• Бизнес & Қоғам
  • 10 Наурыз, 2022

Санкция салмағы: сақтықта қорлық жоқ

Жетпісбай Бекболатұлы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
профессоры
e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz 

Барыс жылында қиын-қыстау оқиғалардың мол болатындығы жөнінде тап басып айтып кеткен халқымыздың данышпандығына соңғы екі айда көзіміз әбден жетті. Шығыс Еуропада еш себепсіз соғыс қимылдарын бастаған Ресей бел қайыстырар санкция астында қалды. Құдайы қоңсымыздың бұқаралық ақпарат құралдары көңілге күдік ұялатып, жанды жабырқатар хабарлар тарата бастады. Мәселен, «Эхо России» қоғамдық-саяси интернет-журналы «Ресей КСРО-ның ыдырауына әкелген 80-жылдар аяғындағы дағдарыспен парапар әлеуметтік-экономикалық апаттың алдында тұр» десе, РИА Новости агенттігіне сұхбат берген Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков «Қазір Ресей экономикасы төтенше жағдайға тап болды, төтенше шаралар қажет»,  деп дабыл қағуда.  «Түйені жел шайқаса, ешкіні аспаннан көресің» дегендей, бұл айтылғандардың Қазақстанға тікелей қатысы бар. Сақтықта қорлықтың жоқтығы аян, сондықтан қамсыз қалмай, іргені қымтау қажеттігі даусыз.  
Ең алдымен елдің көршілеріміздегі ахуал туралы хабардарлығын арттыру керек. Мәселен, ресейлік журналистер «Соғыс басталып, халықаралық санкциялар салынғанына екі аптадан аз уақыт өтсе де шектеу шаралары  қатайып, рубль құнсызданған сайын дүрбелең күшейе түсуде. «Ашан», «Перекресток», «Пятерочка», «Лента» сияқты ірі сауда желілері Индустрия және сауда министрлігінің нұсқауымен әлеуметтік маңызы бар деп аталатын өнімдерді сатып алуға немесе тапсырыс беруге шектеу қойды. Қазірдің өзінде жарма, шай, кофе, қант, ет және балық консервілері, кір жуғыш ұнтақ, дәретхана қағазы, сәби жөргектері санап берілуде» деп жазуда. Ірі азық-түлік желілерінің дүкендері бірқатар тауарларды бір адамға сатуды шектей бастады. Мәселен, бір қолға 2 дана тазартқыш, 10 данаға дейін дайын кеспе мен ет консервілерін сатуға рұқсат етілген. Қант, қарақұмық және тауық етіне шектеу енгізілді – бір уақытта бес данадан артық сатып алуға болмайды. Дүкенде бұл шешім «алыпсатарлық сұраныспен» және «сөреде маңызды өнімдер мен азық-түлік емес тауарлардың болуын» қамтамасыз ету қажеттілігімен түсіндіріледі. Жол қиылысында да тауарды сатуға шектеу қойылды. Кейбір сөрелер бос, бірақ дүкен қызметкерлері айтқандай, бұл сатып алушылардың «бәрін алып кетіп, жұмысшылардың тауарды залға әкеліп үлгермеуіне» байланысты болып отыр. Мұнымен қатар банк төлемдері саласындағы Visa және MasterCard халықаралық төлем жүйелері 6 наурыз, жексенбі күні Ресейдегі барлық операцияларды тоқтатқанын хабарлады. Бұл бүгін, 10 наурызға қараған дәл түн ортасында ресейлік банктердің барлық Visa және MasterCard карталары тек Ресейде жұмыс істейтінін білдіреді. Шетелде төлемдер мен сатып алулар үшін Ресейден басқа Түркия, Вьетнам, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Оңтүстік Осетия және Абхазия сияқты елдерде пайдалануға болатын «Мир» картасы ғана ресейліктерге қолжетімді болады. Орталық банктің клиенттердің шетелдегі жақын туыстарына аударым сомасын 5 мың долларға шектегені жөніндегі жағымсыз жаңалық жалғыз емес. www.KP.RU сайтына соңғы бес жыл бойы Монакода тұрақты тұрып жатқан тележүргізуші Виктория Боняның қазір ол жақтағы ресейліктердің қандай күйге тап болғанын айтып берген оқиғасы назар аударуға тұрарлық. Модель еуропалық билік  Кот-д’Азурға қоныстанған ресейліктерді елден белсенді түрде қуа бастағанына шағымданады. Викторияның айтуынша, билік ресейлік азаматтардың құжаттары мен тұрғылықты жеріне қатысты ықтиярхаттарынан айырып, олардың банк шоттарын бұғаттап жатыр (www.kp.ru/daily/27373/4554889). Президент Владимир Путин болса шенеуніктердің банктегі сомасы соңғы үш жылдағы ресми кірістен асып кетсе және қаражатты алудың заңдылығы расталмаса, олардың шоттарынан ақша өндіруге рұқсат беретін заңға қол қойды. 
Шекаралас мемлекеттегі соңғы оқиғаларды қас қақпай қадағалап отырған қазақстандық сарапшылар билік орындарына да, халыққа да етек-жеңді жию жөнінде кеңес айтуда. «Караван» газетіне берген сұхбатында профессор Рахман Алшанов «Қазақстанмен сауда көлемі бойынша Ресей Еуроодақтан кейін екінші орында тұр. Рубль құлдырады. Еуропа мен АҚШ нарықтарын жауып жатыр. Ресей түбінде өз тауарларын Қазақстанға жаппай шығарады. Шекараны жаба алмайсың, тауар ағынын тоқтата алмайсың. Онсыз да өлмешінің күнін көріп келе жатқан бизнесіміз қызу бәсекеге тап болмақ. Бизнес қалай өмір сүреді, салықты кім төлейді?» деп  сауал тастайды. Ал, қаржы маманы Айбар Олжайдың пайымы бөлек. «Суверенді рейтинг өз орнында қалды және енді теңге керісінше күшейетін болады. Жалпы біздің болашағымыз мықты. Кеше мен бүгін өте жақсы екі сигнал алдық» деп көңіл демдеген Айбар мырзаның болжамын назарларыңызға ұсына кетейін. «Бірінші сигнал Ұлыбританиядан келді. Олар санкция салу туралы жоспардың жоқтығын айтты. Бұл жерде Лондонның бүкіл Батыстың атынан сөйлеп тұрғанын ескеру керек. Демек, біздің елдігіміздің басты қатері – санкцияның іргесі аулақ. Екінші сигнал да майдай жақты. S&P Қазақстанның суверенді рейтингін растады және «ВВВ-тұрақты» деңгейінде қалдырды. Демек, инвестициялық рейтингіміз өте жақсы және бізге деген халықаралық инвесторлардың сенімі жоғары болады. Одан бөлек, S&P болжамы бойынша жаз айларынан бастап біздің теңге қайтадан күшеюі тиіс. Экономикамыз биыл 3,6 пайызға өседі. Инфляция 5 пайызға төмендейді. Бұл тұрғыда бізге релокация бойынша үлкен келешек ашылып отыр. Ол – Ресейден кеткен Тойота, Ниссан, Danone, IT индустрия сияқты өндірістік брендтерді бізге тартуға қатысты. Егер Тоyota Camry Қазақстанда жиналатын болса, біздің экономиканы ештеңе де тоқтата алмайды… 2022 жылдың қортындысы бойынша экономикалық жағынан Қазақстан ТМД-дағы ең мықты мемлекетке айналуы мүмкін». Ықтимал болжамдардың бірін ұсынған білікті маманның астына тай, аузына май ұсына отырып, байқаусызда бармақ тістемеуді, қапыда қалмауды қарастырғанымыз абзал.

2139 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы