• Экспорт
  • 24 Ақпан, 2022

ЕЛІМІЗДЕН ШЫҚҚАН ӨНІМДЕР ҚАЙДА ЭКСПОРТТАЛАДЫ?

Немесе импорт пен экспорт мәселесінде  жаңа көзқарас қалыптаса бастады

Жасыратыны жоқ, посткеңестік дүниеде біздің еліміз өзгелерден көшілгері болып, заманауи жаңалықтарды жылдам игергені белгілі.  Соның арқасында еліміздің инвестициялық тартымдылығы артып, ішкі өнім өндіру мөлшері ұлғайды. Бұл – мәселенің бір жағы ғана. Жаһандық алыс-беріс жағдайында сырттан тауар алмайтын, сыртқа өнім шығармайтын мемлекет жоқ. Экономикалық дамудың ең басты тенденциясы да осында.   

Былтыр еліміздің басқа елдермен тауар айналымы, 2020 жылмен салыстырғанда, 17,4 пайызға өсіп, 101,5 млрд болыпты. Тауар айна­лымының негізгі үлесі – айналым тауарында. Бұл көрсеткіш былтыр 58,1 млрд доллар болды, алдыңғы жылмен салыстырғанда 12 пайызға көп.

Негізінен импортқа тәуелді ел экономикасында экспорттың да алар орны ерекше. Сарапшылардың айтуынша, 2021 жылы еліміздің экспорты 26,9 пайызға өсіп, 60,3 млрд доллар болған. Ал импорттың сәйкес мерзімдегі өсімі – 5,8 пайыз. Қаржылай өлшемі – 41,2 миллиард доллар.

Жалпы, экспорт пен импорт, сыртқы сауда мәселесінде айта кетер бір гәп бар. Тәуелсіздігін күні кеше ғана алған біздің еліміз үшін мұның екеуі де белгілі бір деңгейде таңсық шаруа екені өтірік емес. Соған байланысты державалардың сыртқы саудадағы тәжірибесін үйренудің де артық болмайтыны белгілі.  Мысал келтірейік: еліміздің сыртқы саудадағы басты әріптесінің бірі – Қытай халық республикасы. Күншығыс елінің ғасырлар барысында қалыптасқан сауда-саттығы мен экономикасының өзгелерге сабақ болар үлгісі де аз емес дер едік. 

Жасыратыны жоқ тиісті мамандар сыртқы сауданы экономикалық барлаумен байланыстырады. Бір жа­ғынан алып қарағанда, ол қисынды да сияқты. Тәжірибелі елдердің өз тауарын жоғары бағамен өткізуі үшін саудадағы әріптесінің неге мұқтаж, нені қажет ететінін алдын ала зерттеп, барлап, біліп алатыны жалған емес.

Мәселен, қазақ халқы күзге салым қыста жейтін етінің қамымен соғым семіртеді. Яғни сарыарқаның 40 градус аязында семіз, майлы ет керек. Қазақ атам «жылқының еті жесең – тісіңе, жемесең – түсіңе кіреді» дейді.  Ет жеген қазақтың өзгеде жоқ «тіс шұқу» деген ғадеті бары да белгілі. Кезінде қазақ атам ол үшін таудың аршасын пайдаланды. Ал бұл орайдағы қазіргі қолданыстағы тауар – қытай тісшұқығышы. Бір қарағанда, түкке тұрмайтын зат, ал қытайдың сыртқы сауда қызметі осы бір болмашы тауар­дың өзін қыруар қаржыға айналдырып отырғаны байқалады.

Мәселен, қара күздегі қытай тісшұқығышының соғым науқаны кезіндегі, яғни қазақтың ет жеп, тіс шұқитын кезіндегі бағасы жер мен көктей. Қар түсісімен қытай тауары 5-6 есеге қымбаттайтынын байқап жүрміз. Демек, олардың сыртқы сауда қызметі – қазақтың осы бір ерекшелігін шеберлікпен, әккілікпен пайдаланып отыр деген сөз.

Бұл жердегі әңгіме сыртқы сау­даның өзгелерге ауадай қажетті тауар­ларды дер кезінде саудалай білуінде дер едік. Жоғарыдағы мысалды да соған орай келтіріп отырмыз. Әрине, сыртқы сауданың бүкіл мазмұны тісшұқығышпен тұйықталмайды.

Қазақстанның экспортқа шы­ғаратын негізгі тауарлары шикі мұнай, мыс пен катодты мыс, ферросплавтар, табиғи газ, уран, руда мен темір концентраттары, сосын әлбетте, астық, т.б. Осының бәрі – екінің бірінде жоқ, алтындай бұлдап сататын тауарлар мен заттар.

Жоғарыдағы келтірілген мысал биігінен алып қарағанда, қазақ экспортшыларының өз тауарын қаншалықты тиімділікпен саудалап жатқанын айта алмаймыз. Бізге белгілісі, әзірге кейбір тауар түрінің шет елдерге Қазақстанға тиімсіз бағамен сатылып жатқаны ғана.

Былтырғы көктем мен жаздың өларасында елімізде аяқастынан картоп қымбаттап кетті. Ал қазақ даласы, оның ішінде республиканың солтүстік өңірі картоп өсіруге өте қолайлы әрі жыл сайын ондағы ағайын еккен картобының мол­дығынан өнімін әзер жинап алады. Яғни Қазақстанның өз картобы мен астығы өзіне жетеді деген сөз. Ал сонда былтырғы картоп бағасының шарықтап кетуінің себебі неде екен? Соңынан белгілі болғандай, қазақ даласы итырғын картоптың астында қалғанда көрші өзбек ағайын біздің жер-көкке симай жатқан картобымызды көтерме бағамен вагондап, эшалондап сатып алыпты. Тіпті қазақ саудагерлері, келесі жылға дейін жейтін картопты айтпағанда, тұқымға қалуға тиіс картобын да сатып жіберген көрінеді.

Былтырғы картоп дефици­тінің, қымбатшылығының бір себебі сонда. Ал өзбектер не істеді дейсіз ғой? Қазақстан картопқа зәру болып отырған жаз ортасында, Қазақстаннан коңыр күзде көтерме баға­мен сатып алған картобын 3-4 баға­сына қайтадан өзімізге сатқан.

Міне, сыртқы саудадағы іскерлік дегеніміз – осы.

Сырт көзбен қарағанда біздің ел негізгі тауар түрін ТМД аумағында, Ресейге, Қытайға экспорттайтын сияқты болып көрінеді. Алайда 2021 жылы біздің еліміз тауарын ең көп экспорттаған әріптестері Еуропа елдері болыпты. Бір жылдың ішінде Еуропаға 25,2 млрд доллардың өнімі жіберіліпті. Ал бұл – жалпы экспорт көлемінің 41,8 пайызы. Яғни Қазақстанның экспорттағы басты әріптесі – Еуропа елдері деген сөз.

Экспорттың 14,7 пайызы немесе 8,8 млрд доллары Италияның, 7 пайы­зы яки 4,3 млрд доллары Ни­дер­ландының және 4 пайызы немесе 2,3 млрд доллары Францияның үле­сінде екен.

Ал импорт мәселесіне келсек, бұл орайдағы біздің негізгі әріптесіміз – ТМД елдері. Былтыр осы көрсеткіш 20,4 млрд доллар болды. Бұл – жалпы импорт көлемінің 49,6 пайызы. Қазақстандық импорттың 42,1 пайызы немесе 17,3 млрд доллары Ресейдің үлесінде. Ал Азия елдерінің үлесіндегісі 30 пайыз, оның 20 пайызы Қытайдың үлесінде.

Қазір еліміздің басшылығы, барлық саламен қоса, елдегі импорт пен экспорт мәселесіне де жаңаша көзқарас таныта бастады. Демек, алдағы уақытта бұл орайда да ілгері басушылық болады деген сөз.

Соңғы екі жылдағы коронавирус пандемиясына байланысты қойылған шектеулер әлем экономикасына үлкен соққы болып тиді. Әлбетте, оның ішінде біздің еліміз де бар. 2020 жылы ел экономикасының өсімі 2,6 пайызға кеміген.

Алайда 2021 жылдан бастап еліміздің экономикасында өсім бай­қалды. Былтырдың 11 айындағы өсім өлшемі 3,8 пайыз болды. Дей­тұрған­мен барлық мемлекет сияқты коро­навирус пандемиясының әсері­мен елімізде де инфляцияның өсімі көрініс беріп тұр.

Қазір мемлекет басшылығы осы мәселеге баса назар аударып отыр. Ел экономикасын көтеріп, инфляция деңгейін әлсіретуде сыртқы сауданың мол үлесі болуға тиіс. Сондықтан еліміз үшін өзекті мәселенің бірі – сыртқы саудадағы тауар мен өнімнің импорты мен экспорты.

ӨМІРЗАҚ МҰҚАЙ

1175 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы