• Бизнес & Қоғам
  • 24 Ақпан, 2022

Жаңа мүмкіндіктерге жол ашқан жиын

Сейсенбі күні Алматыда әйелдер кәсіпкерлігіне арналған «Women in Business», яғни бизнестегі қыз-келіншектердің іскерлік форумы өтті. Аталған алқалы жиын  түрлі саладағы көшбасшы әйелдердің бір алаңға жиналып, тәжірибе алмасуына зор мүмкіндік туғызды.

Биылғы жылы елімізде осымен үшінші рет ұйым­дас­тырылып отырған шараның арқалаған жүгі мен талқылаған мәселесі де ауқымды болды. Оның негізгі себебі – алдымен, әлемдік пандемия және кейінгі қаңтар трагедиясы алып шаһардың экономикасына, қала берді орта және шағын бизнес жұмысына едәуір кедергілер келтірді. Алматы қаласын қалпына келтіру, бизнесті, сонымен қоса қоғамды жедел трансформациялау қажеттілігі туындады. Ел экономикасын жүйеге келтіріп, ілгері дамытуда іскер әйелдердің нарықтағы рөлі айқындала түсті. Аталған алқалы жиын  түрлі саладағы көшбасшы әйелдердің бір алаңға жиналып, тәжірибе алмасуына зор мүмкіндік туғызды.

Алғаш Қазақстанға коронавирус инфекциясы келгенде елдегі бүкіл дерлік медицина­лық мекемелерді сақтан­дыру құрал-жабдықтарымен қамтама­сыз етіп, халықтың сапалы ем алуына септігін тигізген отандық өндірушілердің бірі «Dolce-Pharm» холдингі болды. Жиында сөз алған оның негізін қалаушы кәсіпкер Елена Ли пандемия кезіндегі компанияның жұмысына тоқталды. «Пандемия кезінде өндіріс өте қиын болды. Елде қорғаныс бетперделері мен медициналық сақтандыру құралдарының жетіспеушілігі емдеу орталықтары мен жалпылама халыққа едәуір қиындық туғызды. Алғашқы бетперде жетіспеушілігі естеріңізде болар? Біздің қызметкерлерге сол уақытта күндіз-түні жұмыс істеуге тура келді.

Мен өзіміздің топ мене­джер­лерімізге жұмысқа деген ынтасын ояту үшін түрлі мотивация беруіме тура келді. «Титаник» фильміндегі музыканттар естеріңізде ме? Бәрі қайықтарды алып қашып жатқан кезде де біз тапжылмай тұрып музыка ойнауымыз керек, яғни біз алдыңғы шепте тұрған дәрігерлер мен пациенттердің өмірі үшін жауаптымыз дедім. Шынымен де, вирус елде жедел қарқын алған денсаулыққа қауіпті кезеңде де 500 адамнан тұратын біздің қыз­меткерлер күндіз-түні өндірісте жұмыс істеп, елге көмектескенін бүгінде мақтанышпен айта аламын. Нарықта қызмет еткен 24 жыл ішіндегі бұл ең бір күрделі кезең болды», – дейді кәсіпкер.

Соңғы жылдары тәжіри­бе көр­сеткендей, пандемия көптеген салаларға деген сұранысты өзгертті. Бұл қазақстандық кә­сіп­­керлердің ізденістерге бет бұ­рып, нарықтық экономиканың жаңа қырларын меңгеруін талап етті. «2020-2021 жылдар эконо­миканың көп салаларына өзгеріс енді. Атап айтар болсақ, туризм, транспорт, интертеймент, білім беру салаларын жаңа қырынан дамытуға мүмкіндік туды.

Сонымен бірге телекоммуникация, логистика, коммерция жылдам дамыды. Қалай болғанда да, Алматы қазақстандық бюджеттің негізгі доноры деп айтуға болады. Айта кетерлігі, негізінен қаламыз мемлекеттің қолдауына қарамастан дамыды. Сондықтан біз кейде мемлекеттен қолдау сұрамаймыз, керісінше, біздің кәсібіміздің дамуына кедергі келтірмесе екен дейміз», – дейді «Қазақстан Халық банкі» АҚ басқарма төрайымы Үміт Шаях­метова.

Қазақстан Қаржыгерлер қауым­дастығы кеңесінің төрайымы Елена Бахмутова Дүниежүзілік банктің  2021 жылғы бизнестегі әйелдер және заңға арналған зерттеуі туралы баяндамасында әлем экономикасындағы қыз-келіншектердің алатын үлесіне тоқталды. Оның айтуынша, соң­ғы 5 жылда әлемде әйелдердің менеджментте, бизнесте белсенділігі едәуір артқан. Мәселен, егер 5 жыл бұрын әлемдік топ менеджментте әйелдер саны 25 пайызды құраса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 31 пайызға артқан. Ал, Қазақстанға келер болсақ, әйелдердің кәсіпкерліктегі үлесі 75 пайызды, халықты жұмыспен қамтудағы көрсеткіші 50 пайызды кұраса, тек зейнетақымен қамту жағынан ғана төменгі көрсеткішке ие болған. «Қазақстанда әлі де ерлер мен әйелдер арасында жалақы алшақтығы сақталған. Дегенмен, қазіргі таңда бұл арақашықтық азайып келеді. Мәселен, 2010 жылы ерлермен салыстырғанда әйелдер жалақысы 66 пайызды құраса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 75 пайызға көтерілді. Демек, бұл Қазақстандағы әйелдердің өзін дамытуына жаңа мүмкіндіктер ашылғанын көрсетеді», – деді Елена Бахмутова.

2021 жылдың маусым айында бизнесті дамытуға арналған Atameken Business Club онлайн-жобасы іске қосылды, ол барлық салалардан 50 000-нан астам кәсіпкерді жинады. Әр сейсенбі сайын онлайн тікелей эфир арқылы бизнес, есеп, салық және кадр мәселелері талқыланады. Форум аясында алғаш рет Қазақстанның 10 қаласында Atameken Business Club-тың офлайн форматы ашылды. «Бүгінгі шара – ортақ іс әрекеттердің форумы. Алматы еліміздің кәсіпкерлігінің бесігі. Біз қаңтар оқиғасын аттап өте алмаймыз. Одан өзімізге сабақ алуымыз керек. Кәсіпкерлердің алдында туындаған қиындықтарды еңсеріп, бизнесін алға қарай дамыту мақсаты тұр. Алматыдағы іскер әйелдердің қаладағы жұмыссыз­дық мәселесін шешудегі рөлі зор. Форум алаңы әр салада еңбек етіп отырған қыз-келіншектерге кәсіпкерлігінің жаңа белесіне көтерілуге мүмкіндік береді», – дейді форум жұмысы турасында Парламент Мәжілісі­нің депутаты,  «Атамекен» ұлттық  кәсіпкерлер палатасы  Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Рамазанова.

Айта кетейік, «Women in Business» экономикалық форумы «Атамекен» ҰКП  Алматы қалалық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен ұйым­дастырылды. Форумның бас серіктесі – «Қазақстан Халық банкі» АҚ. Шараға Қазақстан Баспасөз клубы ақпараттық қолдау көрсетті.

Гауһар ТҮСТІКБАЕВА

 

1622 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы