• Кәсіпкерлік
  • 11 Ақпан, 2022

ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕСТІҢ ЕҢСЕСІ КӨТЕРІЛЕДІ

Бұл тарапта әкімдерге әрбір 10 мың тұрғынға жыл сайын 
кемінде 100 жұмыс орнын ашу міндеті жүктелмек

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биыл еліміздегі жеке кәсіпкердің саны 1 млн 275 мыңнан асып отыр, оның 16,5%-ы немесе 208 мыңнан астамы – 29 жасқа дейінгі жас кәсіпкер.

«Жастар шағын және орта бизнеспен толық айналысуға дайын, бұлардың 40%-ы өздерінің ісін несие көмегімен табысты дамытып отыр» деп хабарлайды IDF Eurasiaның (Solva компа­ниясының) сарапшылары.

Кәсіпкердің басым бөлігі (75%) қалалық жерде жұмыс істейді. Биз­несмендер көбінесе сауда (32%), ауыл, орман және балық шаруа­шылығы (8,2%), өңдеу өнер­кәсібі (5,5%) саласында жұ­мыс істейді. Басқа қызмет түрлеріне 26%-ы бар.

Айта кетейік, кәсіпкерлер ісінің дамуында түрлі қиындық бар, жас кәсіпкерлер де баяғыдан келе жатқан, бірқатар тұрақты проблемаға тап болып жатады. Зерттеу барысында респонденттің 50%-ы бизнесті дамытуға дайын екендігін айтыпты, 20%-ы сәтсіздікке ұшыраудан қорқып, бизнеспен айналысуға асықпайтынынын мойындаған. Ісін жаңа бастаған кәсіпкердің 15%-ы, керісінше, елімізде бизнесті табысты дамытуға болады деп санайды.

Айта кету керек, респонденттің 10%-ы тек отбасылық бизнеске қатысу шартымен кәсіпкер болуға дайын. Ал 5%-ы Қазақстанда кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті емес.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкердің бәріне бизнеспен айналысуға тең мүмкіндік беретін уақыт келгенін айтып отыр. Мем­лекет басшысының тапсырмасы бойынша, Үкімет Отандық кәсіпкерлер кеңесімен бірлесіп бизнес-ахуалды одан әрі жақсарту жөніндегі шараларды іске асырмақ. Мысалы, кәсіпкерлікті және бәсекелестікті одан әрі дамыту үшін шағын және орта бизнесті қолдау және дамыту бойынша кешенді шараларды жүзеге асыру жоспарда тұр. Ша­ғын және орта бизнесті дамытудың өңірлік бағдарламасы, оның ішінде моноқалалар мен ауылдық елді мекендерге баса назар аудара отырып, атаулы шаралар енгізілмек.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «жеке кәсіпкерлік бастаманы тежеп отырғандар – әкімдер» деп атап айтты.

– Жергілікті жерлерде, аудандық деңгейде шағын және орта бизнесті дамыту мәселесінде өңірлерде жұ­мысты ілгерілету әкімге байланыс­ты екені рас. Кәсіпкерлік бастаманы тежейтін әкімдер де жиі кездеседі. Бұл – ащы шындық. Әкімдер қаржы керек ететін салада тіпті әкімшілік қолдау көрсетпейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент мұны тез арада тоқ­татуға және аудан әкімдерінің алдына нақты міндет қоюға шақырды.

 – Жыл сайын әрбір 10 мың тұрғынға кемінде 100 жұмыс орнын ашуды міндеттеу керек оларды. Енді біз жұмыс тәсілін өзгертеміз. Кәсіп­керлер әкімге жүгірмеуі тиіс. Кері­сін­ше, әкім инвестор тартуға ұмты­луы тиіс, – деді мемлекет басшысы.

Үкіметтің алдыңгүні өткен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шағын бизнесті «Атамекен» кәсіпкерлік палатасына міндетті мүшелік жарналардан босатуды тапсырды.

– Бүгінде отандық бизнес құры­лымындағы шағын компания­лардың үлесі 90%-дан асады. «Атамекен» палатасын реформалау кезінде оның қызметін шағын бизнесті қолдауға, қорғауға және дамытуға айналдыру қажет. Ал шағын бизнесті міндетті мүшелік жарналардан босату керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мұнымен бірге Президент қара­пайым азаматтар төлейтін «монопо­лиялық операторлардың делдалы мен қажетсіз агенттердің» алым ретінде алатын комиссиясының да керек емес екенін айтты.

– Біз монополиялық оператор­лардың түрлі делдалдарының тариф­тері, қажетсіз агенттер туралы айтып отырмыз. Сұрақ мынау: олардың қызметін кім төлейді? Әрине, тұтыну­шы төлейді. Мұның себебі қабылданған заңдарда, қаулыларда жатыр. Бұл жағдайда мемлекеттік органдар қоғам емес, жекелеген компания мүддесін көздейтін нормативтік-құқықтық актілер негізге алынады, –  деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оның айтуынша, қазақстандық­тардың өздеріне жұмсай алатын қара­жаты осы компаниялардың қал­та­сына түседі.

– Сондықтан Үкіметке осы мә­селеге аса назар аударып, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасымен бірлесіп әрбір жағдайды арнайы қарастырып, оларды түзету үшін нақты шешімдер ұсынуды тапсырамын, – деді мемлекет басшысы.

«Соңғы кезде жас кәсіпкерлер өздеріне сенімді бола бастады. Бизнесті тек үлкен капиталмен немесе белгілі бір қолдаумен ғана бастауға болатын стереотип қалып барады, кәсіпкерлер бүгінде сәттілік жеке бастың күш-жігерге байланысты екенін түсінеді» деп жазады IDF Eurasia сарапшылары.

Бұлардың зерттеуінше, жас кәсіп­керлердің негізгі бөлігі, яғни 40%-ы өзінің бизнесін ашу үшін қаржы ұйымдарында несие ресімдеуден қорықпағанын мойындады. Оның 10%-ы банктен несие алса, 30%-ы шағын несие микроқаржы ұйым­дарынан қарыз алған. Респон­денттің дәл жартысы (50%) жақын арада бизнесті ашу немесе дамыту үшін қарыз қаражатын алуды жоспарлап отырғанын айтты.

Айта кету керек, бастапқы капи­талдың болмауы – респонденттің 30%-ының өз ісін бастағысы келетін, бірақ бастай алмай отырған басты проблемасы. Кәсіпкердің 15%-ы жұмысты бастау үшін жақын адамдарынан немесе ата-анасынан қаражат ала алмайды. Тағы 10%-ы үшін бизнесті бастау үшін қажетті соманың 50%-ын жинап алуды көздейді. Респонденттің азғана бөлігі (5%) бизнесті бастау тек өз қаражатына ғана байланысты деп ойлайды.

Өңірлер бойынша ең көп жас кәсіпкер Алматы мен Алматы облысында екен – 20%, содан соң Шымкентте – 8%.  Жаңа бастаған кәсіпкер Қостанай облысында өте аз – 3% ғана.

ТӘУЕКЕЛ БАҚАШ

496 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы