• Қаржы
  • 17 Ақпан, 2022

Халық табысы қайткенде артады?

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысының «халықтың табысын арттырып, табыс арасындағы алшақтықты азайту керек. Өкінішке орай, соңғы уақытта халықтың табысы экономиканың жақсаруы есебінен емес, әлеуметтік аударымдар есебінен артты. Әлеуметтік жәрдемақы және зейнетақымен ғана күн көріп отырғандар көп», дей келе, атқарушы биліктің назарын қалың жұрттың жағдайын көтеріп, жаңа жұмыс орындарын құруға аударған болатын. Расында да, қарапайым халықтың әл-ауқаты ұлттық экономика ахуалының басты көрсеткіші болып табылатыны, жарлы-жақыбайы, кедей-кепшігі көп елдің ешқашан маңдайынан жел еспейтіні бесенеден белгілі. 
Бұқаралық ақпарат құралдары президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «соңғы бес жылда халықтың жалпы табысындағы еңбек табысының үлесі 80 пайыздан 67 пайызға дейін төмендеген. Ал әлеуметтік аударымдар 17-ден 29 пайызға дейін өскен… Қарызға батқандар мен кедейлердің үлесі артып келеді. Бүгінде 1 миллионға жуық халықтың табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді. Бұл соңғы он жылдағы ең нашар көрсеткіш. Осыған қарамастан, үкімет орташа жалақының өсіп жатқанын хабарлайды. Бұл – көзбояушылық» деген сөзін тілге тиек етіп, бұл цифрды бұрынғы басшылықтың «Қазақстанда отбасының орташа табысы 500 мың теңге» екендігі туралы мәлімдемесімен салыстырады. Иә, бүгінде ресми статистика деректеріне деген сенімнің сұйылып бара жатқаны рас. Алайда, бірде өрге шығып, бірде ылдиға құлдилаған экономиканың тамырын басып отырған сарапшылар пікірімен санаспасқа лажымыз жоқ. «Бай мен кедей арасындағы алшақтық шеру мен наразылықтың негізгі детонаторына айналды» деген тақырыппен inbusiness.kz тілшісіне сұхбат берген  Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің мүшесі, Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбеков «дамудың экспорттық-шикізаттық моделі өзінің әлеуетін сарқып болды. Әлеуметтік-экономикалық теңгерімсіздікті өтейтін Ұлттық қор мен мемлекеттік бюджет жыл сайын әлсіреп барады. Ең кедей адамдардың 10 пайызы мен ең бай адамдардың 10 пайызы арасындағы алшақтық 8 еседен аспауға тиіс. Бұл – қоғам мен мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығының маңызды өлшемі. Біздің бағалауымыз бойынша мұндай алшақтық 16 есеге жетті. Қазақстанда бай мен кедей арасындағы алшақтық рұқсат етілген және қауіпсіз деңгейден 2 есе асып кетті. Басқаша айтқанда, дәл осы алшақтық шеру мен наразылықтың негізгі детонаторына айналды» деп, келешекте болуы ықтимал наразылықтардың алдын алуды ұсынады. Сондай-ақ экономика секторлары арасындағы құрылымдық сәйкессіздік ұлғайып барады.  Бұл пікірді еңбекақы тұрғысынан саралаған экономист Сергей Домниннің  дерегінше Қазақстанда ресми түрде жұмыс істейтіндердің саны 2,8 млн адам болса, бұлардың 46 пайызы айына  105 мың теңгеден төмен табыс табады. Мұның 65 пайызы ауыл шаруашылығында, 27 пайызы  өңдеу өнеркәсібі салаларында жұмыс істейді. Парламент депутаты Айқын Қоңыров болса «үш жылдық бюджеттің соншалықты сауатсыз әзірленгенінен-ақ биліктің жұмыспен қамтуды мүлде басқаша бағалағанына көз жеткізуге болады. Үкіметке жұмыссыз халықты еңбекпен қамту маңызды, ал олардың айлығы шәйлығына жете ме, ол айлықпен отбасын асырай ала ма деген мәселеге билік бас қатырмайды», деп бір-ақ кеседі. 
Халық қалаулысының пікірінше «Қазақстанның проблемасы кедейлік қамытынан құтылу, бірақ бұған арналған жоспары жоқ». Расында да, күні бүгінге дейін Үкімет басшысы тарапынан  айтылған «монополист операторлар мен делдалдар алып отырған тарифтер мен комиссияларды қайта қарау немесе алып тастау жөнінде шешімдер дайындау» туралы ұсыныс кедейлік түйткілін тарқатуы неғайбыл. Сондай-ақ дуалы ауыздардың айтуына сәйкес «денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік қолдау саласындағы нақты проблемаларды» шешумен айналысатын  «Қазақстан халқына» қоры да көп жыртыққа жамау бола алмайтындай. Біздің пікірімізше, бұл мәселеге қайтарымы аз науқандық шаралар ретінде қарамай, мемлекеттік тұрғыдан көзқарас таныту керек. Ал, Қазақстан байлығының тең жартысынан астамы 162 адамның қолына жинақталғаны жөніндегі Мемлекет басшысының тұжырымына тағы бір зер салсақ, елдің бүкіл жиынтық ұлттық табысын қарапайым халық мүддесіне сай қайта бөлудің қажеттігіне көзіміз жете түседі. Өйткені, еңбек адамын қолдап-қорғаудың әлемдік тәжірибеде көптен қолданылып келе жатқан, өзін ақтаған әдіс-тәсілдері жеткілікті. Солардың бірі, кезінде аға буын өкілдері куә болған, мемлекет қаржысына құрылатын қоғамдық тұтыну қорлары. Кеңес заманында кедейшілік сияқты өткір әлеуметтік түйткілдерді шешу мемлекет жұмысының басты бағыты болатын. Бұл ауқатты өмірді қамтамасыз ете алмағанымен, экономикалық тұтқалар арқылы ең төменгі тіршілік деңгейін жасап, тұрмысы нашар адамдардың санын азайтуға көмектесетін. Осы орайда мемлекет ұлттық табысты қайта бөлу арқылы бай мен кедей арасындағы айырмашылықтарды азайтып, қоғамның барлық мүшелерінің өмір сүруіне қолайлы материалдық негіз жасауға ұмтылатын. Табысты тұрақтандырудың мемлекеттік бағдарламасы осы мақсатқа жұмыс істейтін. Қоғамдық тұтыну қорларының 70 пайызына дейіні мемлекет бюджеті арқылы құралып, орталықтан бөлінетін, 25-30 пайызы ғана кәсіпорындардың, шаруашылықтардың пайдасынан және қоғамдық ұйымдардың есебінен жиналатын. Мемлекеттік көмек бағдарламасы бойынша жастарға рухани тәрбие беру, еңбекке, спортқа баулу,  қарттарды және еңбекке жарамсыздарды қолдау, жоғары және арнаулы орта білім беру, денсаулық сақтау қажеттіліктері өтелетін. Тегін тұрғын үй мен кәсіподақ санаторилерін, пионер лагерьлері мен спорт секцияларын, студент стипендияларын еске түсірсек, адамға деген шынайы қамқорлықтың айғағын көреміз. Бұл – уақыт сынынан өткен тәжірибе. Сондықтан да мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатын реформалау барысында осыны ескергеніміз абзал.  
 

1877 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы