• Қаржы
  • 17 Ақпан, 2022

ҰМЫТТЫҢ БА ЕҢБЕКТІ, НЕСИЕДЕ НЕҢ КЕТТІ...

Немесе биылдың басынан бері ғана банктен несие алушылар саны 333 мың адамға көбейген

Бұл күні кредит алмаған қазақ жоқ. Той жасаса да, адамы қайтыс болса да, банк несиесін рәсімдейді. Бұл – екінің бірі білетін ақиқат. Сондықтан ұлттық проблемаға, тіпті трагедияға айналды десе де, болғандай.

Жазда Алматының Ақбұлақ мөлтекауданында болған, бес адамның өмірін қиған оқи­ға­ның негізгі себебі де осы банк несиесіне байланысты. Дерек­терге қарағанда, Қазақстан халқының 27 пайызы банкке қарыз.

Соңғы бірнеше жылда сарапшылар халыққа несие беру мәселесінде қызу пікірталас жүргізіп жатқанын да білеміз. Біреулері халықтың көбісі банктен амалсыз алған несиесін өтей алмай жатқанын алға тартады. Олардың айтуынша, елдің көпшілігінің алған несиесінің көлемі отбасылық кірісінің мөл­шеріне сәйкеспейді. Еліміз бойынша мұндай азаматтардың саны 2 миллион адамнан асатын көрінеді.

Ақпарат көздері берген дерек­терге қарағанда, былтырғы 1-жел­тоқсанда банктердің өтелмеген несиесінің мөлшері 994,8 миллиард теңге болыпты. Бұл – 1,16 миллион қарыз алушының банк алдындағы қарызы. Оның ішінде мерзімі өтелмеген банк несиесінің мөлшері – 306,3 мың теңге. Оның 62,6 пайызы – 306,3 теңге, 32 пайызы – 1,5 миллион теңге. Соған қарағанда, банкке қарыз азаматтардың негізгі бөлігі – мол мөлшерде берешек деген сөз.

Бұл мәселе соңғы кезде ел бас­шылығын да ойландыра бас­тағаны байқалады. Алдымен президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ­стандық қаржы саясатында бұрын естілмеген «Жеке тұлғалар­дың банкроттығы туралы» Заң қабылдау мәселесін көтерді.

Әлбетте, шынтуайтына келгенде, бұл еріккеннің шаруасы емесі айтпаса да белгілі. Себебі, азаматтар­дың банк алдындағы берешегі әлеуметтік-саяси дүрбелеңге ұласуы мүмкін екені белгілі бола бастады. Қаңтар оқиғасы сияқты жағдайлар, әрине, ешкімге де қажет емес.

Ал біз осы жеке азаматтардың банкроттығы туралы не білеміз? Бұған дейін заңды тұлғалардың банкроттығын көрдік, білдік, ал бұл жолғы банкроттықтың жөні мүлдем бөлек сипатта.

Халықаралық заңдарға қарағанда банкрот болған жеке тұлға елден үш жыл бойы шыға алмайды екен. Сондай-ақ жаңадан несие алып, жеке шаруасын бастау мүмкіндігі ол адамға тек жеті жылдан кейін ғана берілетін көрінеді.

Қалай десек те қазақстандық шенеуніктердің қазіргі таңда осы мәселені жан-жақты талдап жатқаны байқалады. Қайталап айтамыз, оған алдымен былтырғы Алматының Ақбұлақ мөлтекауданындағы қанды оқиға себеп. Қазір үкімет, азаматтардың жалғыз баспанасын банктың тартып алуын тоқтатуды айтпағанда, жеке баспананы кепілге қоюды тоқтату мәселесін көтеріп отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында аталмыш заңды қарастыру мәселесін қозғағанда елдің еңсесі бір көтеріліп қалғандай болғаны да рас. Үкімет сол арқылы азаматтардың төлеу қабілетін қалпына келтіруге ниеттеніп отыр.

Бұл жерде айта кетерлік бір жайт, қарыз мәселесінде азаматтар тек қана банктерге ғана берешек емес, түрлі әлеуметтік төлемдер бойынша бюджетке берешек саны да жетіп артылатын көрінеді.

Мәселен, 2002 жылдың басында­ғы дерек бойынша республикамыз­да 791,1 мың адам мемлекетке 20 миллиард теңге көлеміндегі салығын төлемеген көрінеді. Бұл да ықтимал банкроттық туралы заңның бір парасына жатуға тиіс.

Ал енді, Батыста талайдан бері заңды күшіне еніп отырған банкроттық мәселесін айтпағанда, ТМД көлемінде банкроттықтың жағдайы қалай екен? Былтыр бір ғана Ресейде, ішінде жеке кәсіпкерлік те бар, 192,8 жеке тұлға банкрот деп танылыпты. Олардың 95%-і өзін банкрот деп танып, тиісті орындарға жүгінген. Ал 1,1 пайызы салық қызметінің талабы бойынша банкрот деп жарияланған. 

Аталмыш заң Ресейде 2015 жылдан бастап күшіне енгізілген. Содан бері 475,1 мың ресейлік азамат банкрот деп танылған.

2020 жылдан бері Ресей үкіметі банкроттықты соттың араласуынсыз нақтылау тәжірибесін енгізді. Мұндай жағдайда банк берешегі 50 мыңнан 500 мың рубльге дейінгі мөлшердегі азаматтар банкрот деп танылады. Ал осы мөлшерді теңгеге шақсақ, ол 280 мың теңгеден 2,8 миллион теңгеге дейінгі аралықты қамтиды екен.

Демек, Қазақстан Республикасында жеке адамдардың банкрот­тығы туралы заң қабылданса, банк алдындағы берешегінен жегені желім, ішкені ірің болып отырған біраз халықтың айы оңынан туатын сияқты. Әрине, оны қарапайым халыққа мемлекет тарапынан көр­сетіліп отырған қамқорлық деп түсіну парыз.   

Ал үкіметті осындай заң қабыл­дауға мәжбүрлеп отырған банктердің тұрғындарды несиелеу процесінің бүгінгі жағдайы қалай?

Жыл басынан бері елімізде тұр­ғын­дарға банктерден жалпы көлемі 8,9 триллион теңге несиеленіпті. Бұл цифрды 2020 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырсақ, 4,1 триллион теңгеге көп. Ал несие алу­шылардың саны биыл 6,16 миллион адамға жеткен. Бұл мөлшер 2002 жылғыдан 28 пайызға артық екен. Соған қарағанда ел, әлі де болса, банктен кредит алуын тоқтатудың орнына, күшейтіп отырған тәрізді.

Қазақстандықтардың банк алдын­дағы берешегі негізінен ипотекалық кредиттерге байланысты. Деректерге қарағанда, 2021 жылдың нәтижесі бойынша ипотекалық несиелер мөл­шері 3,4 триллион теңге болған. Яғни өткен жылғымен салыстырғанда 41 пайыз көп.

Несиелеудің екінші бір тетігі - автокредиттер. Бұл несие түрінің мөл­шері тиісінше 1,1 триллион теңге немесе 65 пайыздық өсім.

Несие ұйымдарының мәжбүр азаматтарды өз дегеніне көндіретін тағы да бір тетігі – кепілсіз несие. Былтыр осындай тәсілмен 5,45 триллион теңге несиеленіпті. Ал ол алдыңғы жылғы мөлшерден 86,1 пайызға көп.

Басқаша айтқанда, қазақстан­дықтар банктен несие алуын арттырмаса, азайтпағаны байқалады. Жасыратыны жоқ, өсімқор банктер үшін ол тиімді. Алайда, соңында одан тұрғындар зардап шегеді. Ең аяғында, банкроттық туралы заң қабылданған жағдайда, ұтылатын үкімет болмақ.

Ал енді еліміздің қай өңірі несие алуға құмар дегенге келейік. Бірінші орында еліміздің ең ірі мегаполисі Алматы қаласы тұр, екінші орында – ел астанасы.

Бұл орайда облыстар да еліміздің екі бас қаласынан қалысар емес. Соңғы деректерге қарағанда, ең несие алғыш өңір Алматы облысы екен, екінші орында Түркістан облысы.

Шынтуайтына келенде, халықты банктен несие алуға мәжбүр ететін құбылыс – кедейшілік, жалақының төмендігі.

Қазақстан Үкіметінің бұл мәселеге де көңіл бөле бастағаны байқалады. Қазір жалақыны, зейнетақыны, түрлі деңгейдегі жәрдемақыны және т.б. көтеруге байланысты түрлі бағдарлама белгіленіп жатыр. Оған алда күтіп тұрған жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңды қоссақ, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайының біршама жақсаратынынан үміт күтуге болатын тәрізді.

Әлбетте, басты проблема – қара­пайым халықтың, оның ішінде төлем қабілеті төмен адамдардың банк ал­дындағы өтелмей жатқан кредиті. Соңғы деректерге қарағанда, әзірге бұл мәселе тым өткір тұрған көрінеді. Атап айтқанда, тек биылдың басынан бері ғана банктен несие алушылар саны 333 мың адамға көбейіпті. Бұл – ойланатын мәселе...

ӨМІРЗАҚ МҰҚАЙ

2144 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы