• Кәсіпкерлік
  • 10 Наурыз, 2022

ҚАЗАҚСТАН МЕН РЕСЕЙ САУДАСЫНДА ӨЗГЕРІС БОЛА МА?

Немесе біздің ел көлік секторын, тамақ пен құрылыс өндірісін қорғауы тиіс, дейді сарапшылар

Ресейдің Украинаға басып кіріп, соғыс ашуына жауап ретінде Батыс елдері Ресейге санкциялар сала бастағанын әлем көріп отыр. Ал осыдан кейін Ресей мен Қазақстанның сауда қатынасы тарабында қандай өзгеріс болуы мүмкін?

Ресейге салынатын жаңа санкциялар оның экспорт әлеуетіне әсер етеді. Импорт қоржыны 40% орыс тауарынан тұратын біздің ел олардан ішінара немесе толық бас тарта бастауы ықтимал. Олай болмаған жағдайда, сауда теңгерімсіздігіне орай рубльмен тарихи байланысы бар теңге бағамының күрт әлсіреуінен басталатын жаппай кедейлік еліміздің төріне шығып алуы әбден мүмкін. Әйткенмен Ресей санкциялық шикізат пен техника үшін транзит буферін жасап, Қазақстанның көмегімен өндірістің құлдырауын болдыртпауға тырысады.

Батыс елдерінің Ресейге қарсы санкциялары жарияланған соң Ресей экономикасы жаппай құл­дырай бастады. Өткен апталардан бастап бір долларға 100 рубльден жоғары бере бастады. Ресей біртіндеп жаһандық импорт-экспорт тізбегінен ажыратылып, ал жергілікті импорттаушыға тауар әкелу қиынға түсе бастайды. Санкция шектеуіне орай шетел компания­лары Ресейдегі жұмысын жаппай тоқтатады.

Батыс өндірісті қолдауға қажет тауардың Ресейге арналған экспортын үзіп тастайтын сценарийді жүзеге асырса, онда өнімнің құны тіпті шарықтап кетеді. 

Ресейдің біздің елге жасайтын импорт көлемі соңғы жылдары $14 млрд болып келді, ал Қазақстан болса, Ресейге бар болғаны $5-6 млрд шамасында ғана тауар жіберген.

Қалыптасқан сауда теңгерім­сіздігінің салдарынан рубль бағамы қазақстандық өнімнің бағасын белгілеудегі іргелі фактордың бірі болып тұр. Рубльдің девальвация­сы Ресей өніміне сұраныстың артуының алдын алу және сол арқылы жергілікті өндірушіні қорғау үшін теңгені әлсіреуге итермеледі.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров өткен аптада Ресей экономикасындағы жағдай Қазақстан ішіндегі инфляцияға қысым көрсетіп отырғанын айтты. Бізде де жауап ретінде бірнеше сценарий бар екені белгілі болды, десе де, олар көпшілік назарына ұсынылған жоқ. Қуан­тыров болса, Ресейге қарсы санк­цияның күшейтілетінін жоққа шығармайды.

Бірақ Ресейдің Қырымды қосып алғаннан бері кейбір санкцияларға түскен кезінен бастап, яғни Ресейдегі экономикалық жағдайдың сегіз жылы бойына елімізге жанама әсер еткеніне қарамастан, Қазақстанның өндірістік сипатта да, логистикалық сипатта да өзінің позициясын бермегенін атап өткен ләзім. Экономика министрі еліміздің бұл жолы да  мүмкіндіктері бар екеніне сенімді.

– Санкциялар Ресей мен Қазақ­станның сауда қатынасын түбегейлі өзгертеді, әуелі бұл Ресейден келе­тін импортқа әсер етеді, – дейді Мәскеудегі Карнеги орталығының ғылыми қызметкері Темур Омаров.

– Ресейден импорттың азаятыны анық. Ресейлік кәсіпорындар шетелдік шикізатты, жабдықтар мен технологияларды әкелерде үлкен қиындыққа тап болады.

Экономист Алмас Чукиннің айтуын­ша, қазіргі жағдайда Қазақстан рубльге қарап теңгені әлсіретуге жол бере алмайды, өйткені ел  жаппай кедейленіп кетеді.

– Қазір біз теңге бағамын рубль факторынан алыстату мәселесін шешіп алуға жақындап келеміз. Ал еуромен, доллармен тепе-теңдікті жоғалтпаймыз, өйткені Еуропа – біздің басты саудадағы серіктесіміз, – дейді ол.

Осыған қарамастан, Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақ шеңбе­рінде ашық шекара болғандық­тан Ресей импортынан бас тарта алмайды. Чукин әлемдік нарыққа жолы жабылған соң ресейлік өндірушілер импорт тауарын Қазақстан арқылы әкеле алатынын атап өтті.

Соған қарамастан біздің ел Ресейден үнемі сатып алатын механика­лық құрылғы, қосалқы бөлшек секілді түрлі жабдық импортын қысқарта алады, деп санайды Темур Омаров. Тауардың осы санаты нарықта қалса да, Ресей өндірушілері жабдықтарға қосалқы бөлшек жасау барысында қиындыққа тап болуы мүмкін.

Ресей өнімдерінің жаппай қым­баттауы Ресейден келетін импорттың азаюына ықпал етеді. Бұған әкелетін бірінші фактор – рубль бағамының төмендеуі. Екінші фактор – өндірісті ұйымдастыруға қажетті барлық тауар­ды Батыс елдерінен жеткізу құны­ның өсуі. Бұл қазірдің өзінде болып жатыр: Германиядан Ресейге бір контейнерді тасымалдау құны соңғы бірнеше күнде үш еседен астам, яғни 10 мың еуроға дейін өсті, оның ішінде бейресми түрде жұмыс істейтін «әскери алым» («war fee») да бар. Жүк Қазақстан арқылы өтеді, бір машина үшін мемлекетімізге шамамен 600-700 еуро салық төлейді.

Ресей енді Батыстан келетін түрлі жабдықты қытай затымен алмастыра бастауы мүмкін. Ал аналогтарын таба алмаса, АҚШ-тан, Еуропадан келетін тауарды Қазақстан арқылы әкелуге мүмкіндігі бар. Бұл ретте ондаған жылдар бойы санкция астында қалған Иран елін мысалға келтіруге болады.

– Шектеудің қатаңдығына қара­мастан Ресейге импортты Қазақ­стан арқылы да жасауға болады. Ол бұлардың ресми сатып алушысы болмақ, бірақ содан кейін Иран тарапына сатылады. Сонымен бірге еуропалық өндірушілер өзінің тауарын кімге және қайда сататынын алдын-ала біліп отырады. Ресеймен жұмыс істеуден қашпаймыз. Оның басты контейнерлік операторы – алты жылдан бері санкциялар салынып келе жатқан Трансконтейнер компаниясы. Осы уақыт ішінде ол түрлі елде өзінің еншілес компаниясын ашты. Кезкелген жағдайда жұмыс істеп келе жатыр бұл компания, тіпті Жапония­дан да, Қытай кемелерінен де тауар жеткізеді, – дейді Темур Омаров.

Қазір Ресейдің логистикалық жүйесі қайта конфигурациядан өтіп жатыр. Ресейге өнеркәсіптік тауарды жеткізуге басты кедергі теңіз тасымалына тыйым салу болды. Сондықтан жүкті елге тек Қазақстан теміржолымен немесе автокөлікпен тасымалдауға тура келеді. Егер жақын арада теңіз арқылы тасымалдау қайта ашылмаса, Ресей өте қиын жағдайға тап болады, өйткені Ақтаудың логис­тикалық қуаты оның қажетіне толық жауап бермейді.

Ресей өндірісте әлі қиындықтарға тап бола қоймады. Ресейден Қазақ­станға қазір дайын өнім жеткізуде проблема жоқ, деп хабарлайды Magnum сауда желісінің баспасөз қызметі.

Дегенмен Oasis Group Distribution компаниясы келетін жүктің әдет­тегіден баяу жеткізілетінін айтып отыр. Әсіресе бұл тұрмыстық химия мен гигиеналық құралдарға қатысты. Бірақ бұл әзірге өнімнің өзіндік құнына әсер етпейді екен.

– Біздің мемлекет тамақ өнеркә­сібін, көлік секторын және құрылыс материалдарын өндірушілерді қорғауға тиіс. Мұны тауарды әкелуге квота немесе шектеу белгілеу арқылы реттеуге болады. Ресей бізге қысым көрсетуі мүмкін, бірақ ол ұзаққа созылмас, – дейді Алмас Чукин.

Тәуекел Бақаш

579 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

TENGE MONITOR №15

15 Сәуір, 2021

Жүктеу (PDF)

Редактор блогы

Рымтай сағынбекова

“TENGE MONITOR” газетінің Бас редактордың міндетін атқарушы