• Қаржы
  • 17 Ақпан, 2022

Жинақ салымдар бір триллионға жетті

Өткен жылдың соңына қарай екінші деңгейлі банктердегі теңгелік жинақ салымдар сомасының жиынтық көлемі 1 триллион теңгеден асты. 2018 жылдың күзінде қолданысқа енгізілген сәттен бастап күні бүгінге дейін жинақ салымдардың көлемі 37 еседен артық өскен. Осы уақыт ішінде басқа ешбір депозит түрі бойынша мұндай нәтиже болмаған екен.

Бұл азаматтардың депозит таң­дауға жауапкершілік­пен қарай бастағандығын және ұзақ мер­зімге ақша салуға келгенде жинақ салымдарға басымдық беретіндігін көрсетеді. Сарапшылар салыс­тырмалы түрде алғанда депозит нарығындағы жаңа қаржылық құрал болғанына қарамастан, қазақ­стандықтар жинақ салымдардың барлық артықшылықтарын лайықты бағалап отырғанын атап өтеді.

Жинақ салым белгілі бір мерзімге ашылады. Осы уақыт ішінде одан ішінара ақша алуға болмайды. Ал ала қалған жағдайда, депозитке салған ақша толығымен қайтарылады. Ол үшін салымшы банкке күнтізбелік 30 күн бұрын хабарласып, өтініш беруі тиіс. Мұндай жағдайда, яғни салымды белгіленген мерзімінен бұрын алған күнде  оған есептелген сыйақы толық дерлік жойылады (сыйақы талап етілмелі салым мөлшерлемесі бойынша төленеді – 0,1%), деп түсін­діреді мамандар

Теңгелік жинақ салымдар бойынша мұндай қатал талаптар көтеріңкі табыстылықпен өтеледі. Осындай жоғары табысты­лықты ешбір тәуекелсіз қаржы құралы ұсына алмайды. Бұл ретте инфляцияның жылдық деңгейі 8,5% екенін ескерсек, толықтыру құқығы жоқ, бір жылдық жинақ салымдар бойынша ұсынылатын сыйақы мөлшерлемесі 14,9%-ға жетті. Сондай-ақ толықтыру, яғни үстінен ақша салып тұру құқығы бар жинақ салымды да таңдауға болады. Бұл жағдайда ең жоғары мөлшерлеме 13,7%-ды құрайды. Аталған шарт салымшыға депозит бойынша жоғары мөлшерлемені айқындап алып, әрі қарай мерзімі аяқталғанша осы мөлшерлеме бойынша салымды толықтырып тұруға мүмкіндік береді.

    Жинақ салымның тағы бір атап өтерлік ерекшелігі – Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ) тарапынан берілетін көтеріңкі кепілдік сомасы. Теңгелік жинақ салымдар бойынша кепілдік берілген ең жоғары өтем сомасы  әу бастан басқа депозит түрлеріне қарағанда едәуір жоғары болып белгіленген.

2022 жылдың 11 қаңтарына дейін ең жоғары өтем сомасы 15 млн теңгені құраған болатын. Алайда жинақ салымдарының тұрақты өсіп жатқандығы ескеріліп, сондай-ақ қа­зақстандықтардың жинақ ақшасы­ның сақталуын барынша қамтамасыз ету және өз қаржыларын ұзақ мерзімді, тұрақты депозиттерде сақтауға ынталандыру мақсатында биыл 11 қаңтардан бастап, кепілдік сомасы 20 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Сонымен қатар бір банкте теңгедегі жинақ салымдармен қатар, басқа депозит түрлеріне де ақша салған салымшылар үшін қордың кепілдік берілген ең жоғары жиынтық өтем сомасы да 20 млн теңгеге дейін артты, деп хабарлайды  ҚДКБҚ баспасөз қызметі.  

   Хабарламада атап көрсетілгендей, қордың теңгелік депозиттер бойынша ай сайын бекітетін ең жоғары мөлшерлемелері ұсыныстық сипат­қа ие. Екінші деңгейлі банктер депозиттік өнімдер бойынша сыйақы мөлшерлемесін ішкі саясатына қарай өз бетімен белгілейді. Қазіргі уақытта депозиттерге кепілдік беру жүйе­сіне қатысатын екінші деңгейдегі 20 банктің 12-сі жинақ салымдарын ұсынып отыр.

БЕКЕТ КӨКЕНАЙҰЛЫ

1859 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы