• Бизнес & Қоғам
  • 03 Наурыз, 2022

Тұрақтылық пен орнықты даму жолында

Отбасы берекесінің ұйытқысы, бала өсіріп, жар күтетін әйелдер қауымы ел экономикасына өзіндік үлес қосуда да белсенділік танытып келеді. Тұрақты дамудың негізі болып табылатын шағын және орта кәсіпкерлік саласында іскерлігімен ортақ істің өркендеп, өрістеуіне мұрындық болып жүрген қыз-келіншектер аз емес.

Қоғамда белсенді әрі жеке кәсібімен айналысатын қыз-келін­шектер туралы ақпарат жиі жарияланады. Бұл соңғы уақытта бизнес­те де әйелдердің үлесі бар екенін айқын көрсетіп отырғаны анық. Қандай бизнес түрімен айналысу керек екенін шама-шарқына, қабілет-қарымына қарай таңдау әркімнің өз еркінде. Дегенмен бизнес және әйел дегенде жеңіл өнеркәсіп, тағам және қызмет көрсету салалары бірінші ойға оралады.

Қазақстанның мыңдаған ауыл­дағы нәзік жандылардың сауалнамасы бойынша еліміздегі әйелдер ауыл кәсіпкерлігінің қосымша әлеуетінің бар екенін көрсетті және сарапшылар оның 30%-дан жоғары екенін алға тартып отыр. Зерттеу нәтижесінде әйелдердің ауылда өз ісін ашуының негізгі себептерін, қорқыныш деңгейін, кәсіпкерлік қызметке деген ынтасын және дайындығын, нақты өңірлерде кәсіпкерлікпен айналысуды бастау үшін негізгі проблемалар мен кедергілерді; сондай-ақ ауыл әйелдерінің осындай жұмыс әдістері бойынша қолдау және артықшылық нысандарына қажеттілігін анықтады. Бұл зерттеу ел өңірлеріне байланысты биз­нес ашу үшін қолдау алу үшін ауыл әйелдерінің қажеттіліктеріндегі айыр­­машылықты жариялады.

Ауылдағы әйелдер кәсіпкерлігі – экономикалық тұрақтылық пен орнықты дамуға бастайтын жол екендігі анық. Осыған орай, таяуда Нұр-Сұлтанда ауыл әйелдерінің кәсіпкерлігін қолдау мақсатын­да кезекті жиын өтті. Сондай-ақ кон­ференция аясында әйелдерді кәсіпкерлік негіздеріне оқыту бойынша жыл сайынғы әлеуметтік жобаның жаңа маусымы, өз ісін дамытуға грант алу мүмкіндігімен, бизнестегі алғашқы қадамдар­ды бастаған әйелдердің мәселесі кеңінен талқыланды.

«Егер әйелдер жұмыс орындарын құруға қатысса және бұл процесс барлық кезеңдерде жан-жақты қолдау мен қызметті сүйемелдейтін болса, онда бұл елдің әлеуметтік экономикасы мен ЖІӨ өсуіне оң әсер етеді. Нәтижесінде біз кәсіпкерлік белсенділіктің ілгерілеуін және әйелдердің әлеуметтік көңіл – күйінің жақсаруына куә боламыз. Бірақ бұл үшін мемлекеттік ауқымда ауылда бизнесті бастау үшін бар кедергілерді азайтуға бағытталған шаралар кешені шешілуі тиіс», –  деді Қазақстан ауыл әйелдері форумының ұйымдастыру комитетінің төраға­сы, Парламент Мәжілісінің ІV, V, VI шақырылымының депутаты Майра Айсина.

Ауыл әйелдерінің бизнес ашуы­ның мәні тек кірісті көбейту ғана емес, ең алдымен ешкімге кіріптар болмай өз арманына қол жеткізіп, жүзеге асыру. Әйелдер негізінен сауда, сұлулық индустриясы, қоғамдық тамақтану және қонақүй бизнесі сияқты салаларға басымырақ көңіл бөліп отыр. Әрине бұл жекелеген өңірлердің туристік әлеуетін дамы­туға қызмет етуі мүмкін. Дегенмен ауылдағы әйел кәсіпкерлердің фермерлік қызметпен айна­лысуы төртінші орында тұр. Бұл осы бағыт әлеуетінің тиісті дәрежеде бағалан­бағанын көрсетеді.

Сауалнама қорытындысы сәйкес, бизнестегі сәтсіздіктерден қорқу Қа­зақстан бойынша орта есеппен ауыл әйелдерінің 56%-ын құрайды. Бұл Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында жиі кездеседі (66-81%). Негізгі қорқыныш қаржыландыруды іздеумен және ақшаны жоғалтудан қорқумен байланысты. Бұдан басқа психологиялық факторлар, атап айтқанда есеп беру мен тексерудің қиындықтарынан қорқу. Алайда, бұл кедергілер «Белестері» жобасының білім беру бағдарламаларында ұсы­ныла­тын психологиялық кедергі­лер­ді жеңу және бухгалтерлік есеп жүргізу бойынша практикалық сабақ­тар­дың көмегімен шешіледі, бұл осы бағдар­ламаларға деген жоғары сұра­ныс­тың бар екендігін дәлел­деп тұр.

Сауалнама аясында Алматы, Түр­кістан және Ақмола облыстарын­дағы әйелдер арасындағы себеп-салдар, қауіптерге және қолдау түрлеріне терең талдау жүргізілді. Бұл өңірлердің тұрғындарының негізгі проблемалары жұмыссыз­дық, өмір сүру деңгейі­нің төмендігі, жолдардың, көлік пен байланыстың жай-күйі немесе болмауы. Сондай-ақ Түркістан және Алматы облыстары үшін үй-жайларды жалға алу немесе сатып алу құнының жоғары болуы. Ал Ақмола облысы үшін су және электр желілеріне қосылу қиындығының болуы аса өзекті. Әлеуметтік мәсе­лелердің ішінде Алматы облысында бала-бақшалардың тапшылығы, Ақмола облысында медициналық қызмет көрсету деңгейінің төмендігі, Түркістан облысында отбасылық жанжалдар бар. Түркістан облысын­да әйелдер арасында бизнеспен айналысуға деген ниет айтарлықтай жоғары болса, ал 36%-ы неден бастау керектігін білмейді. 43%-дан астам алматылық та осы сияқты, бірақ бұл ретте респонденттердің өтініш беру деңгейі айтарлықтай төмен. Ақмола облысында ауыл тұрғындары «озық» және іс жүргізу, салық салу және өнімді өткізу мүмкіндіктері туралы өз білімдерінің жетіспеушілігінен кедер­гілерге тап болатынын айтады.

«Біздің оқу бағдарлама­ларымызға деген сұраныс соңғы жылдары айтар­лықтай өсті. Ауыл әйелдері эко­номи­калық қиындықтарға, инфра­құ­ры­лым­ның жетіспеушілігіне, әлеу­меттік-психологиялық кедергі­лерге және басқа да кедергілерге қарамастан жұмысқа орналасу мен табысты арттыру мәселелерін шешуді белсенді түрде іздейді. Біз ісін жаңа баста­ған кәсіпкерлерге, сенімді болуға көмек­тесеміз, біріншіден, бизнесті оқыту үшін онлайн-ресурстарды дамытуға, екіншіден, мотивациялық қолдау көрсетуге, «Белестері» жобасына қатысушылардың табысты тәжірибесінің мысалдарын таратуға ұмтыламыз», – деді «Әлеуметтік динамика» қоғамдық қорының директоры Елена Ожго.

«2022 жыл «Белестері» жобасы үшін ерекше, мерейтойлық жыл екенін қуана хабарлаймыз. 1-ші нау­рыздан бастап жобаның 10-шы маусымы басталды, ол екі бағыт бойынша оқытуды ұсынады. «Жаңадан бастаушыларға арналған бизнес негіздері» және «Жеке қосалқы шаруашылықтар». Оқыту онлайн режимінде қолжетімді. Жобаға бірыңғай кіру ccb.kz сайты арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ онда әйелдер арасындағы үздік бизнес-идеялар байқауына өтінім­дер қабылдау басталады. Биыл «Coca-Cola Белестері» байқауының жеңімпаздарын 20 грант күтіп тұр, олар ауыл әйелдерінің мерейтойлық 5-форумында табысталады, – деп мәлімдеді «Жасыл экономика және G-Global дамыту Коалициясы» ЗТБ атқарушы директоры Асхат Сүлейменов.

«Coca-Cola Белестері» жобасы 2012 жылы «Әлеуметтік динамика» қоғамдық қорының бастамасымен және The Coca-Cola Foundation халықаралық қайырымдылық қоры­ның қолдауымен басталды. 2013 жылдан бастап жобаға серіктес – «Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту Коали­циясы» ЗТБ қосылды. Тарап­тардың күш-жігерін біріктіре отырып, жоба Қазақстанның барлық өңірлерінен жұмыспен қамтылма­ған әйелдерді кәсіпкерлікке оқыту бағдарламаларына тарта отырып жұмыс істейді.

Былтырғы жылдың қорытын­дысы бойынша 50 мыңнан астам әйел оқытылды, конкурсқа қатысу­ға мыңдаған өтінім берілді, 97 әйел өзінің алғашқы бизнесін ашуға грант алды.

Жалпы статистика бойынша елі­мізде 4 миллионға жуық әйел ауылда тұрады екен. Елді-мекендердегі әрбір оныншы отбасы қарттардың зейнетақысына және балаларының жәрдемақысына күн көреді. Сол үшін жыл сайын әйелдер арасындағы кәсіпкерлікті дамытуға басымдық берілу мәселесі көтеріліп отырылуы орынды.

Салтанат ҚАЖЫКЕН

2100 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы