• Қаржы
  • 10 Наурыз, 2022

Биліктің көмегі қаншалық тиімді?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 3 наурызда Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің отырысында халық пен бизнеске қолдау көрсету қажеттігін айтты. Атап айтқанда, президент Ресейге қарсы санкциялардың Қазақстан экономикасы салаларына тигізер әсеріне тыңғылықты талдау жасауды тапсырды. Сондай-ақ кәсіпорындарға, қажет болған жағдайда халықтың жекелеген топтарына да қолдау жасау шараларының топтамасын дайындауды міндеттеді.

Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штабқа алпыстан астам кәсіпкерден өтініш түскен. Қазақстандық бизнесмендер ұшырас­қан негізгі мәселе – логистика, дейді білікті мамандар мен сарапшылар. Ал үкіметіміз қазақстандық экономика қазірдің өзінде бетпе-бет келген және әлі алда жолығуы мүмкін қатерлерді қарастырып жатыр, делінген баспасөз орталығы таратқан хабарламада.

Қазақстанның 20 ірі компаниясы Украинаға тауар экспорттайды екен. Былтыр осы елмен тауар айналымы 1 миллард доллардан асқан. Ал еліміздің неғұрлым тығыз экономикалық байланыстағы Ресеймен тауар айналымы 25 миллиард долларды құрапты.

Дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыру мақсатында құрылған штаб қазақстандық экономика үшін шығындарды мейлінше азайту жолында жұмыс жасайтын болады. Штаб мүшелері­нің айтуынша, тасымалдаудағы іркілістерден, төлемдерге қатыс­ты қиыншылықтардан өзге Ресейге қарсы санкциялар туындатуы мүмкін зардаптардың ең қауіптісі – отандық өндірістің дамуына қатер төндіретін шамадан тыс жоғары импорт болуы әбден мүмкін. «Ресей Федерациясынан Қазақстан аумағына төмен бағамен импорттық тауарлар енгізілуі бойынша қатерлер пайда болуын байқап отырмыз, – дейді «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасы төрағасының міндетін атқарушы Нариман Әбілшайықов. – Бірінші кезекте бұл мәселені ауыл шаруашылығының, тамақ өнеркәсібінің қызметкер­лері көтеруде. Бұл мәселелер, әрине, көбінесе біздің бизнесті толған­дырады».

Транзит мәселесі уақытша сипатта өрбуде, дейді штаб мүшелері. Еуропадан жүктерді жеткізу енді Иран, Әзербайжан және Түркия арқылы жүзеге асырылатын шығар.

Экономист Айдархан Құ­сайыновтың пікірінше, ұлттық валютаның бағамын жасанды түрде қолдау сияқты көрінетін бұл санкциялар Қазақстан үшін қорқынышты емес. «Бұл санкциядан туындап отырған мәселе емес. Бұл біздің өз экономикалық саясатымыздың мәселелері, – деп атап көрсетеді Айдархан Құсайынов. – Санкциядан біз жапа шеге қоймаймыз, ал нақ осы  экономикалық саясатымыздан қай салалар зардап шекпек? Барлық қайта өңдеуші салалар зардап шегеді. Айтпақшы, жалақылар да зардап шегетін болады».

Үкімет қазір жағдайдың опти­мистік те, пессимистік те даму мүмкін­діктеріне дайындық жасау­да.

БИЛІК БАҒА ӨСУІН ҚҰРЫҚТАУҒА ТЫРЫСУДА

Алматы әкімдігінде доллар­дың жаңа бағамы салдарынан бағалардың өсуін қандай тәсілдермен тұзақтау қолға алынғанын айтты. Оны мұндағы айырбастау пункттерінде 520 теңгеден сатып жатыр. Шенеуніктер ірі сауда жүйелеріне жеңілдетілген қарыздар беруді және бағаларды аспандатуды көздеген делдалдармен күресуді жоспарлаған.

Биліктегілердің айтуынша, ай­мақтық комиссия азық-түлік тауарларына баға белгіленімінің тізбегі бойынша делдалдық сұлбаны тексерумен айналыспақ. Прокуратура алматылық «Алтын Орда» базарын да тексереді.

Азық-түлікке бағаларды айна­лым­дық қарыздармен қалыпты деңгейде ұстау қарастырылған, бұл – ақшаны аз мерзімге алып, айналымға жіберу, сөйтіп, оны тез қайтарып алу деген сөз. «Айналымдық қарыздар аясында бағаларды тұрақтандыруға қаламызда 11 миллиард теңге бөлінді, қазір соның 7,5 миллиард теңгесі жұмыс істеп жатыр», – дейді Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы  басшысының орынбасары Ерлан Омаров.

Нарықтың ірі қатысушылары әлеуметтік маңызды тауарларға бағалар тиянақтауды растады. Ал басқа ұстанымдар бойынша жағдай тұрақсыз күйде қалып отыр. «Біріншіден, теңгенің құбылмалылығы әсер етті, теңге бағамына барлық импорт та, заттардың құны да тәуелді. Қазақстандық тауарлардың көпшілігі: қаптамалар да, техника да, құрамдас бөлшектер де импорттық мәнге ие, – дейді Magnum компаниясының PR-менеджері Дмитрий Шишкин. – Екіншіден, бізде жеткізіп беру тізбегі де бұзылды, өйткені, импорт негізінен Ресейден келетін-ді. Қазір біздер жаңа жеткізіп беру тізбегін іздестірудеміз, өкінішке орай, келешекте бұл да бағаға салдарын тигізуі мүмкін».

Логистиканың қиындауы, өндірістің тоқтап қалуы, жеткізіп беру тізбегінің үзілуі – осының бәрі тауар құнын қымбаттатады. Экономист Әсет Наурызбаев­тың айтуынша, қазір дағдарысқа қарсы талқылауға бизнес-кәсіпорындардың жетекші менеджерлері қосылуы тиіс. Бір ай мерзімде болашақтағы қауіп-қатерді жедел басқарып отыру үшін дағдарыстық үлгіні үйлестіру қажет.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР АӘК АЛА МА?

Коронавирус салдарынан жарияланған төтенше жағдай кезінде 42 500 теңге таратылғаны сияқты қандай да бір жәрдемақы жаппай төленуі мүмкін бе? Бұл сауалға Әлемдік экономика және халықаралық қатынастар инсти­тутының директоры Әкімжан Арупов жауап берді. «Біздің елімізде атаулы әлеуметтік көмек, менің түсінуімше, онша қолайлы емес. Естеріңізде болса, төтенше жағдай кезінде халықтың еңбекке қабілетті 8,5 миллионының ішінде 5 мил­лионға жуығы көмек көрсетуге өтініш берген. Менің пайымдауымша, халық пен бизнесті қолдауға мемлекеттің басқа да құралдары бар», – дейді сарапшы.

Әкімжан Аруповтың пікірінше, Қазақстанның ірі бизнесі біршама орнықты, осы ретте дәл қазір оған шағын және орта кәсіпкерлік пен халықты қолдауда жауапкершілік жүктеледі. Сарапшының пайымдауынша, қазіргідей күрделі жағдайда бай адамдар бұрынғыдан да көбірек салық төлеулері керек.

ИСА ҚАМБАР

2079 рет

көрсетілді

2

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы