• Ақпарат
  • 17 Ақпан, 2022

Үшінші жылға созылған пандемия

Омикронның екі бірдей жаңа штамы пайда болды

COVID-19 пайда болғалы үш жылға жуықтаса да, адамзат әлі күнге дейін індеттің қатерлі салдарына тойтарыс бере алмай келеді. Қазіргі таңда әлем бойынша ауру жұқтырғандар саны төрт жүз миллионнан асып, өмірден өткендер сегіз миллионға жеткен. Бүкіл әлемге таралған бұл кесапатты тежеу үшін шұғыл түрде бас қосқан сарапшы-ғалымдар бірауыздан тек вакциналау арқылы ғана індетті жоюға мүмкіндік бар деген тоқтамға келген болатын.

Алайда, әлем ғалымдары бір­лесе дайындаған бірнеше дәрілік препараттардың бүгінгі күні қолже­тім­ділігіне қарамастан, вакциналау процесі баяу жүргізілгеннен бе әлде вакциналардың вирусқа қарсы төтеп беруге шамасы жетпегендігі ме, әйтеуір індетке шалдыққандар саны күннен-күнге артпаса, азаяр түрі байқалмайды. Коронавирустың мутацияға бейімділігінен жаңа штамм түрлері бірінен кейін бірі пайда болып, алдынғы жылдарды айтпағанның өзінде, осы жылдың күн тәртібінен түспей отырған омикрон елді тағы да елендетіп қойды. Ауырып шыққандар мен вакцина алғандар қайта жұқты­рып жатыр. Осыған қарап, вирусқа қарсы қолданыстағы вакциналардың тиімділігі төмен болғаны-ау шамасы деген ойға қаласың. Жыл сайын әлемнің түпкір-түпкірінен қылаң беретін коронаның жаңа штамдары осымен шектелмейтіндігін, алдағы уақытта тағы бір жаңа түрі пайда болатынына дайын болуымыз қажет сияқты.Сала маманы болмасақ та, күн жылына бастағаннан әртүрлі қауіпті инфекциялық аурулардың өршейтін тұсы екені бұрыннан мәлім деген ойды жинақтар-жинақтамастан, омикронның бір емес екі бірдей жаңа штамы Польша елінде бас көтерді деген ақпарат дүйсенбі күні жылт етті. Ал оның таралу көрсеткіші мен қауіптілігі жағынан қаншалықты екенін мамандар зерттеу үстінде.

Қазіргі жағдайға көз жүгіртсек біріншіден, пандемияның әкел­ген әлегінен елдегі санитарлық-эпидемио­логиялық ахуал тұрақ­сызданып, жарияланған карантин мен қойылған шектеулер жан баласына жайлылық танытпай отырса, екіншіден, шектеу шаралары қанша күшейтілгенмен, індеттің таралу деңгейі кемитін түрі көрінер емес. Оны бүгінде Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының «қызыл» аймақта, Алматы, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарының – «сары» аймақта болуынан байқауға болады.

Қаңтардың соңында премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, вакциналау үшін еліміз­де барлық қажетті жағдайлар жасал­ғанын, вакцинаның шамамен 5 млн дозаға жуық қоры бар екенін, оның ішінде 2,8 млн дозасы вакциналауға және 2,2 млн дозасы ревакцина­лауға арналғандығын, сонымен қатар халықтың неғұрлым осал тобын қор­ғау үшін ревакциналауға арналған вакциналарды таңдау аясы кеңейтіліп, 60 жастан асқан адамдарға қосымша Комирнати (Phizer) вакцинасы ұсы­нылып, барлық өңірлер 23,8 млн астам вакцина дозасымен қамтамасыз етілгендігін айтқан болатын. Айтып айтпай не керек, коронавирус инфек­циясына қарсы күрестің ең тиімді және қауіпсіз жолы – вакциналау қажеттілігін жан-жақтан қаншалық­ты ұрандатсақ та, халықтын оған сенімсіздікпен қарауына негіз де жоқ емес. Себебі жоғарыда атап өткеніміздей, науқастанғандар мен вакцина алғандар індетті қайта жұқтырып, әуре-сарсаңға түсіп жат­қанынан хабардар халық, әрине, алаңдаулы. Вакцина салдырам деу­шілер үшін өзіміздің отандық ға­лымдардың қолынан өткен, шетел­дік ғалымдардың бірнеше мәрте сынағынан өткен, елімізде қолдануға рұқсат етілген вакциналардың («Гам-КОВИД-Вак (Спутник V)», «Хаят вакс», КазВак, КоронаВак, «Vero Cell», «Комирнати» (Phizer, АҚШ), Спутник-Лайт) бірнеше түрлері бар. Қайсысын алам десе де, халықтың еркінде. Ешқандай күштеу жоқ. Егілетін адамның жазбаша ақпараттық келісімімен, баланың ата-анасының немесе заңды қамқоршысының рұқсаты­мен енгізіледі.Вакцина салдырған­нан кейін егу пунктінде 30 минут және 3 тәулік бойы қоңырау шалу арқылы медицина қызметкерлері­нің бақылауында болатындығы да ескертілді. Елдегі эпидемиология­лық жағдайды тұрақтандыру және ұжымдық иммунитетті қамтамасыз ету мақсатында Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 2021 жылғы 20 қазандағы №46 қаулысына сәйкес, «Комирнати» (Пфайзер, АҚШ) мРНҚ-вакцинасымен 12-ден 17 жасқа дейінгі жасөспірімдерді, жүкті әйелдерді және лактация кезеңіндегі әйелдерді вакциналау өткен жылдың 15 қарашасынан басталған болатын. Осы жылдың он алтыншы ақпанындағы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, республикада коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаның І компонентін 9 3150 67, ІІ компонентін 8 894 995 адам салдырған. «Pfizer» вак­цинасының I дозасын 762 654, ІІ дозасын 4 79 575 адам, оның ішінде І компонентін 632517 жасөспірім, 29369 жүкті әйел, 9 75 77 бала емізетін әйел, ІІ компанентін 3 96230 жасөспірім, 20028 жүкті әйел, 63270 бала емізетін әйел алған.

Алматы қаласы санитарлық-эпи­демиологиялық бақылау депар­таменті басшысының орынбасары Әсел Халықова қала тұрғындары арасында «Комирнати» вакцинасының бірінші дозасымен елу мыңға жуық, екінші дозасымен отыз мыңнана аса адам вакциналанғаны, «Комирнати» (Pfizer, АҚШ) вакцинасының тиімділігі 95%-ды құрайтының, ол қауіпсіздіктің дәлелденген базасына ие және 142 елде, соның ішінде АҚШ, Ұлыбритания, Канада және Еуропалық одақ елдерінде қолданып отырғандығын айтып, 14 ақпаннан бастап барлық оқушылар мектепке баратындықтан ата-аналарға баласын COVID-19-дан қорғану керектігін ескертті. Мегаполистің эпидемиолог-мамандары эпидахуалға қатысты жүргізген зерттеулеріне қарағанда, өткен аптада ауру жұқтырғандардың тоқсан төрт пайызы сауда орындарынан, отыз төрт пайызы сауда нысандарынан, жиырма төрт пайызы қоғамдық көліктерден, жиырма бір пайызы отбасыларынан, тоғыз пайызы базарлардан жұқтырған деген тоқтамға келген. Сондай-ақ биыл үй карантинін бұзушылар саны үш есеге артқан. Зерттеу барысында «қызыл» статусы бар екі жүзге жуық адам сауда орындарында анықталған. Ал өткен жылдың желтоқсан айында небәрі 55 адам аталған статусты бұзған көрнеді. «Қызыл» статусы айқындалған барлық екі жүзге жуық тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылып, өзін-өзі оқшаулау режимін бұзғаны үшін сегіз млн. теңгеге жақын 30 АЕК көлемінде айыппұл салынғаны атап өтілді.

Қазақстанда «КазВак» вакцинасын дайындауға қатысқан, профессор Сәкен Әміреевтен бастап, өзімен үзеңгілес инфекционист-мамандар вакциналау коронавирус инфекциясының алдын алудағы ең тиімді әдісі десе, ревакциналау қалыптасқан иммунитетті нығайтуға арналған препарат екенін айтуда. Басқа елдер сияқты біз де «ұжымдық иммунитетке» қол жеткізу үшін ха­лықтын кемінде 80% егілуі тиіс. Күн сайын коронавирус инфекциясының 200-300-ден астам жаңа жағдайы тіркеліп, осыған байланысты енгі­зілген карантиндік шаралардың же­ңілдетілуіне қарамастан, тұрғындар COVID-19-ға қарсы вакциналау мен ревакциналануды ұмытпаған жөн деп отыр. Сонда ғана қажетті көрсеткіштерге қол жеткізіп «ұжым­дық иммунитетті» қамтамасыз етуге мүмкіндік бар. Соңғы кезде науқастар көбінесе ауа жетпей, өкпе қабыуларымен шағымдану­да, сол себепті аурудың алғашқы белгілері анықталған кезде өзін-өзі емдеумен айналыспай, медицина қызметкерлеріне дер кезінде жүгіну қажет. Вирус одан әрі таралмауы үшін адамдар әлеуметтік ара қашықтықты сақтап, қоғамдық көліктер мен халық көп жиналатын орындарда бетперде тағу арқылы қорғану керек. Әрине, жеке бастың гигиеналық тазалығына баса назар аудару шарт.

ГҮЛМИРА МЕРАЛИНА

8858 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы