• Аграрлық аймақ
  • 10 Наурыз, 2022

АҒАШ ЕГУ – САУАПТЫ ІС

Алматыда Момышұлы көшесіндегі АвтоХҚКО-ға барар жолда орналасқан «Қарағай орманы» экобағы аумағында дәстүрлі ағаш отырғызу шарасы өтті. Акцияның ұйымдастырушысы – кезінде экобақ құру туралы бастама көтерген ECO FUND TABIGAT.

Көшет отырғызу көктемгі Наурыз мейрамына орайлас­тырылып, Жасыл экономика басқармасы мен Алатау ауданы әкімдігінің қолдауымен, Қазақстанның көгалдандыру қауымдастығымен бірлесіп жүргізілді. Акцияға қазақ­стандық бизнес өкілдері де белсенді қатысты. Электроника мен тұрмыстық техниканы сату бойынша оңтүстік өңірдің көшбасшысы «Evrika», «KUSTO Group», «Global food CORPORATION», «Saba Group», «EPS Group Kazakhstan» және басқа да компаниялар көшет отырғызу жобасын белсенді түрде қолдап келеді.

Еске сала кетсек, «Қарағай орманы» экобағын дамыту жобасы екі жыл бұрын бас­талды, ол кезде белсенді азаматтар­дың қатысуы­мен алғашқы 33 қарағай отырғызылды. Өткен уақыт ішінде жобаға тек қоғам мен еріктілер ғана емес, бизнес, жоғары оқу орындары, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар да өз назарын аударды. Бүгінгі таңда «Қарағай орманы» аумағында 6000-нан астам ағаш өсіп тұр. Әсіресе, жасыл желектердің жерсіну пайызы 100% құрағаны көңілге қуаныш ұялатады. Сөйтіп, бақта егілген көшет саны жоспарланған 35 мың ағашқа жуықтап келеді. Ұйымдастырушылар бірнеше жылдан кейін, кеше ғана полигон болған жерде қаланы оттегімен байытатын орман өседі деп үміттенеді. Қазірдің өзінде «Қарағай орманы» қала үшін қосымша 219 тонна оттегі өндіреді, 197 тонна көмірқышқыл газын сіңіріп, 120 тоннаға дейін шаң ұстайды. 

Экоактивистер қала аума­ғын көгалдандырудың өзекті мәселесін бірнеше рет атап өтті. Мәселен, жоба басында бұрын ECO FUND TABIGAT жүргізген жеке зерттеу жасыл көшеттердің Алматыда ДДҰ нормалары талап еткен мөлшерден 4 есе аз екенін көрсетті. Жуырда болып өткен таза ауаны қолдауға арналған митингте келесі статис­тика келтірілген: соңғы жылдары бірнеше ондаған мың адам өкпе ауруына шалдыққан. Бұл таңқаларлық жайт емес, өйткені ауа сапасын өлшейтін портативті датчик, митингке қатысушылардың бірінің айтуынша, РМ2,5 деңгейі бойынша БҰҰ нормаларынан 5 есе асып түседі  – 125 жоғарғы шекті мәнге қарсы 144. PM2,5 бөлшектері – қалқыма қатты микробөлшектер және ауадағы сұйықтықтың ең ұсақ тамшыларынан құрайды. Ірі бөлшек­терден айырмашылығы, олар биологиялық кедергілерді жеңе отырып, организмге келіп түседі, сондықтан адам ден­сау­лығына қауіп төндіреді. Бұл фактіге жоба бастамашылары үш жыл бұрын қоғам мен билік өкілдерінің назарын аударға болатын. Митингке қатысқан «Табиғат» экологиялық одағының басшысы Мэлс Елеусізов атап өткендей, Алматыдағы ауаның ластануы өте қауіпті деңгейде.

«Кеңес заманында КСРО Ғылым Академиясын­да қа­ланың экологиялық сыйым­­­дылығы 700 мың адам, одан асыруға болмайды деп анық­талған болатын. Қазір Алматыда үш миллионға жуық адам тұрады, қала қарқынды өсіп келеді. Ауылдарымыздың жағдайы нашарлап, тұрғындар күнкөріс қамымен қалаға аттануда. Күн сайын Алматы көшелерімен миллионға жуық көлік жүріп өтеді. Кептеліс көп, қозғалыс жоқ, ал бос жүрісте тұрған кезде шығарындылар өте көп болады. Мұның бәрі қаламыздың экологиялық климатына кері әсерін тигізеді», –  деді табиғат жанашыры, белгілі эколог Мэлс Елеусізов.

Қазіргі таңда «Қарағай орманы» экобағында біздің отан­дық тәлімбақтарда өсірілген кәдімгі қарағайдың 330 көшеті отырғызылды. Қарағайдың пайдасы туралы, тіпті, ойланудың қажеті жоқ. Көптеген санаторийлер мен демалыс үйлері қарағай ормандарының жанында орналасқаны бекер емес. Мұның қылқан жа­пырақтардың көп мөлшерде фитонцидтерді – ауру тудыратын бактерияларды жоятын заттар шығаратындығына байланысты болып келеді.

Жобаның барлық қатысу­шыларының мақсаты экобақ құру ғана емес, экобақты одан әрі белсенді дамыту болып табылады. Сондай-ақ жобаны іске қосу кезінде уәде етілгендей, экобақта көшеттерді уақтылы суару жұмыстары тұрақты жүр­гізіледі.

«Біздің компания қаланы көгалдандыру жобасы­на 2020 жылы қолдау көрсетті, біз экобақ ұйым­дас­­ты­ру­шыларымен белсенді ынты­мақтастық­ты жалғас­тырып келеміз. Қазіргі таңда біздің жалпы көшеттеріміздің көз алдымызда жайқала өсіп келе жатқанын, қағаз бетін­дегі жобадан қаланың жасыл қорының маңызды бөлі­гіне айналғанын көру көңіл қуантады. Бұл біз бен сіздер­дің денсаулығыңыз және Алма­тының жалпы экология­лық жағдайы үшін зор пайда әкеледі. Сондықтан да біз «Қарағай орманын» дамыту­ға тікелей қа­тысуды жалғас­тырудамыз», – деп атап өтті «Evrika» компа­ния­сының коммерциялық дирек­торы Данияр Сасықов.

САЛТАНАТ ҚАЖЫКЕН

495 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы