңге бағамы қазіргі кезде оң сипатқа ие. Ал инфляция күш алған сайын базалық-пайыздық мөлшерлеме жоғары­лайды. Өткен жылы инфляцияның шарықтау деңгейі 8,4 пайызбен аяқталған еді. Таяуда ғана базалық-пайыз­дық мөлшерлеме көтерілді. Оның себебі, сырттан белгілі бір дәрежеде теңгеміздің құнсыздануына кері әсерін тигізбеу қажеттілігінде болып отырған жайт екендігіне тоқталғым келеді. Біріншіден, депозиттің пайыздық көрсеткіші өсіп, теңгемен депозитте ақша ұстаудың тиімділігін көрсетсе, екінші, жағынан кемшіл тұсы  тұтынушылық, ипотекалық және бизнес үшін берілетін несиелердің пайыздық көрсеткіші жоғарылап, іскерлік белсенділікке кері әсерін тигізеді. Өйткені, өзінің айналым капиталын арттыру мақсатында несие алғысы келетін бизнес өкілдері  төменгі пайыздық мөлшерде ала алмайды. Ол белгілі дәрежеде жоғарырақ болады. Осы жағынан келгенде іскерлік белсенділікті төмендетіп, ұзақ мерзімді экономикалық өсімге кері әсерін тигізу мүмкіндігі тағы бар. Ұлттық банктің 2025 жылға қарай инфляцияны 3-4 пайызға дейін төмендетуі халық үшін ипотекалық несие беру, бизнес үшін де өз кезегін­де экономикалық өсімге әкеледі. Базалық-пайыздық мөлшерле­мені көтерудің артықшылығы мен кемшілігі бұл инвесторлар мен жинаған қаражаты бар азаматтар үшін тиімді болмақ. Себебі, депозит салымының пайызы көтеріледі. Ұлттық банк инфляцияны төмендету қажеттілігін ескере отырып, жылдық базалық мөлшерлемені 9,75%-дан 10,25%-ға дейін көтерді.

– Ішкі жалпы өнім өсімі 3,5 пайыздан асты. Бұл пандемияның салдарын еңсердік дегенді білдіре ме?

– Иә, ол белгілі бір дәрежеде  өсімді көрсетіп отыр. 2020 жылдың қорытындысы бойынша ішкі жалпы өнімнің өсімі минус 2,6 пайызға дейін құлдыраған болатын. Бірақ бұл өсім қаншалықты болды. 2020 жылғы минус көрсеткішті өткен жылғы осы 3,5-тен алып тастайтын болсақ, 1 пайыз ғана өсім болған. Экономикада 1 пайыздық өсім ауыз толтырып айтарлық нәтиже емес. Яғни нөлдік дәрежедегі өсім деуге негіз бар. Мәселен, пандемияның салдарынан орын алған дағдарысты тоқырау фазасымен аяқтап, экономикада жандану фазасына қарай қадам бастық дегенді білдіреді. Дегенмен әлем елдерінде локдаун орнап, еліміз қызыл аймаққа өткендіктен  жылдағы өсім 1,9 пайыз­ға артқандығы айтылды. Әлемдегі экономикалық жағдай тұрақтануда десе де, эпиде­миологиялық ахуал әлі де жайсыздық танытып отыр. Өткен жылы банк саласының мамандары елімізде экспорттың құны алдыңғы 2 жылмен салыстырғанда шамамен 5,8 пайызға өскендігін айтқан еді. ОПЕК+ мұнай өндіру квотасы жеңілдетіліп, әлемдік сұраныс біртіндеп қалыпқа еніп келеді. Қысқа мерзімді экономикалық көрсеткіштер де ішкі экономикалық белсенділіктің, оның ішінде қызмет көрсету секторы біршама жақсарғанын көрсетеді. Құрылыс индустриясы ішінара зейнетақы жинақтарын пайдалануға мүмкіндік беретін саясаттың және тұрғын үйге инвестицияны қолдау жөніндегі мемлекеттік бағдарлама­ның арқасында айтар­лықтай өсті. Экономикалық бел­сенділіктің жақ­сарғанына қара­­мастан, 2021 жыл­дың бірінші тоқсаны 2020 жылдың бірінші тоқсанымен салыстырғанда 1,5 пайызға төмендеген. Коронавирус инфекциясының әсерінен қалыптасқан шектеулер жаһандық қаржылық жағдайларды қатайтып, инфляцияның өсу қаупі мен фис­калдық қолдау алынып тасталса, шағын және орта бизнестің қар­жылық жағдайы төмендейтіні жасырын емес. Пандемия басталғалы бері экономиканы қалпына келтіру оңайға соқпай келеді. Өнеркәсіп салалары карантинге жабылып, халықтың көпшілігін жұмыспен қамту қиыншылық туғызып, жеке сектордың өсуіне, корпоративтік несиелеу деңгейінің төмендеуіне және несиелердің пайыздық өсіміне әкелді. COVID-19-ға байланысты шектеулер, әсіресе әлеуметтік-эко­номикалық деңгейі төмен топ­тарға әсерін тигізіп отыр.

– Ел экономикасын қалпына кел­ті­руде Үкімет биылғы жылы бюджет тапшылығы бірден төмендемеуі керек дейді. Бұл жөнінде Сіздің ойыңыз қандай?

– Биылғы жылдың басынан ең төменгі жалақының өсуі, тұтыну­шылық сұраныстың қалпына келуі, жанар-жағармай бағасының және табиғи монополиялар субъек­тілеріндегі тарифтердің өсуі, сон­дай-ақ негізгі сауда серіктестеріне инфляциялық қысымның артуы сияқты инфляцияға қарсы факторларды ескере отырып қысқа мерзімде мақсатты дәлізге жету ойланар­лық мәселе. Ұлттық банк 2025 жылға қарай инфляцияны 4 пайыздан төмендетеміз деген мақсат қойып отыр. Қазір азық-түлік инфляциясы 11,5 пайыздан асып кеткен. Бұл да ресми мәлімет. Шын мәнінде, егер нарықтағы бағалардың өсіміне қарасақ, бірқатар тауарлар, соның ішінде әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасы екі есе қымбаттады. Яғни 100 пайыздан асып кетті деуге негіз бар. Ал енді инфляцияны орташа алып қарасақ, статистика бойынша 10 пайыз делінсе, шындығында 20 пайыздан артық болып отыр. Мұның бәрі түптеп келгенде, халықтың төлем қабілеттілігі мен өмір сүру сапасына кері әсерін тигізетін болады. «Қарапайым заттар экономикасы», «Бизнестің жол картасы-2025», индус­трияландыру бағдарламалары жемі­сін бермей, инфляцияны төмендетеміз деу бос әурешілік дер едім. Сондықтан Үкімет пен Ұлттық банк бірлесе жұмыс істесе халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарады деген ойдамын. Тағы бір тоқталатын жайт, Ұлттық банк басып шығарған айналымдағы артық ақша массасының көлемін қысқарту керек. Негізінен инфляцияның өсуі мен қымбатшылықтың себебі осыдан болып тұрған жайт. Өткен жылы 1 қазандағы статистикалық деректерге сүйенсек, ақша массасының көлемі 24 триллион 180 млрд теңге болған. Ал қазір 28 триллион 200 млрд теңгеден асып тұр.

Демек, бір жыл ішінде 4 триллион теңгеден астам қаржы басып шығарылды. Мұның бәрі сөзсіз ақша массасының артуына алып келеді. Экономикадағы қалыптасқан заңдылықты ескерсек, ақша массасы мен шығарылып отырған тауар көлемінің арасында теңдік сақталуы керек. Егер тауар көлемі өспей, ақша массасы артса, онда арада теңдік орнауы үшін амалсыз тауарлардың бағасы өседі. Импорттың орнын алмастырар тауарлар өзімізде өндірілуі тиіс деп ойлаймын. Құрылыс материалдарының қымбаттауы  салдарынан тұрғын үй бағасы да өсті. Пандемияның әсерінен қазір өзіміз өндіріп отырған өнім 50 пайызға да жетпейді. Сондықтан шетелге қарап қол жаямыз.

Қалыпты кезеңге  оралып, жеке сектор мен оқу орындарының қайта ашылуына қолдау көрсету үшін халықтың COVID-19-ға қарсы екпе алуға көбірек күш салуы қажет. Бұл ретте құрылымдық реформаларды жүзеге асыру орта мерзімді перспективада өсуді қолдау маңызды болмақ. Билік өнімдер нарығында бәсекелестікті қамтамасыз ету, ква­зимемлекеттік сектор субъектілері фирмалардың кіруіне кедергілерді азайту, инвестициялық саясат­тың тиімділігі мен инвестицияларды ынталандыруды, сондай-ақ кә­сіпорындардың инновациялық әлеуетін арттыру арқылы өнімділіктің өсу саясатын үйлестіруді қарастыруы керек. Энергетикалық ресурстар құны мен азық-түлік өнімдерінің қай-қайсысының болса да бағасы шарықтап кетті. Қазақстан қар­жыгерлер қауымдастығының сарапшылары осы жылдың соңына қарай инфляциялық қысым төмендеуі мүмкін, бірақ 4 пайыздық мақсат­ты дәлізге қайта оралу екіталай дегенді айтады. Инфляциялық процестер үздіксіз бірнеше ай қатарынан Ұлттық банктің мақсатты дәлізінен 4-6% жоғары болды, бұл елдегі инфляциялық қысымның тұрақтылығын көрсетіп отыр дегенге саяды.

ГҮЛМИРА МЕРАЛИНА

1586 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы